Жезқазған қаласының мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде есте қалған Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалі жоғары деңгейде өтті. Биыл үшінші рет жалау желбіреткен өнер сайысы театр тарланының туғанына 70 жыл толуына арналған еді.
Еске салсақ, бұл фестивальдің тұсаукесері 2017 жылы Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының 45 жылдық мерейтойы аясында аймақтық деңгейде өткен еді. Енді міне, ол қанатын кеңге жайып, халықаралық мәртебе алған дәрежеге жетіп отыр.
Өнер байқауының шымылдығы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры ұжымының өнер тарланы Ж.Хаджиевті еске алуға арналған сахналық қойылымдармен түрілді. Мәскеудің М.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітірген 17 жас өнерпаз түлек осыдан тура 47 жыл бұрын ешқандай кәсіби театры жоқ өңірге келіп, киелі шаңырақты бірлесе көтерген еді. Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев сол бір жалынды жастық шақта бірге оқып, сахнада қатар еңбек еткен Жанат досы туралы тебірене толғанып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мәдени шараға қолдау білдірген облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына шынайы алғыс сезімін жеткізді. Бұдан соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елордадағы жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай сөз алып, Жанат Әубәкірұлы туралы тағылымды естелік айтып, ізгі шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді.
Жезқазғанның мәдени өмірін бес күн дүбірге бөлеген өнер байқауында сегіз театр өнер көрсетті. Олардың арнайы дайындап әкелген қойылымдарының көрермен тарапынан зор қызығушылық тудырғанын айта кеткен ләзім. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры фестивальге «Ұмытыңдар оны» («Герострат тірі екен») трагикомедиясының қойылымымен қатысты. Орыс жазушысы Григорий Горин қаламынан туған бұл шығарма – әлемдік театр өнерінің классикасына айналған Герострат туралы аңыз. Фестиваль қойылымдары одан әрі Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымы ұсынған Б.Мұқаевтың «Сергелдең болған серілер» комедиясына, А.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры әртістері сахналаған Ж.Ануйдың «Сфорцандо» трагифарсына ұласты. Әрбір қойылым соңынан қазылар алқасы құрамындағы театр мамандары спектакльдерді жан-жақты әрі ашық талқылап отырды. Фестивальге Семейдің Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры Иран-Ғайыптың «Адасқан бақ құсы» спектаклін әкеліпті. Режиссер Е.Төлеубайдың қоғамның шер-шемені іспетті бұл қойылымына байланысты екіұдай пікір білдірушілер болды. Негізінде, әртістердің сахнадағы ойын-өрнегі тартымды шыққан. Керкеткен патша-әміршіні сомдаған Бауыржан Төлековтің, Қосүрей (арқалары жабысқан сиам егіздер) рөліндегі Азамат Нұрғабыс пен Сәндібала Бекбаеваның, Бақ құсы болған Әлия Таңатарованың әртістік шеберліктеріне көрермен қауым ризашылығын білдірді. Өзбекстанның «Турон» Мемлекеттік әскери театры фестиваль талқысына «Өлең» музыкалық драмасын ұсынды. Сондай-ақ Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» трагедиясы, М.Вохидов атындағы Тәжікстан мемлекеттік жастар театры сахналаған А.Фирдоусидің «Знамя Ковы» тарихи драмасы да өнер ұжымдарының өзіндік ізденістері мен ішкі мүмкіндіктерінің мол екендігін көрсетті.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, көрермен қауым мен қазылар алқасы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры әзірлеген спектакльдің сахнаға шығар сәтін асыға күткені рас еді. Бұл театр – тарлан режиссер Жанат Хаджиев қойылымдарының қолтаңбасының табы қалған әрі ірі сахна шеберінің өзіндік мектебі қалыптасқан ұжым болғандықтан, мұның өзі шалғай өңірдегі театрға айрықша жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Бұл жолы көреремен назарына Шыңғыс Айтматовтың жуырда ғана премьерасы өткен «Шыңғысханның ақ бұлты» эпикалық драмасы ұсынылды. Қоюшы режиссер Теміржан Жанботаевтың аталған драманы сахналауға үлкен ізденіспен келгені байқалып тұрды. Әлемнің көптеген бөлігіне билігін жүргізген қаhарман қолбасшы туралы кесек қойылым үмітті ақтап, көпшілік көңілінен шықты. Шыңғысхан рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақбаев сомдады. Спектакльді талқылау барысында қазылар алқасының төрағасы, профессор Нұрқанат Жақыпбай бастаған театр мамандары да эпикалық драманы жаңа нұсқа ретінде қабылдағандарын айтып, оң бағасын берді. Актерлердің сахнада бір кісідей жұмыла ойнауы жақсы әсер қалдырғанын атап өтті. Кейбір ұсыныс пен сыни пікірлер де ортаға салынды. Мәселен, өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының Театртану және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан: «Спектакльдің басым бөлігі Шыңғысханның балалық, жігіт шағынан бастап, қолбасшы болып тұлға ретіндегі қалыптасу кезеңін қамтиды. Мүмкін осыны ықшамдау керек пе еді», деген ой білдіріп, жалпы спектакльдің жақсы әсер қалдырғанын жеткізді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы, өнертанушы Меруерт Жақсылықова қойылымда ішкі-сыртқы дайындықтарды жақсы көрсеткенін, тек жарықты дұрыс беру сияқты техникалық мүмкіндіктердің жеткіліксіздігі байқалып қалғанын тілге тиек етті. Басты рөлдегі С.Бұлғақбаевтың кейіпкер образын шығарудағы шеберлігіне жақсы баға берді.
Фестивальге келген қонақтар қазақ театр өнерінің ірі қайраткері Жанат Әубәкірұлының есімін ұлықтап, қаншама сырт елдердің театрлары мен өз өнерпаздарымыздың қатарласа өнер көрсетіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызған осы шараны ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жеткізді. Бұл – ұлттық мәдениетті, дәстүрді сақтауға, театрлардың жаңарып отыруына және рухани өсуіне жақсы ықпалын тигізетіні айрықша айтылды. Театр өнеріне – туризмнің көзі ретінде қарау керектігі де ұсынылды. Фестивльге қолдау жасау үзіліп қалмаса екен деген ізгі тілектер білдірілді. Уфа мемлекеттік өнер институты Тарих және өнер теориясы кафедрасының меңгерушісі, театр сыншысы Айсылу Сағитова: «Қазақстанда өнерге, кәсіби театр өнеріне жақсы мән берілетіндігі байқалады. Әртүрлі фестивальдер жиі өткізіледі. Бұл театрлардың өсуіне үлкен ықпалын тигізуге тиіс», деді.
Қатысушы театрлардың барлығына салтанатты жағдайда Ж.Хаджиев атындағы фестивальдің арнайы дипломдары, кәдесыйлар мен ақшалай және атаулы сыйлықтар тапсырылды. «Үміт» аталымы сыйлығына Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Мақсат Рахмет, осы театрдың белді актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин «Екінші пландағы үздік ер адамның рөлі», Бішкек қалалық драма театрының актрисасы Жайнагүл Абдусаламқызы «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымдарына ие болды. «Үздік актерлік ансамбль» аталымы А.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театрына, «Қазылардың арнаулы сыйлығы» Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрына, «Үздік музыкалық спектакль» аталымы Өзбекстан театрына, «Үздік режиссура» сыйлығы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының режиссері Теміржан Жанботаевқа, Ж.Хаджиев атындағы арнаулы жүлде Тәжікстан мемлекеттік жастар театрына тапсырылды. Жезқазған театрының бастамасымен, оның ішінде кезінде қатарлас еңбек етіп, үлкен өнер шаңырағының іргетасын бірге қаласқан және осы игі іске ұйтқы болып Жанат режиссердің рухын көтеріп жүрген Досжан Жанботаевтың еңбегіне шынайы ризашылығын білдірген Жәкеңнің зайыбы Рашида Хаджиева өз атынан оған 3 мың доллар ақшалай сыйлығын ұсынып, құрмет көрсетті.
Халықаралық фестивальдің қонақтары бұл мәдени шараның Жанат Хаджиев сияқты майталман режиссердің еңбегін кейінгі жастарға жеткізіп, насихаттауымен құнды болды дегенді бірауыздан айтты. Шалғайдағы Жезқазғанда осындай халықаралық деңгейдегі байқаудың өтуі – өнер тарланының театр шамшырағын жарқыратып жағып кетуінің жемісі. Сол шамшырақ дәйім сөнбесін дейік.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы