Әйгілі Борхес «Маған жұмақтың өзі кітапхана түрінде елестейді» деп жазыпты. Эразм Роттердамский болса: «Менің кітапханам қайда болса, отаным да сол жерде» деген. Ал оралдық Темірғали Жұмағалиев кітапхананы – шетсіз-шексіз ілім-біліммен, үлкен әлеммен жалғап тұрған аспалы көпірдей көреді.
Батыс Қазақстан облысына танымал азаматтардың бірі Темірғали Жұмағалиев Тасқала өңірінде 1952 жылы дүниеге келген. 1968 жылы мектеп бітірген соң тракторист-машинист мамандығын алып, ауылда қарапайым еңбек етті. 1973 жылы әскери борышын өтеуге шақырылып, Хабаровск қаласында қызмет етті. Елге келген соң жүргізуші куәлігін алып, автокран жүргізді.
Қараңғылық сәулесі
Мұның бәрі әдеттегі ауыл адамының өмірі ғой дерсіз. Әлбетте. Темірғали аға да қарапайым көппен бірге тіршілік кешіп жүрген. Бірте-бірте денсаулығы сыр беріп, көз жанары нашарлағаны болмаса. 1988 жылы ІІ топтағы мүгедек атанды, кешікпей қармаланған қараңғылық тұтқынына түсті...
«Басқа салса баспақшыл» ғой адам. Темірғали аға да көзінен айырылғанымен, жаңа орта тапты. Қазақ соқырлар қоғамына қабылданып, еңбек етті. Және бір тапқан досы – Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы болды.
– Бұл кітапхананы 1985 жылдан бері білемін. Сол кезден теплотехникамен тыңдайтын кітаптарын алып, жаныма серік ететінмін. Бұл ұжым – мүгедек, мұқтаж жандардың алғысына бөленіп отырған орталық. Біздің сауатымызды ашып, көңіл күйімізді көтеріп, қоғамдық ортадан қол үзбеуімізге қол- ұшын созып жүрген ізгі жандар осында. Біздің бір қоғамның өзінде 480-500 оқырман бар. Басымыз жиі қосылады. Кітапханашылар мұнда түрлі кештер, концерттер де ұйымдастырады. Өз өмірімде бұл кітапхананың маңызын айтып жеткізе алмаймын, – дейді Темірғали аға.
Бүгінде зейнет демалысында болса да Темірғали Жұмағалиев қоғамдық жұмыстардан қол үзбепті. Өмірден жиған тәжірибесі, кітаптан алған өнегесі Темкеңді көкірегі қазына ақсақалға айналдырған. Орал қалалық «Ақ бата – асыл мұра» байқауының жеңімпазы кітапхананың әр шарасына қатысып, кейінгіге ақыл-кеңесін айтып, батасын беріп отырады.
Айтпақшы, Темірғали ағамыз 100 жылдық тарихы бар «Егемен Қазақстан» газетінің «Әдебиет», «Аймақ» айдарларын сүйіп оқитын оқырманның бірі. Бізбен әңгімесінде газеттің редакция алқасына және шығармашылық ұжымына сәлем айтып, ақжарма тілегін жеткізді.
Жарты ғасыр жаралы жүректің емі
Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана 1969 жылы Қазақ КСР министрлігінің бұйрығымен ашылған екен.
Бастапқыда «қызыл бұрыш» ретінде қызмет еткен кітапхананың қалыптасуы облыстық қазақ соқырлар қоғамының даму тарихымен тығыз байланысты. Алғашқы кітапхана Орал оқу өндірістік шеберханасында орналасқан. Сол жылдары Қазақ соқырлар қоғамы жанынан «Еңбек таңы-Заря труда», «Призыв» мерзімді басылымдары шығатын. Бұл зағиптар үшін үлкен көмегі бар басылымдар еді.
Оралдағы арнаулы кітапханаға алғашында 15 жыл бойы І топтағы көз мүгедегі Николай Леванов басшылық жасады. Кітапхана ісін әрі қарай дамытуда Ж.Жәленова, У.Үбішева, Ш.Оразаева, Ж. Мақасова сынды кітапхана ісінің білікті мамандары көп үлес қосты.
Алғашқы жылдары кiтап қоры 2450 данаға жетіп, Ресей, Беларусь, Украина баспаларынан шыққан брайльдық әдебиеттер, дыбыстандырылған шығармалар және графикалық құралдардың барлық түрі қамтылды.
Ал 1970 жылдары кітапхана катушкалық магнитофондар мен дыбысты кітаптар, сондай-ақ 2475 дана дыбыстандырылған, 2100 дана жайпақ баспалы әдебиеттермен толықты.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1980 жылдары жалпы кітап қоры 18 763 данаға жеткен. Оның 9687 данасы – бедерлі нүкте түрінде, 5407 дана – жайпақ баспа түрінде, 3 669 дана – дыбыстандырылған әдебиеттер еді.
Тәуелсіздік түлеткен кітапхана
– Егемендік жылдары кітапхана қызметі жаңаша өрбіді. Тәуелсіздік кітапхана өміріне елеулі өзгеріс пен мол мүмкіндік әкелді, – дейді кітапхана директоры Қаракөз Борамбаева.
Кітапхана тарихында 1990 жылдан бері қарай болған өзгерістерге көз салсаңыз, шынында да солай. 1998 жылы мұнда «Брайлист» үйірмесі ашылды. 2002 жылы тифло-ақпараттық библиографиялық секторы жұмысын бастады. 2003 жылдан барлық санаттағы мүгедектерге қызмет көрсететін «Қайырымдылық» бағдарламасы іске кірісті. 2004 жылы орталықтандырылған кітапхана жүйелерінде кітапханалық пункттер ашылды. 2005 жылы «2002-2005 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту» мемлекеттік бағдарламасы аясында кітапханаға тифлокомплекс берілді. 2006 жылы алғашқы брайльдік принтері сатып алынып, бедерлі-нүктелі қаріп түрінде кітаптар шығарыла бастады. 2007 жылы кітапханаға «АИС- СБ РК» кітапханалық-ақпараттық автоматтандырылған бағдарламасы енгізілді. 2008 жылы бедерлі-нүктелі қаріп түрінде қоғамдық «Луч» газетінің алғашқы нөмірі шықты. Ол тоқсанына 1 рет шығады. 2009 жылы зағип және нашар көретін оқырмандарды компьютерлік сауаттылыққа баулитын ақпараттық-компьютерлік зал ашылды. 2010 жылы дыбысты кітаптарды өңдеу бөлімі және дыбыс студиясы ашылды. 2012 жылы «Ақжайық» интеллектуалды клубы ашылып, алғаш рет оnline ойыны өтті. 2014 жылы Оралда «Арнаулы кітапхана ақпараттық кеңістікте» атты республикалық практикалық конференция өтті. 2015 жылы – «Шабыт» ақпараттық мәдени орталығы ашылды. Осы жылы «Ерекше балаларға – ерекше кітаптар» қайырымдылық акциясы жарияланып, әйелдерге арналған «Әдемі-ау» журналының бедерлі-нүктелі қарпі түрінде алғашқы нөмірі оқырманға жол тартты. 2016 жылы «Қадыр әлемі» үйірмесі ашылды.
Әрине, мұның бәрі мәдени мекеменің әдеттегі жоспарлы шаралары дерсіз. Бірақ қызметін жылына 3 мыңға тарта мұқтаж жан пайдаланатын кітапхана үшін әрбір шара маңызды, әр оқырман қымбат.
Облыс орталығында орналасқан кітапхана алыс ауылдарда тұратын зағиптарды да ұмытпайды. Алыс аймақтарда тұратын көз мүгедектігі бар жандарға ақпарат қолжетімді болу үшін әр өңірде кітапханалық пункттер ашу жұмысы жүргізілді. Орталықтандырылған кітапхана жүйелерімен келісімшарт түзіліп, өзара байланыс орнатылды.
– Қазіргі заманауи кітапхана – тек ақпарат ордасы ғана емес, зағип жандар үшін өз тағдырластарымен дидарласатын, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени-шығармашылық әрі рухани байлық ордасына айналып отыр, – дейді кітапхана қызметкері Айжан Дәулетқалиева.
Сырттай қарағанда бұйығы көрінетін кітапхана өмірі қыз-қыз қайнап жатыр. Жоғарыда айтылғандай, мұнда «Муза» поэзиялық клубы, «Ақжайық» зияткерлік клубы, «Сырласу» қыз-келіншектер клубы, жас оқырмандарға арналған «Қадыр әлемі» үйірмесі, «Жалынды жастар», «Денсаулық» клубтары тұрақты жұмыс істейді. Тақырыптық материалдар топтамасы, шағын кітапшалар, бедерлі-нүктелі «Луч» газеті, қыз-келіншектерге арналған «Әдемі-ай», балаларға арналған «Балбұлақ» журналдары басылып шығады. Түрлі тақырыптық, еске алу кештері, дөңгелек үстелдер, кітап тұсаукесері, онлайн ойындар, байқау, диалог алаңы, әдеби-квест, және т.б. шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, жақында ғана Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі ақын Ғайсағали Сейтақтың «Өлеңмен өрген өмірін...» атты кеші өтті. «Ақжайық – ару мекенім» атты кешке танымал композитор Донеділ Қажымов шақырылды.
P.S. Қазіргі қым-қуат ақпарат заманында кітап, газет-журнал оқушылар азайды деп айтамыз. Бірақ Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында мұндай мәселе жоқ. Бұл кітапхана қызметін дұрыс ұйымдастыруда болса керек. Қараңғылықты қармалап қалған қамкөңіл жандардың қалауын тапқан ұжымды жартығасырлық мерейтойымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тілейміз.
Батыс Қазақстан облысы