Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының VI съезі өтті. Оған Премьер-Министр Асқар Мамин, ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, мемлекеттік органдар және еліміздің 17 өңірінен бизнес-қоғамдастықтар атынан делегаттар қатысты. Съезд барысында палатаның атқарылған жұмысы туралы есебі, «Атамекен» ҰКП дамуының жаңа мақсатты моделі және бизнестің түйткілді мәселелері қаралды. Съезд жұмысын ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жүргізді.
Премьер-Министр Асқар Мамин съездегі сөзінде мемлекет басшылығы алға қойған экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыру үшін Үкімет пен «Атамекен» ҰКП тығыз өзара іс-қимыл орнатқанын атап өтті.
Бүгінде еліміздің белсенді тұрғындарының 30%-дан астамы шағын және орта бизнеспен айналысады. Экономикадағы ШОБ үлесі 28,5%-ды құрайды.
«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, біздің алдымызға аталған көрсеткішті 2025 жылы 35%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жөнінде стратегиялық міндет қойылған. Бұл үшін жүйелі және құрылымдық шаралар кешені қабылданып жатыр», деді А.Мамин.
Өңдеу өнеркәсібі, отын-энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік және логистика салаларының инвестициялар тартуға үлкен әлеуеті бар.
«Біз отандық бизнесті аталған процестерге белсене қатысуға шақырамыз және қазақстандық әрі шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауға тырысамыз», деді А. Мамин.
Атқарылған жұмыстар арқылы Қазақстанның Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингіндегі позициясы 25 орынға дейін көтерілді. Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында заңнамалық бастамалардың 8-пакеті әзірленуде. Бұл банк шоттарын ашу, кәсіпорындарды тіркеу, соның ішінде ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу рәсімдерін одан әрі жеңілдетуге, сондай-ақ миноритарлық акционерлерді қорғауды күшейтуге бағытталған.
«Кәсіпкерлердің адалдық презумпциясы» қағидалары заңнамалық түрде қойылады. Барлық белгісіздіктер және әрекет етіп тұрған заңдармен реттелмеген мәселелер кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына қарай түсіндіріледі. Бизнес пен азаматтарға қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты «өтпелі кезең» қарастырылған», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылған жылдары 2,5 трлн теңге жалпы несие сомасына 14 мыңнан аса жоба субсидияланғанын атап өтті, төленген субсидиялардың жалпы көлемі 240 млрд теңгеден асқан.
«Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, оны іске асыру мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылатын болады», деді А.Мамин.
Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында 24 мыңға жуық шағын несие берілген. Нәтижесінде 22 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 3 жыл ішінде бизнес жүргізу негіздеріне 88 мыңнан аса адам оқытылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қосымша 300 мыңға жуық адам қамтылатын болады.
Премьер-Министр жергілікті қамтуды дамыту ерекше бақылауда екенін айта келіп, «ішкі нарықты қауіпсіз емес әрі сапасыз өнімдерден қорғау шаралары қабылдануда, «қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесінің қызмет аясы кеңейтілді, импорт алмастыру үшін 10 басымдықты тауарлық топтар анықталды», деді.
«Бұл импорттың 5 млрд долларға жуық қысқаруын қамтамасыз етуге, инфляция импортын және несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар үшін мемлекет барлық қажетті қолдау шараларының пакетін ұсынатын болады», деді А. Мамин.
Кәсіпкерлікті дамыту көбіне-көп өңірлік сипатқа ие. Осыған байланысты Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп өңірлердегі өсу көздерін анықтау үшін елдік скрининг жүргізді. Бүгінде жүйеге респонденттер туралы 1,8 млн-ға жуық мәлімет жүктелген. Сауалдама еліміз бойынша 6 мың елді мекенде жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, мемлекеттік қолдау шаралары «аудандық және ауылдық округтер деңгейінде» әзірленетін болады.
Үкімет басшысы маңызды міндет ретінде қосылған құны аса жоғары шикізаттық емес тауарлардың экспортын арттыру міндетін атады. Осы мақсатта алдағы 3 жылға 500 млрд теңге қаржы бөлінген. Экспортты әртараптандыру үшін 7 тауарлық топ анықталған.
«Үкімет Қазақстанда бизнес жүргізуге ең қолайлы жағдай болуы үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Біз бизнес-ортаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз», деп түйіндеді А.Мамин.
Съезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысшы органдарының есебі тыңдалып, алға қойылатын міндеттер айқындалды.
«Атамекен» қызмет етуінің алты жылы ішінде Үкіметпен бірге жүйелі негізде бизнес-ортаны жетілдіру бойынша жұмысты жүргізуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстандағы іскерлік ахуалды түбегейлі өзгерту бойынша 7 ауқымды заң қабылданды. «Атамекен» сарапшылары 621 жүйелі проблеманы анықтады, соның ішінде 490 мәселе (79%) шешімін тапты.
Қазіргі таңда процедуралар санын қысқарту, әкімшілік кедергілерді азайту, сонымен қатар бизнестің уақытша және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған түзетулердің 8-ші пакетін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай бизнес-тізілімін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған бизнес-тізілім барлық мемлекеттік органдардың деректер базаларымен біріктіріледі. Бірыңғай бизнес-тізілімді іске қосу 2020 жылдың екінші жартысына жоспарланған. 2019 жылы «Атамекен» елдегі 5 ірі сауда алаңы мен 100 мыңнан астам тауар позицияларын біріктіретін «Сатып алулардың бірыңғай терезесін» іске қосты.
Съезд барысында Ұлттық палата «Atameken Digital» дамудың мақсатты моделін таныстырды. Енді «Атамекен» ҰКП-ның барлық сервистері бірыңғай цифрлы алаңға топтастырылады, онда кез келген кәсіпкер қызметтерді қашықтықтан қолдана алады.
Талқылау барысында Ұлттық палата қаржыландырудың қолжетімділігі және отандық кәсіпкерлердің сатып алуларға қатысу арқылы импортты алмастыру мәселелері мен АӨК саласында субсидиялардың төленбеуін қоса алғанда, бизнестің түйткілді проблемаларын көтерді.
Жиында талқыланған тағы бір мәселе – экономиканы несиелеудің төмендеуі. Оған Ұлттық банктің деректері дәлел: 2019 жылдың 9 айы ішінде заңды тұлғаларды несиелеу үлесінің бүкіл қарыз беру портфелінен 11%-ға немесе 7,9 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін қысқарған.
Тағы бір үлкен мәселе – өткізу нарықтары. Мұндағы мәселелерді шешу үшін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Импортты алмастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.
Салық салу саласында ҰКП «салықтық демалыс» кезеңінде тікелей қолданылатын қарапайым әрі түсінікті Салық кодексін әзірлеу, Еңбекақы қорынан салық салу базаларын сәйкестендіру, оны бірыңғай төлемге біріктіріп, жүктемесін 20-25%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Бизнестің қолданған жауапты шаралары ретінде: онлайн бақылау-кассалық машиналар, POS-терминалдарды орнату, бухгалтерияны цифрландыру, «сұр аймақтан» шығу ұсынылды.
Бұдан бөлек «Атамекен» отандық шаруаларды қолдады, шаруалар 36 млрд теңгеден астам сомада субсидияларды толық ала алмай отыр. Ұлттық палата субсидиялар бойынша қарызды төлеу үшін Үкіметтің қорын пайдалануды, сонымен қатар орын алған ситуация себептерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды.