Ресейдің Челябі облысы мен Қостанай қашаннан ауылы аралас, қойы қоралас, іргелес жатыр. Сондықтан экономикада да, әлеуметтік-мәдени салаларда да екі облыс үшін алыс-берістің мәні ерекше.
Челябі облысының губернаторы Алексей Текслер бастаған үлкен делегацияның Қостанай облысына келу мақсаты да қатар жатқан екі өңір экономикасының дамуына, туризм мен мәдени салалардың жандануына ықпал ету болатын.
Әдетте, көршілер арасындағы байланыс алдымен экономика флагмандарынан басталатыны белгілі. Өндіріс оларда да бар, ал біздің кеніштер қашаннан іргедегі Магнитогорск металлургия комбинатының негізгі әріптесі болып саналады. Екі облыс арасындағы тауар айналымының да негізгі бөлігін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі шығаратын темір кені құрайды. Қазір Қостанайда өңдеу өнеркәсібі дамуға бағыт алған. Оның көшін машина құрастыру зауыттары бастап отыр. Челябі бұл орайда да Қостанайға әріптес, одан біздің зауыттар машина бөлшектерін, құрамаларын алады.
Делегация Қостанай қаласындағы салтанаты сырттан келген қонақтарға таңдай қаққызатын жаңа зәулім «Жастар сарайына» келді. Қонақтар құрқол емес еді, осындағы челябіліктер алып келген көрмелер жалпы жұртшылықтың да, Қостанай облысы кәсіпкерлерінің де назарын ерекше аударды. Жалпы, Челябі облысының бүгінгі бейнесін, экономикадағы, әлеуметтік саладағы, туризм бойынша әлеуетін көрсететін фотокөрменің жанына жұртшылық көбірек тоқтады. Туризмнің «шақыртқысы» қолөнер шеберлері мен «Увельды» санаторийінің мамандары туристерді тартудың сырын ұғып қалғандай.
Кездесуде екі облыстың атқарушы билік органдары мен бизнес қоғамдастықтары арасында бірнеше меморандумға қол қойылды. Алдымен Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі мен Магнитогорск металлургия комбинаты, «СарыарқаАвтоПром» машина құрастыру зауыты мен «Сухой порт Южноуральский» зауыты арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Қостанай облыстық денешынық-
тыру және спорт басқармасы мен Челябі облыстық денешынықтыру және спорт министрлігі, Қостанай облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы мен Челябі ақпараттық технологиялар министрлігі арасында да осындай келісім жасалды.
– Көршілерміз, қашаннан тамырласып қалған. Ал осындай кездесулер біздің достығымызды нығайтады, экономикалық, мәдени байланыстарымызды күшейтеді. Екі облыстың тауар айналымы үлкен, бірақ оған тоқмейілсімей, алға жылжу керек, – деді Челябі облысының губернаторы Алексей Текслер. Екі облыс көрші ғана емес, экономикада бір-біріне стратегиялық әріптес те болып келеді. Оны Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов нықтап айтты.
– Челябі облысы бізді көп салада қызықтырады. Мысалы, қазір тек Қостанайда ғана емес, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалпы елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Челябіде мұнаралы кран шығаратын кәсіпорын бар. Ол бізге өте қажет. Сонымен қатар мәдениет, ауыл шаруашылығы салаларында да көршіден аларымыз да, береріміз де бар. Оларда туризм де жақсы дамып отыр, – деді Архимед Бегежанұлы. Иә, шекараның арғы бетіндегі «Увельды» санаторийіне жылына 2 мың қостанайлық барып демалады екен.
Челябі облысы – Ресейдің экономикалық қуатты, бюджетінің қомақты бөлігін беретін облыстарының бірі. Делегация құрамында келген Оңтүстік Урал өнеркәсіп палатасының президенті Федор Дегтеревтің айтуына қарағанда, Челябі үшін Қазақстан стратегиялық серіктес болып саналады. Оның тауар айналымының төрттен бірі Қазақстанға тиесілі. Алайда Челябі облысынан бізге өңдеу кәсіпорындарының өнімі келсе, Қостанайдан әлде де шикізат алынады. Ауыл шаруашылығынан да шикізатты көздейді.
– Челябіде өнімін Еуропаға, оның ішінде Италияға жіберетін аса қуатты макарон кәсіпорны бар. Оған қатты бидайды біз Қостанайдан аламыз, – дейді Федор Дегтерев.
Қостанайдан да Челябіге қатты бидай емес, ұн, ұн ғана емес, макарон жөнелтетін күндер туар деген ойға келеміз. Ол үшін көршіден үйренудің де сөкеттігі жоқ.
Кездесуден кейін Челябінің атақты «Урал» би ансамблі мен қостанайлық өнерпаздардың қатысуымен үлкен концерт болды.
ҚОСТАНАЙ