• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қазан, 2019

Орбұлаққа оралу

841 рет
көрсетілді

Орбұлақ шайқасы – қазақ пен жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі шешуші ұрыс пен жігерлі жеңістің тарихи бас­тауы. 1643 жылы Алатауды бөктерлей жылжыған жоңғар қоңтайшысы Батыр бастаған 50 мың әскер Жетісуға еніп келе жатқан еді. Жорық сапарында Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз қоныстарын қанға бөктірген мың сан қолдың екпініне төтеп тұратын күш сол тұста шашырап жатқан қазақ ауылдарында жоққа тән болатын...

Іргеден індетіп енген жаудың сан жағынан басым екендігін бағамдаған Сал­қам Жәңгір хан тұтас елге сауын айтып, көмек ша­қырды. Орбұлаққа ой мен қырдан қазақ қосындары аттанды. Жәң­гір әскеріне көмекке келіп соғысқан батырлар қатарында Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқ, Найман Көксерек, Дулат Жансығұл, Суан Елтінді болған деген дерек бар. Орбұлақ шайқасында ат үс­тінде атой салған қазақ әскері алғаш рет бекініс шебін құрып, жердегі қорға­нысқа көшті. Жәңгір хан әскері терең ор қазып, екпіндей ентелеген жау қолының ал­ғашқы легін омақаса құлатып, от пен оққа бөктірген екен. Қол саны­ның басымдығына сенген қоң­тай­шы Ор­бұлақ шайқасында оң­бай соққы алып, кері шегі­нуге мәжбүр болған. Ұрыс да­ла­­сындағы Жәңгір батырдың қосы­­нына Самарқаннан суыт жеткен Жалаңтөс баһадүр бастаған 20 мың қол қосылып, жаудың сағын сындырған алғашқы жеңіс туы көтерілді.

Орбұлақ шайқасындағы Жәң­гір хан­ның соғыс тактикасы жайында орыс тарихшысы И. Левшин «Ол ашық шай­қастан қа­шып, аздаған адамдарының бір бө­лігін екі таудың арасы­мен сайға орналастырды. Олар жер­ді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгер­лердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп ада­мынан айырылған соң, оларды қор­шап алуға алаңның тарлығы мүм­кіндік бермеді.

Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан ша­буылдады» деп жазған екен өз естеліктерінде. Ал Тобыл әске­ри бекінісінің қызметкер­лері Григорий Ильин мен Кучем­бер­дей­ко Кучеевтің күнделіктерінде Батыр қонтайшының Белжайлау­дағы ордасына барғаны жайлы айтылады. Орыс елшілері қоңтайшының Орбұлақ шайқа­сын­дағы жеңілістен кейін алты ай бойы ордадан шықпай жатып алғанын, бұларды оның әйелі қабылдағаны жайында жазба қалдырған.

–1643 жылғы бұл соғыс – ерекше соғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қазып, оқ­пана жасап бұлай шайқасқан емес. Орын алған жағдайға байланысты қазақ қолбасшылары тың әдістерді ойлап тапқан. Жердің ыңғайына қарай әскери тәсілдерді қолданса саны өздерінен ондаған есе көп жау жасақтарын тос­қауылдауға болатынын іс жүзінде көр­сет­кен. «Жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз халық үшін басын бәйгеге тіккен. Сонымен қатар Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі. Қазақтар қалмақ жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы білді. Бірақ ешкім жан сауғалап ыққан жоқ. Барлығы бір байламға тоқтады, бір мақсатқа тас түйін бекіді, – дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.

Күні кеше Талдықорған қаласының атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы қайта сахналанды. 1500 көрерменге көзайым болған көрініс алғаш рет 2015 жылы қойылып, жұрт­тың қызығушылығын туғызған еді. Ал биылғы қойылым Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы негізінде Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы қарсаңында жүзеге асты.

...Әп-сәтте шайқас алаңына айналған атшабарда қазақ пен жоңғар әскерінің кескілескен ұрысы жүріп жатты. Мыңға жуық адамның көне заманғы сауыт-сайман киіп, жарақ асынып атой салғаны көрерменді рухтандырды. Жұрттың тіл ұшында «Бұл бір тарихи киноға лайық қойылым екен...» деген ой кетті. Шынында, Орбұлақ шайқасындағы қазақ батырларының ерлігі Батыс елі жыр қылып айтатын «300 спартандықтардың» ерлігінен еш кем емес екені анық, одан қалды орыс тарихындағы «Бородино», «Куликово» ұрыстарымен бірге әспет­тей­тін ұлттық құндылыққа айналуы тиіс.

– Қазақтың жерін жауға бермеген ата-бабаларымыздың ерлігін көз алдымыздан өткізіп көрдік. Бұл тарихи жеңіске арналған қойылым осымен екінші рет сахналанып отыр. Оған актер, каскадерлермен қоса алғанда барлығы 1500 адам қатысты. Бабалар жеңісі ұлықталып, ұлт бірлігін айғақтайтын шараның мән-мағынасы терең. Ресейде Мәскеудің жанында болған Бородино шайқасын жиі қайталап көрсетеді. Еуро­пада болған Ватерлео шайқасына да ар­найы қойылым ұйымдастырылады. Оған туристер арнайы барады. Біз неге қазақ­тың осындай батыр болған кездерін көрсетпейміз? Осы ниеттен туған жобаны қолдадық. Бұл қойылым жастарға үлгі болады. Ерлікті ешқашан ұмытпауы­мыз керек. Оны біліп, мақтанып, балалар­ға үйретуіміз керек, – дейді Алматы об­лы­сы­­ның әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы