• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қазан, 2019

Ақтөбеде жыл басталғалы кинологтардың көмегімен 270 қылмыс ашылған

328 рет
көрсетілді

Қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған иттің адамның ежелден досы екені, әсіресе аталған жануарды адамдар түрлі мақсатта пайдаланатыны баршаға белгілі. Еуропа елдерінде жан күйзелісіне ұшырағандарды емдейтін арнаулы орталықтардың негізгі «жұмысшылары» да — осы төрт аяқтылар. Біздің мемлекетте бұл соншалықты дами қоймағанымен, есесіне, кинологтық қызмет орталығының жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Біз полицейлердің қолғанатына айналған неміс овчаркасының бір күндік тіршілігімен танысып, оның иесін әңгімеге тартқан едік. Әңгіме барысында қоғамдық тәртіпті сақтауға айрықша үлес қосатын төбеттерді күтіп-баптау жайына да қанық болдық.

Кинолог Ғабит пен жеті жастағы Сэнди

Ақтөбе облыстық Полиция де­пар­та­ментіне қарасты киноло­гия­лық қызмет орталығының аға инс­пек­торы Ғабит Жүсіповтің (суретте) осы салада еңбек еткеніне 7 жыл толған. Қазіргі таңда полиция капи­та­нының қарауында 3 қызметтік ит бар. Солардың арасынан Сэндидің орны бөлек. Өйткені неміс овчаркасы кинолог алғаш жұмысқа кіріскеннен онымен бірге «жасасып» келеді.

– Осы орталыққа келген бо­йда басшылық қолыма бірден неміс овчар­касының күшігін табыс­та­ды. Іле-шала екеуміз 3,5 ай уақыт аралығында Алматыдағы кино­ло­гия­лық орталықта адам ізін кесу бойынша арнаулы курстан өттік.

Менің Сэндиім қашып бара жат­қан күдіктіні ұстауға, иіс арқы­лы қыл­мыскерді анықтауға машық­тан­ған. Жалпы, жануардың тұқымына қарай оның кинологиядағы бағытын бағдарлауға болады. Мысалы, неміс және бельгиялық овчаркалар тірі жанмен «жұмыс істеп», жарылғыш заттарды да таба алса, лабрадор мен спаниельдер есірткіні іздеуге жұмылдырылады. Бұлардың барлығы Ақтөбенің климатында өмір сүре алады, ыстық пен суыққа шыдамды. Менде неміс овчаркасынан басқа, тағы екі ит бар. Бірақ бағыты бөлек, олар есірткі мен жарылғыш заттарға «өш», дейді әңгімелесушіміз.

Ақтөбе қаласының іргесінде орна­ласқан орталықты мекендейтін Сэн­ди­дің «жұмыс уақыты» таңғы сағат 8-де басталады. Алдымен итті кинолог пен мал дәрігері жіті тексеріп, 30-40 минутқа жазық жерге бой жазуға жібереді. Сосын 1-2 сағатқа созы­латын жаттығу жұмыстары жүргі­зіледі. Одан кейін, әрине жануар­мен түрлі ойындар өткізіледі. Осы процеске куә болған біз – фотограф екеу­міз иттің ойынға ерекше ықыласты екеніне, иесінің әр пәрменін бұлжытпай әрі тез орындайтынына куә болдық. Ол да бала сияқты: көңіл бөлгенді, еркелетіп-еміренгенді жақсы көреді... Кейін бұл 1 күнге жалғасатын кәнігі қызметке ұласады. Тәулік бойы кезекшілікке шыққан үйретілген ит иесімен бірге келесі күні демалады. Бұл әр кинолог бір айда 15 күн қоғамдық тәртіпті қорғап, сонша мерзім тынығады деген сөз.

Иттің азығы күніне екі рет – таң­ер­­­тең және кешке құрамы дәру­мен­­­ге бай, арнаулы жем, суымен бір­ге беріледі. Азықтың бір күндік мөл­шері – 510 грамм. Осы ретте барлық талап-бұйрықтарды мүдірмей орындағанда қызметтегі серігін қалай еркелететіні жөнінде Ғабиттің өзі:

– Өзін жақсы жағынан көрсет­кен­де, түрлі тағамдар ұсына­мын. Мысалы, итіме анда-санда сүйек, шұ­жық әкелемін. Сол сияқты кейбір әріп­тестерім етті пісіріп, соны ұсақ­тап береді. Кейбіреулер үйінен печенье тасиды...

Бұл жерде кинология қызметінің ұжымдық жұмыс екенін ұмытпаған жөн, нәтиже бір-бірімізге тікелей байланысты. Мәселен, жыл басынан бері Сэндидің араласуымен 2 қылмысты толық аштық. Осының өзі – жақсы көрсеткіш. Тергеу амалдарына көмектесетін кездері де көп. Қалалық жерде күдіктіні іздеп табу өте қиын. Көпшілігі көлікпен қаты­найды – соның салдарынан заң бұзу­шы­ның иісі оқиға болған орынға қажетті деңгейде «сіңбейді». Ал жаяу жү­ріп заң бұзғандарды іздеуге келгенде әңгіме басқа, деді.

Итті аптасына 2-3 рет жуындырып, күтімін жасап, сол арқылы грумердің де міндетін атқаратын Ғабит есінде қалған қызықты оқиғаның жоқтығын, тосыннан ештеңенің болмайтынын айтады. Өйткені мұнда қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады, бәрі жос­пар­ға сай жүргізіледі. Бауырын енді көтергеннен асырап-бақса да, ит үйретуші мамандар хайуанның аты – хайуан екенін бір сәтке де естен шығармайды. Десе де, бауыр баспай бәрібір тұра алмайсың...

– Иттер 8-10 жасқа дейін сап тү­зеп, қатардан қалмайды. Қартайып, ден­­саулығы сыр бере бастаса, арнайы комис­сияға салынады. Ондағылардың сынынан өтсе, қызмет ету уақыты ұзар­тылады. Ал оған жарамаса, дәрі бері­ліп, мәңгілік ұйқыға кетеді... Сэн­диім әзірге сергек, бойында шар­шау бай­қалмайды. Физикалық жағ­да­йы қызметке сай келмей қалса, үйге біржолата алып кетуге болады. Бірақ мен көпқабатты үйде тұрамын, қанша қимасам да асырайтын жерім жоқ. Әрі ол туралы ойлағым да келмейді, әлі ерте, – деп сыр ақтарды 31 жастағы кинолог.

Жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда, Ғабит қарауындағы иттерді кинологиялық қызмет орта­лы­­ғына қалдырады. 30 күн оларға сондағы мамандар тек күнделікті азығын беріп, күтімін жасайды. Төр­таяқ­тылар басқаның пәрменіне құ­лақ аспақ түгілі, ол өткізген жат­ты­ғуларды да орындамайды. Адал жануардың иесі ұзақ демалыстан кейін орталыққа оралғандағы жағ­дай­ды сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек көру керек! Есту мен иіс сезу қабілеті ерекше дамыған иттер иесін бірнеше шақырым жерден сезіп, түрлі дауыстар шығарып, қысқасы, балаша мәз-мейрам күй кешеді екен.

 Қылмыстың барлық түрін ашуға қатысады

Ақтөбедегі кинологиялық қыз­мет орталығының басшысы Сапабек Рахимовтың айтуынша, мұнда қызметтік иттердің барлығы 6 айлы­ғы­нан бастап Алматыдан әкелінеді. Өңірде 15-тен астам кинолог 40-қа жуық иісшіл итті күтіп-баптайды. Жыл соңына дейін орталық тағы 5 күшікпен толығады деп күтілуде.

Мамандар иттің тұқымына қарай қызмет ету саласын анықтайды. Мін­дет­ті түрде күшіктің сүйектерінің құрылысы, бұлшық еттерінің да­­муы, жүйке жүйесіне баса назар ауда­ры­лады. Егер бір жерінен кемістік байқалса, бірден қызметке жарам­сыз деп танылады. Іріктеуден өткен­дерді 3,5 ай көлемінде осы іске баулимыз. Одан соң, әлбетте, күнде­лік­ті жаттығулар. Ылғи арнаулы емха­на­лар­ға қаратып, екпе салдырамыз.

Биылдыққа біздің орталықтың көмегімен 270-тен астам қылмыс ашылды. 100 килодан астам есірткі заттары тәркіленді. Қызметтік иттер ұрлық, қарақшылық, кісі өлімі, бір сөзбен айтқанда, қылмыстың барлық түрін әшкерелеуге атсалысады.

Мұндағы иттер бірнеше топқа бөлінеді: жарылғыш заттар, оқ-дәрі, қару-жарақ іздейтіндер, есірткіні табуға машықтанғандар, із кесетіндер және одорологияға бейім жануарлар. Әрқайсысына жүктелетін тапсырмалар, жүргізілетін әдіс-тәсілдер бөлек, – дейді Сапабек Рахимов.

Полиция қызметінің бір тармағы – кинологияда Халықаралық ұйым­дар­дың тарапынан қолдануға рұқсат етілген 20-дан астам иттің тұқымы бар. Олардың арасынан қолға үйретілген, жер-жерде көптеп «қызмет ететін» неміс пен бельгиялық овчаркаларды, спаниель, лабрадор, пинчер, шнауцер, терьер, такса, ретривер, пудель, т.б. атауға болады. Облыста бұл тізімдегінің алғашқы төртеуі ғана кездеседі. Орталық басшысы 17 жылдық еңбек тәжірибесінде Арлан, Барон, Белис, Зила атты сенімді серіктердің мінсіз із кесушілігі ұмы­тылмайтынын, олардың ізін жалғайтын алғыр иттердің өсіп келе жатқанын атап өтті.

Әңгіме арасында «Қазақтың тазысы да өте ақылды. Оның иіс сезу қабі­леті мықты дамыған. Нелік­тен төл жануарымыз кинологияда қолда­нылмайды?» – деп сауал қой­ға­нымызда, полиция майоры мұның олардың құзырында емес екенін, халықаралық кинология фе­дерациясы қызметтік иттердің тұқы­­мының тізімін жасақтайтынын жет­кізді. Артынша алдағы уақытта тәртіп сақшыларының төртаяқты қолғанаттарын шағылыстырып, күшік алу жоспарда бар екенін қосты.

«Кинологтар жан-жануарларға жақын болуы, олардың «тілін» түсін­уі керек. Сосын спортпен айналыс­уы қажет. Себебі ит әрдайым жүгіріп, ойнайды, жалпы қозғалысқа бейім жануар. Соған сай, иесі де белсенді болғаны жөн. Әскери тәртіп, сөзсіз, ерекше маңызға ие. Орталықта маман­дығына қызығушылығы зор, жас жігіттер көп», деп сөзін қорытын­ды­лады ол.

Біздің елде полицей-иттерді үйре­туге өткен ғасырда ғана ден қойыл­са, дүние жүзінде бұл әлде­қа­­шан қолға алынған. Ежелгі Грекия мен Римде аталған жан­­­уар түрін «тәрбиелеуге» баяғыда-ақ мән берілген. Кинологияның отаны саналатын Германия мен Англия мемлекеттерінде саладағы қазіргі жағдай бәрінен озық. Ондағы арнау­лы жасақтағы қызметтік иттердің саны да біздікімен салыстыруға келмейді.

Адалдық пен төзімділікті ту еткен жан­уарға дүние жүзінде көп­теп ескерт­кіш қойылып, фильм­д­ер түсіріл­ген. Жазылған көркем шы­ғармалар да аз емес. Мәселен, б.з.б. ІХ ғасырда «Коринфаның қорғаушысы және құтқарушысы» деген белгімен Сотер атты итке тірі кезінде ескерткіш қойылса, қиын-қыс­тау уақытта адамдарға вакцина жет­кізген Балто деген иттің мүсіні Нью-Йорктің орталық саябағында қас­қайып тұр. Жапонияның Токио қаласындағы Сибуя стансасында орын тепкен әйгілі ескерткішті де білмейтіндер кемде-кем шығар, ол иесін 9 жыл күткен Хатико атты итке арнап жасалған. Париж қаласындағы Сена өзенінің жағалауында Альпіде 40 адамды құтқарған Барри атты сенбернарға да осындай құрмет көр­сетілген. Сол сияқты біздің Ақтөбе өңірінде де 2014 жылы ауған соғы­сының ардагерлері Беда атты неміс овчаркасының ескерткішін тұр­ғыз­ды! Қызылжар ауылындағы бұл ескерткіштің жанында суретке түсетіндер баршылық. Қазақ қалам­гер­лерінің арасында ит туралы повесть, көркем шығарма жазғандардың көптігін ескерсек, «Хатико» сияқты ерекше әсер қалдыратын фильмдердің өз елімізде түсірілуі бек мүмкін. Бұл аты аңызға айналып, иесін ажалдан арашалап қалған иісшіл иттерге де қатысты. Себебі жыл өткен сайын қызметтік иттерге деген сұраныс, тиісінше құрмет те артпаса, кеміп отырған жоқ.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 АҚТӨБЕ