Қостанайда «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты бірінші республикалық дәстүрлі ән байқауы өтті.
Байқау екі күнге созылды.Оған Қостанайдан өзге Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау қалаларынан 15 жас әншілер қатысты. Қазақ ұлттық өнер университетнің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы Алмас Алматов бас болған қазылар алқасының шарты бойынша әр әнші Нұржан Наушабаевтың бір әнін және халық немесе халық композиторларының бір шығармасын орындауы тиіс еді. Бүгінге дейін аса кең таралмаған Нұржан әндерін жас әншілер тез үйреніп, нақышына келтіре орындады. Мысалы, Нұржанның байқауда «Бәтимаға», «Ара-ай», «Көкен-ай» тағы басқа әндерін әншілердің әрқайсысы өз нақышында алып шықты.
Байқаудың екінші күні іріктелгендер додаға қайта түсті. Әншінің бәрі дүлдүл, бәрі бұлбұл болса да, мәре бәрі бірдей кеспейтіні бар.Сонымен үшінші орын көкшетаулық Нәзира Бейсеноваға, жезқазғандық Сағымбай Мәлібеков пен Қостанай ауданының өкілі Жанат Мінайдарға бұйырды. Оларға әрқайсысы 100 мың теңгенің сертификаты қоса тапсырылды.Екінші орынды Семей қаласының өкілі Таңат Мұқашев пен нұрсұлтандық Ақылтай Зекенов бөлісті, олардың әрқайсысы 200 мың теңгенің сектификатын алды. Бірінші орынды алматылық Зәрина Рахманбердиева жеңіп алды. Оған 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Ал бас жүлде Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетінің 2 курс студенті Фархат Жәкішке 500 мың теңгенің сертификатымен бірге тапсырылды.
«Нұржан әндері арқаның өзге әндерінен өз бояуымен ерекшеленеді. Ол алдымен айқайлап, қиқу салып алады. Сондай ерекшеліктерін жас әншілер ашып көрсете алды. Әсіресе, ол Нұржанның «Көкен-ай», «Ара-ай» атты әндерінен байқалды. Осы кезге дейін аса зерттелмеген, насихаты да аз болған ақын әрі композитор Нұржанның әндерінен тұңғыш байқау болса да әншілердің аяқалысы жаман болған жоқ. Азды-кемді кемшіліктерін елемейміз, өйткені алдағы уақытта дәстүрлі өтетін байқауға әлі талай таланттар қатысатын, көшті түзейтін болады» деді қазылар алқасының мүшесі, нұржантанушы Ақылбек Шаяхмет.