• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қазан, 2019

Ералы Тоғжанов Қарағанды облысы әкімімен кездесті

298 рет
көрсетілді

Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.Бұл туралы Кәсіподақ федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Құжатты ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойып, бекітті.

Меморандум аясында тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындап, бірлескен  шаралар қабылдауға келісті.

Меморандумға қол қою барысында ҚРКФ басшысы ынтымақтастық аясында келешекте  кезек күттірмейтін міндеттерге тоқталды.

Кәсіподақтар төрағасы облыс әкіміне кездесуге келгенге дейін, арнайы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты Т.Күзембаев атындағы шахтаға түсіп, 600 метрлік жер асты забойларындағы кеншілермен жүздесіп, әрқайсының көкейтесті мәселелерін біліп қайтқанын жеткізді.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, кеншілердің басым бөлігі жер астындағы шахтерлардың ауыр еңбегін ескеріп, зейнет жасын 50-ге дейін төмендету жөніндегі ұсыныстарын білдірген. Сонымен қатар, кенші мамандығына жастардың қызығушылығының күрт төмендеп, бүгінде қарағандылық шахтерлардың орта жасы 45 екендіктерін де айтқан.

Осы аталған мәселелерді ескере отырып, ҚРКФ төрағасы облыс әкімімен бірге Үкімет атына бірлескен ұсыныстарын дайындап жеткізу қажет деген пікірін білдірді.

Сонымен бірге жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында кәсіпорындарды ұжымдық шарттар жасауға кеңінен тарту мәселелері де қозғалды.

Бүгінде Қарағанды облысында жұмыс істеп тұрған 21 426 кәсіпорындармен 4 056 ұжымдық шарт жасалса, бұл олардың 18,9 пайызын ғана қамтып отыр.

Кәсіподақтарды алаңдататын мәселе - өңір бойынша кәсіпорындардың 81 пайызы ұжымдық шарт жасамағандығынан олардың жұмысшыларының құқығы  қорғалмайтындығы.

Кәсіподақтар үшін тағы бір өткір күйінде қалып отырған жағдай - өндірістік жарақат пен кәсіби сырқаттарды азайту мәселесі. 

Ералы Тоғжанов осы уақыт ішінде Қарағанды облысы бойынша өндірісте 92 адам зардап шегіп, оның 12-сі қайтыс болғандығын атап өтті.

Сондай-ақ Қарағанды облысы бойынша кәсіби сырқатқа шалдыққандар 65,8 пайыз болса, Шығыс Қазақстан облысында - 25 пайыз.

-Кәсіподақтар үшін жұмыс берушілердің ұжымдық келісімшартта көрсетілген сауықтыру шаралары мен әлеуметтік кепілдіктерді жүзеге асыруы маңызды, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бұл күні Кәсіподақ федерациясы төрағасы профессор Х.М.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығының кәсіподақ активімен кездесті.

Кездесу барысында Қарағанды облысында 1-ші қыркүйектен басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру пилоттық жобасының тұсаукесері өткізілді.

Жаңа форматтағы медициналық қызметтің нәтижелерімен танысқан Ералы Тоғжанов кәсіподақтар еңбеккер халықтың денсаулығын қорғаудағы атқарылып жатқан істерге қолдау танытып қана қоймай, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде атап айтылды.

Медициналық көмектің жаңа моделін енгізу дәрігерлердің жалақысын көбейтуге,еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмыс уақытын оңтайландыруға және денсаулық саласындағы бірқатар кадрлық мәселелерді шешуге септігін тигізеді.

Кәсіподақтардың тағы бір маңызды міндеті - денсаулық саласы қызметкерлерінің кәсіби міндетін атқаруына қолдау көрсету болып табылады. Бұл тұрғыда кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен бірге Қазақстандық дәрігерлердің кәсіби қызметтерін атқаруына қолдау көрсетіп қана қоймай, заң аясында қорғауға белсене атсалысатын болады», - деді ҚРКФ төрағасы.

Кездесу қорытындысында ҚРКФ төрағасы «профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығы» КМК директоры Е.Т. Құрманғалиевты  ҚРКФ-ның «Үздік әлеуметтік әріптес» белгісімен марапаттады.

Үздік кәсіподақ белсенділері мен кәсіподақ қозғалысының мүшелері «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының 250 мың теңгелік сертификаттарына ие болды.

Бүгінде «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облысы бойынша 50 бастауыш ұйымы құрылған, олардың қатарында 21 мың 384 кәсіподақ мүшесі бар.