Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің шақыруымен Токиодағы Император сарайында өткен Император Нарухитоның ресми таққа отыру рәсіміне қатысты. Императорлық тақ мұрагерін ұлықтау рәсіміне 175-тен астам елдің өкілі келді. Салтанатқа барлығы 2000 адам қатысты.
Іс-шара кезінде Императорды ұлықтау рәсімінің барлық дәстүр-жоралғылары орындалды. Император мен зайыбы Император сарайына кірмес бұрын ғибадатханада «сыйыну ғұрпын» өткізді. Ежелгі Хэйан дәуіріндегі кимоно киген Император салмағы 8 тонна, биіктігі 6,5 метр болатын тұғырдағы таққа отырды. Зайыбының үстінде джюнихитоэ деп аталатын қалың, өрнекті кимоно. Рәсімге әулеттің 11 мүшесі түгел қатысты. Императорды ұлықтау дәстүрінің ежелгі қағидаттары толық сақталған рәсімде Нарухито ел конституциясына сәйкес жапон халқының өркендеу жолында қызмет ететінін мәлімдеді. Салтанатты жиында Премьер-министр Синдзо Абэ халық атынан құттықтау айтып, сөзін «Император мәңгі жасасын!» деген ұранмен түйіндеді. Бас-аяғы жарты сағаттық рәсімнен соң қонақтар салтанатты дастарқан басына жиналды.
Іс-шара кезінде Императорды ұлықтау рәсімінің барлық дәстүр-жоралғылары орындалды. Император мен зайыбы Император сарайына кірмес бұрын ғибадатханада «сыйыну ғұрпын» өткізді. Ежелгі Хэйан дәуіріндегі кимоно киген Император салмағы 8 тонна, биіктігі 6,5 метр болатын тұғырдағы таққа отырды. Зайыбының үстінде джюнихитоэ деп аталатын қалың, өрнекті кимоно. Рәсімге әулеттің 11 мүшесі түгел қатысты. Императорды ұлықтау дәстүрінің ежелгі қағидаттары толық сақталған рәсімде Нарухито ел конституциясына сәйкес жапон халқының өркендеу жолында қызмет ететінін мәлімдеді. Салтанатты жиында Премьер-министр Синдзо Абэ халық атынан құттықтау айтып, сөзін «Император мәңгі жасасын!» деген ұранмен түйіндеді. Бас-аяғы жарты сағаттық рәсімнен соң қонақтар салтанатты дастарқан басына жиналды.
Бұл – император Нарухитоның Император болуына байланысты екінші рәсім. Ұлықтау рәсімінен кейін өтеді деп жоспарланған шеру «Хагибис» тайфуны әкелген қайғылы оқиғаларға байланысты келесі айға қалдырылды. 10 қарашадағы жалпыхалықтық мерекеден соң Нарухито толыққанды Император болады.
1947 жылы 3 мамырда күшіне енген елдің конституциясы бойынша егеменді мемлекеттің иесі халық, ал Император мемлекет пен ұлт бірлігінің символы деп бекітілген. Жапон халқы да, Император әулеті де осы заңға бағынады. Император аса маңызды құжаттарға қол қою, шетел басшыларын қабылдау сияқты белгілі бір рәсімдермен ғана айналысады. Жапонияның конституциясына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындайтын болса, ол алдымен Парламентте талқыланып, ұлттық референдумға ұсынылады. Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың жартысынан астамы құптаса ғана құжат қабылданады. Өзгеріс енгізілген құжатты жапон халқының атынан Император жариялайды.
Императордың саясаттағы әр ісі Министрлер кабинетімен ақылдасу арқылы жүзеге асады. Министрлер кабинетінің келісімімен Император конституция мен Үкімет жарлықтарына енгізілген түзетулерді жариялау; Парламентті шақыру; Өкілдер палатасын тарату; заңға сәйкес министрлердің тағайындалуы мен қызметтен кетуін растау; шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау; марапаттау рәсімдеріне қатысу, т.б. функцияларды атқарады. Дүние-мүлік тұрғысынан Император әулетінің құқықтары шектеулі. Конституцияның 8-бабында «Парламент қарарынан тыс Император әулетінің ешқандай мүлікті иеленуіне немесе басқаға сыйға тартуына болмайды» деп жазылған.
Конституцияға сәйкес Император өз міндетін өмір бойы атқарады. Билік ауысарда императордың өз тұқымынан ер адам мұрагер ретінде таңдалады. Император әулетінің барлық істерімен Жапонияның Министрлер кабинетіндегі «Император сарайы басқармасы» айналысады. Жапонияда ежелгі заманнан әр императордың басқару кезеңі белгілі бір дәуір саналып, атау беріледі. 2019 жылдың 1 мамырынан Рэйва дәуірі басталып, Император Акихитоның үлкен ұлы Нарухито жаңа кезеңдегі тақ иесі деп танылды.
Шара кезінде Императорды ұлықтау рәсімінің барлық дәстүр-жоралғылары орындалды. Императордың таққа отыру рәсімін жапондар тарихи маңызы зор оқиға санап, мұқият дайындалады. Символдық мәні ерекше осы рәсім туралы ежелгі жапонның «Йоуроурицурйоу» (VІІІ ғасыр) кодексі, императорлар шежіресі «Нихоншйоки» (720 жыл) сияқты көне кітаптарда жазылған. Мысалы, «Нихоншйоки» кітабында 690 жылы Дзито ханшайымның таққа отыру рәсімінде Мононобэ, Накатоми, Инбэ сияқты ру өкілдері қатысқаны айтылған.
Император сарайында қасиетті зат саналатын Ятанокагами айнасы, Ячаканино магатама әшекейі мен Кусанагино цуруги семсерінің маңызы зор. Жапон аңызында бұл қасиетті заттарды Күн иесі Аматэрасу немересі Нинигино Микотоға бергені айтылады. Кейін бұл мұраға тұңғыш император Дзимму ие болған. Император әулетінде атадан балаға мұра боп көне заманнан сақталып келе жатқан заттар тақ мұрагерлігінің айрықша нышаны іспетті. Жапон танымында даналық, өркендеу мен ерлікті бейнелейтін үш қасиетті зат жайында көптеген аңыздар тараған. Императордың таққа отыру рәсімі ежелгі діни жоралғыларға негізделген. Яғни, мұрагер императорлардың арғы анасы – Күн иесі Аматэрасуға тағзым етіп, ата-бабалар рухынан «рұқсат сұрау» рәсімдерін өткізеді.
Тақ мұрагерлігін әкесі Акихитодан қабылдап алған Нарухито 1960 жылы 23 ақпанда дүниеге келген отбасындағы үлкен ұл. 1982 жылы Гакушюин университетін бітірген соң Оксфордтың Мертон колледжінде білім алған. 1989 жылы тарих ғылымдарының магистрі атанған ол ғылым жолын таңдаған, су қорларын зерттейді. Сондай-ақ ХХ ғасырдағы Дүниежүзілік су комиссиясының құрметті мүшесі, қоғамдық, қайырымдылық шараларымен де айналысады. Бос уақытын музыка, шығармашылыққа арнап, спортпен шұғылданады. Ханзада Нарухито 1993 жылы 9 маусымда Жапонияның БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Хисаши Оваданың қызы Масакоға үйленген. 2001 жылы 1 желтоқсанда ханзаданың отбасында Айко есімді қыз бала дүниеге келді.
Нарухито тақ мұрагерлігін қабылдау алдында сөйлеген сөзінде халыққа жақын болатынын білдіріп, «мінсіз Император дегеніміз – адамдардың қуанышы мен қайғысын бөлісе алатын басшы» деген болатын. Император сарайында ұзақ жылдар баспасөз хатшысы қызметін атқарған журналист Ямашита Шинджи мақалаларында ханзада Нарухито туралы көп жазған. Жапон журналисінің айтуынша, Нарухито әкесі сияқты отбасына қамқор, сыртқы шаруалармен қатар бала тәрбиесіне де үлкен көңіл бөлетін адам. Император әулетіне жақын адамдардың айтуынша, Нарухито – жас кезінен еңбексүйгіштігімен қоса жалпы айналасына қамқор азамат, адамдарды атақ-дәрежесіне қарамай, жұртпен тең сөйлесетін, мейірбан, парасатты жан. Жапон халқы осындай бойына ізгі қасиеттерді сіңірген ел басшысымен Жапонияның әлем алдындағы абыройы асқақтай береді деп сенеді.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы