Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай банк секторындағы активтердің сапасын бағалау (Asset Quality Review) басталғанына үш ай өтті. Ішкі нарық оның қорытындысын күтіп іштен тынып тұр. Алғашқы қорытынды желтоқсан айының соңғы күндеріне дейін белгілі болатынын Үкімет те, Ұлттық банк те айтты. Жуырда осы мәселеге орай өткен дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар АQR жобасының бізге тым қымбатқа түсетінін жеткізді. Себебі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл жоба ішкі нарықта сыр берген банктерді мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру үшін қолданылады екен.
AQR – банк секторының тұрақтылығын кешенді бағалауға арналған қалыпты тәжірибе. Еуропада кейбір банктердің активтерін бағалау жыл сайын жүргізіледі. Оның ең ауқымдысы 2014 жылы өтіп, 130 банк тексерілген. Нәтижесінде 25 банктің капиталына 24,6 млрд еуро жетпейтіні анықталған. 2019 жылдың басынан бері Беларусьте тоғыз банктің активі тексеріліп, үш банктің капиталы жетіспейтіні белгілі болды. Украинада 56 банктің төртеуін қаржыландыру керек екені анықталды. Бұл қаржы институттарының барлығы бір жылға жетпейтін уақытта айтылған олқылықтың орнын толтырып үлгергенін де айта кетейік.
Еліміздің Ұлттық банкі 14 банктің ахуалына күдік келтіріп, активтерінің сапасын бағалауға кірісіп кетті. Сарапшылардың пайымдауы бойынша, отандық банктердің жұмысын жандандыру үшін 400-600 миллиард теңге керек. Демек бұған дейін бірнеше рет болған банктерге қаржы құю шарасы алдағы уақытта тағы қайталануы әбден мүмкін.
Әлемдік тәжірибеде мемлекет банктерге қаржылай көмектескен кезде олардың қаржыландыру шарасынан сырт қалған қаржы ұйымдары алдындағы жауапкершілігі де заңдастырылады. Танымал сарапшы Досым Сәтпаевтің пікірін сұрағанымызда, ол қазір жабық есік жағдайында тест-бақылау жүріп жатқанын айтты. Заң бойынша Ұлттық банк коммерциялық банктердің есебіне күмән келтіретін болса, тексеру жүргізуге құқылы. Заң Ұлттық банккке Үкіметпен бірлесіп экономиканың дамуына басымдық беруге құқық береді. Бірақ Қазақстандағы қазіргі қалыптасқан жағдайда олай істеу мүмкін емес екен. Ұлттық банк мемлекеттің меншігінде болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінен» бастап Қазақстанның даму банкіне дейінгі коммерциялық банктердің бәрі Үкімет пен Ұлттық банктің қол-аяғын буып тастауға шамасы жететін ықпалды топтың қолында.
«AQR қорытындысына тәуелсіз сарапшыларды тартпайынша, белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз дегенге сену қиын», дейді Д.Сәтпаев.
Бұл жолғы бағалау Халық банк, Сбербанк, Каспий, Форте банк, BCC, ATF, Еуразия, Jysan Bank, Bank RBK, Alfa-Bank, Altyn Bank, Nurbank, Home Credit және ВТБ қаржы институттарын қамтиды. S&P Global Ratings-тің қаржы институттары және мемлекеттік қаржы департаментінің директоры Ирина Велиеваның түсіндіруінше, Ұлттық банктің мұндай шешім қабылдауына қазақстандық банктердің экономиканы несиелендіруге қатысты белсенділігінің төмендеп кеткені себеп болып отыр.
«Банктің резервтері мен үмітсіз несиелер арасындағы алшақтықты жою үшін 1 трлн теңге қажет. Мемлекет алдағы уақытта проблемалы активтерді оның балансынан сатып алу туралы шешім қабылдауы мүмкін», дейді ол.
И.Велиева бұл жүйе банктердің қанша капиталға зәру екенін анықтауға, олардың актив портфелінің сапасына баға беруге, несиелеу тәжірибесін талдауға мүмкіндік беретін диагностика екенін де жиналғандардың қаперіне салып өтті. Үкімет пен Ұлттық банк бұл орайда теңгерімсіздікті жоюға банктер қатысатынын ашық айтып отыр. 2010 жылы банк жүйесі бізден көш ілгері Еуроодақ елдеріндегі қаржы институттарының проблемалары мемлекеттік көмек пакетімен шешіліпті. И.Велиеваның айтуынша, осы бағытта бас банктің қолға алған ісі тұтас банк жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл банктердің қаржылық жағдайы туралы қолжетімді ақпараттың сапасын арттыру үшін керек. Екіншіден, бұл жоба банктердің қаржылық жағдайын жақсарту үшін түзету шараларын анықтап, тұрақтылықты нығайтуға да сеп болады.
«Қазақстанда жұмыс істейтін банктердің ашық жұмыс істеуге көшкенін көрсету арқылы инвесторлар мен салымшылар тарапынан сенімді арттыру керек. Осындай шаралардың нәтижесінде банктердің қолданыстағы бизнес үдерістерін үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жетілдіріп, нақты экономиканы несиелеуді жандандыруға және халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға болады», дейді ол.
Қазақстандық сарапшылар да «Asset Quality Review» нәтижесі банк секторындағы көптеген мәселенің басын ашып алуға мүмкіндік деген пікірге басымдық беріп отыр. Мәселен, Ерлан Ибрагим 2007 жылғы әлемдік дағдарыстан қандай қорытынды шығарғанымызды да АQR-ның тексеруінің нәтижесінен біле алатынымызды айтады. Себебі біздің жүйенің қателігі – экономикадағы мәселелерді алдын ала шешпейтіні, тек салдарымен ғана күресіп келгені. Осы тұрғыдан келсек, банктердің жұмысын бағалау ашық жүргізілгені дұрыс.
«Әзірге Ұлттық банк сайтында тексерудің қандай әдіспен жүргізілетіні жарияланғаны болмаса, бағалау негізінен жабық жүргізіліп жатыр. Бұл жерде көп мәселе Ұлттық банктің шындыққа қаншалықты тура қалай алатыны мен табандылығына да байланысты. Егер бағалау процесі ашық әрі әділ жүрсе, Үкіметтің экономикалық блогын тосын сый күтіп тұрғанын көреміз. Бәріміз оған дайын болуымыз керек», деді экономист.
Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің қаржылық жағдайын жақсарту бағытында мүмкіндіктердің бәрін қарастырды. Соңғы 10 жылда мемлекет тарапынан банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсетілді. Мемлекеттің шығындарына зер салып қарасақ, онда банктер экономиканың қаражат ең көп бөлінген саласы деген қорытынды жасауға болады.
Е.Ибрагим соңғы жылдары Үкіметтің экономикалық блогының сараптау қабілеті сыр бере бастағаны көрер көзге байқалатынын айтты. Қазақстандағы қаржы институттары мықты болса, Үкімет Еуропа қайта құру және даму банкінен, сондай-ақ Азиядағы ірі банктерден несие алмайтын еді. Осы ретте біздің елде білікті экономистерді таңғалдыратын құбылыс жиі болып тұрады дейді ол. Қаржы институттары мемлекет тарапынан өздерін «сауықтыру үшін» бөлінген қарызды қайтармақ түгілі, Үкіметтің кепілдендіруімен алған несиелерін игере алмай отыр. «Бұл жүйе әлемдік тәжірибеде сыннан өткен шығар. Бірақ дамыған елдерде мұндай шешім ішкі нарықты сауықтырды, бизнесті аяғынан тік тұрғызды. Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге көмек көрсету туралы шешім қабылдамас бұрын шағын және орта бизнесті қаржыландырудың сауатты тетігін іске қосуы тиіс. Үкімет қазіргі бағдарламасына балама бағдарлама іздеп, қаржы нарығына қатысты саясатына өзгеріс енгізуі тиіс», дейді Е.Ибрагим.
Қаржы секторында АQR дауылы соғып өткен соң таңдаулы 14 банктің қатарына ілінбей қалған басқа банктердің жағдайы не болмақ? Осыған дейін дефолттық жағдайға душар болған банктер акцияларының басқару пакетін басқаларға сатумен ғана айналысып, алпауыт банктерге жұтылып кетті. Қазір ондай банктердің Қазақстанда болғаны да ұмытылуға айналды. «Мен АQR-дің көмегімен қаржы ұйымдарын сауықтырып жатқан елдердің тәжірибесін зерттедім. Онда мемлекеттің назары түскен банктер ес жиып алған соң, тізімге ілінбей қалған банктерге көмектеседі. Ұлттық банк АQR-дің қалай жүргізіліп жатқаны туралы әлі ақпарат берген жоқ. Шағын банктердің жұмысы тоқтағаннан кейін аймақтар қаржыдан тапшылық көріп жатса, ірі банктер оларға қол ұшын соза ма? Бұл сұрақтың жауабын қазір айтпасақ, кейін кеш болады. Бізге банктерді асырай бермей, ішкі нарықты қаржыландырудың өзге тетіктерін қарастырып, квазисектордың жұмысын жандандыруымыз керек», деп қорытты ойын Е.Ибрагимов.
Мемлекеттің қолдауы арқылы проблемалық несиелерді жабуға да біраз мүмкіндік туды. Банктер мемлекеттің алабөтен ықыласын осы жолы да пайдаланып қалуға бейіл. Сарапшылар болса «ойын алаңынан» сырттап қалатын қалған банктердің тағдыры АQR қорытындысы бойынша шешілетінін айтады. Осыған дейін жарғылық капиталы аз банктердің бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезінде де дағдарыстан аман қалғанына куә болғанбыз. Бұл жолы шағын банктерді қазіргі алып банктер жұтып қойса, өңірлер инвестициядан құр қалады. Себебі аймақтардың басым көпшілігі қаржылық қолдауды шағын банктерден көріп отыр.
АЛМАТЫ