Ақтөбе мен Оралдың арасына «Тальго» жүрдек пойызы арқылы қатынап тұратынымыз бар. Халық ауыз әдебиетінде естігенімді айтайын ба, жоқ әлде көргенімді айтайын ба деген тіркес бар ғой. Сол айтылғандай Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекараларын жалғайтын Жайсаң-Шағаршын өткізу бекетінің тұсында пойыз терезесінен автокөліктердің тұтастай 1-2 шақырымға созылатын ұзын-сонар кезегін көріп жүрміз. Кейінірек осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу барысында бұл автокөліктер негізінен шекаралас Ақтөбе мен Орынбор облыстарының кәсіпкерлеріне тиесілі екенін білдік.
Тиісті бақылаулар шекаралық тексеруден өтуі үшін өткізу бекетінде жеңіл автокөліктер 5-6, жүк көліктері 10-12 сағат, ал ірі көлемдегі фуралар кейбір кездерде тұтастай тәулік бойы кезек күтіп тұрып қалатынын көрсетеді. Әрі мұндай көрініс біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Соның ішінде жаз айларындағы ыңғайсыздық, текке кеткен есіл уақыт пен шығынды айтсаңызшы. Мұндай кідірістің басты себебі неде? Айталық Қазақстан жағындағы шекаралық өткізу бекетінде жолаушыларға арналған автобустар мен жеңіл автокөліктерге, сонымен бірге ірі жүк көліктеріне арналған дербес, көп жолақты жол дәліздері болса, Ресей жағында жоғарыда аталған барлық автокөлік түрлері бір жолақ, бір кезек бойынша өтеді. Автокөліктер кептелісі мен оның ұзақ уақыт тұрып қалуының сыры осында екен.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік өкілдігінен алынған деректерге сүйенсек, аталған шекаралық аймақтар арасында 2016-2019 жылдары жолаушылар мен жүк тасқыны тасымалы 40 пайызға ұлғайған. Осы аралықта көлік құралдарының үлесі де 25 пайызға көтерілген. Осы жалпы көлік тасқынының 58 пайызы Жайсаң-Шағаршын өткізу бекетінің үлесіне тиісті екен.
Бұл туралы палата өкілдігінің құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Руслан Күйшінов айтып берді. Біз жоғарыда автокөлік бекетінде ұзын-сонар кезектің пайда болуына Ресей жағында тек бір ғана жолақ болуы әсерін тигізіп жүргенін айтқанбыз. Бұл жөнінде Ресейдің сарапшы мамандары мен өкілдердің ой-пікірі айтылмаса, мұның бәрі Шерағаңша айтқанда «бір кем дүние» болып шығар еді. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, әйтеуір іздеген, ойға алған адамымызды тауып, оған жолығудың да сәті түсті. Ол Орынбор облысы кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Виктор Коршунов еді.
Оның ойынша, «Жайсаң-Шағаршын өткізу бекетінің төңірегінде түйінделген түйткілдер күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан да бұл мәселе барлық деңгейдегі қоғамдық алаңдарда айтылып талқылануда. «Бұдан бөлек мен аталған проблемаға қатысты жайттар жөнінде Орынбор облысының губернаторы Денис Паслерге қызметтік жазбаша хат жолдадым. Бұл кезде ол аталған лауазымды уақытша атқарып жүрген-ді. Бұдан соң Орынборға Ресей Көлік министрі Евгений Детрих арнайы келді. Сол кезде Шағаршындағы жайсыз жағдайлар тағы да ортақ тақырыптың арқауына айналды», деді ол.
Виктор Коршуновтың мәлімдеуінше, Ресей Көлік министрінің сол сапарында Жайсаң-Шағаршын шекаралық бекетінде туындаған мәселелерге қатысты тиісті бағдарлама қабылданған. Соған сәйкес алдағы 2020 жылы автокөлік жолақтарын кеңейту, әрі мұндағы ескірген жүйелер мен инфрақұрылымдарды техникалық тұрғыдан қайта жаңғырту жөнінде жобалау-іздестіру жұмыстары басталмақ. Ал 2021-2024 жылдары ресейліктер мүмкіндігі қазіргі күйдегісінен 8 есе жоғары жаңа өткізу кешеніне қол жеткізбек. Бұл әзірше жоба мен жоспар ғана. Сөз арасында ресейлік уәкіл бұған ұқсас жағдай Ақтөбе мен Орынбор арасындағы өзге шекаралық бекет арасында кездесетінін, айталық Первомайское-Жиренқопа бекетінде керісінше Ресей жағында үш жолақ барын алға тартып, ал Қазақстан жағында кең жолақ кішірейіп бір жолаққа айналып кететінін алға тартты.
Бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге қатысты оны күн, апта сайын өз бастарынан өткізіп жүрген кәсіпкерлер мен бизнесмендердің ой-пікірлері де мәселенің мәнісіне тереңдей түсуге әсерін тигізбек. Осы орайда «Болат ЛТД» ЖШС-нің құрылтайшысы, өңірге белгілі кәсіпкер Асқарбек Мамырбаевтың жанайқайына құлақ түріп көргеннің артықшылығы жоқ секілді. Ол жемістердің бірнеше түрін, соның ішінде таңқурайды өнеркәсіптік негізде өсіріп, өндіруге, әрі шекаралас өңір тұрғындарына өткізуге маманданыпты. Оның бәрі жаз айларында әзір болатын маусымдық өнімдер екені белгілі. Кәсіпкердің жігерін құм қылатын жайт күннің ыстық кезеңінде сағаттап, тәулік бойы өткізу бекетінде кезек күтіп тұру маңдай термен өсірген өнімдердің бұзылып кетуіне әсерін тигізетіндігі. Содан соң ол бізге төмендегідей тұжырымдарын айтып берді.
Біз міне, бірнеше жыл бойы Еуропалық экономикалық кеңістік шеңберінде өмір сүріп келеміз. Оны құрудағы басты мақсат тауарлардың емін-еркін алмасуы мен еңбек ресурстарына даңғыл жол ашу емес пе еді. Дәл осылай болуы керектігін шекаралық мемлекеттер ынтымақтастығы форумдары кезінде сол елдердің басшылары да ұдайы айтып келеді. Осындай жағдайда Жайсаң-Шағаршын шекаралық өткізу бекетінде жүк көліктерінің 10-12 сағат кезек күтіп тұруы жан төзгісіз жағдай. Бұған дейін мұндай ұзақ кідірістің себебін кедендік бақылауға жаба салатынбыз. Қазіргі кезде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасында мұнда кедендік бақылаулар алынып тасталды емес пе? Сонда шекарашылар неге шұқшиып қарайды, біз неге сол кездегідей проблемаға қайта кезігіп отырмыз деп қынжылады ол. Рас, бұған дейін Ресей жағындағы автокөлік жолының 45-50 шақырымы жүруге мүлдем жарамсыз болатын. Қазір Орынбор қаласынан Шағаршын өткізу бекетіне дейін тақтайдай тегіс трасса салынды. Өте жақсы. Алайда ресейліктер өткізу жолақтарын кеңейтуді бір жыл жобаласа, бұдан соң оны екі жыл салса, оны бүгінгі зымыран уақыт көтере ала ма? Сондықтан да бұл уақытты қысқарту мүмкіндігін қарастырса – ұтымды болмас па еді. Осы мәселе алдағы қараша айында Ресейдің Омбы қаласында өткізілетін Ресей мен Қазақстан шекаралас өңірлері ынтымақтастығы XVI форумының күн тәртібіне кіргізілгенін қалаймыз деді бұдан әрі А.Мамырбаев.
Несі бар, бұл әбден қолдауға тұратын ойлы ұсыныс-пікір деген ойдамыз. Сондай-ақ «Экспресс груз» ЖШС-нің директоры Айгүл Сақтағанованың пікірінше, шекаралық бекеттің тек Ресей жағында ғана емес, сонымен бірге қазақстандық бөлігінде де алаңдатарлық ахуал жоқ емес. Соның ішінде транзиттік тасымалдаушылардың қолдан жасалған жасанды бөгеттерге тап болып қалатындығы. Осындай көрініс экспорттық бақылау ісінде де қылаң беріп қалып жүр. Бір сөзбен айтқанда, қағазды апару мен әкелудің өзі біраз уақыт алады. Біздің ЖШС-де жұмыс жасайтын жүргізушілер шекарада табаны күректей жарты тәулік бойы тапжылмастан кезек күтіп тұрады дейді компания жетекшісі. Оның сөзінің түп-төркінінен ұққанымыз екі ел арасындағы сауда-саттыққа байланысты қарым-қатынастар кезінде арнайы келісімшарт жасалып, оның жеткізілу уақыты көрсетіледі.
Бұл шарт автокөліктердің шекара бекетінде ұзақ уақыт тұрып қалуына байланысты орындалмай қалады екен. Осындай факторлардың салдарынан қазақстандық кәсіпкерлердің белгілі бір тобы соңғы кезде Ресей бағытына тауар мен жүк жеткізуден бас тартқан көрінеді.
Қалай дегенде де Жайсаң-Шағаршын шекаралық өткізу бекетінде бүгінгі күні қалыптасып отырған күрделі жағдай оған жеделдік пен ілкімді көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Өз кезегінде бұл мәселе жергілікті қазақстандық әкім мен ресейлік губернатор деңгейінде емес. Тұтастай мемлекетаралық келісім тұрғысынан шешімін табу керектігі ешқандай талас туғызбайды. Сондықтан да қазақстандық кәсіпкер Асқарбек Мамырбаев орынды қозғағандай аталған проблемалық мәселе алдағы қараша айында Ресейдің Омбы қаласында өткізілетін Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлері ынтымақтастығы XVI форумының күн тәртібіне енгізілсе бұл іс күрделі жағдайдың оң бағытқа қарай тезірек бұрылуына ықпал жасай алар еді демекпіз.
АҚТӨБЕ – ОРЫНБОР – АҚТӨБЕ
Суретте: Жайсаң-Шағаршын шекаралық өткізу бекетінен көрініс