Жапонияның 126-шы императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысуға шақыруы мемлекеттеріміз арасындағы қатынастың жоғары деңгейін ғана емес, сонымен бірге Күншығыс елінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне деген құрметін көрсетеді.
Әлемнің 130 елінің басшылары қатысқан жаңа императордың таққа отыру рәсімінің жапон халқы үшін маңызы зор. Себебі жапондар «Рейва» жаңа дәуіріне аяқ басқалы отыр.
Жапондар үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі ұстанымы ерекше символдық мәнге ие екені жасырын емес. Жапония ядролық шабуылдың қасіретін бастан кешірген әлемдегі бірден-бір мемлекет ретінде Н.Назарбаевтың бейбіт бастамаларын, әсіресе жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларын жоғары бағалайды.
Бүгін де біздің еліміз – ядролық қаруды таратпауға елеулі үлес қосқан жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы. Осыны ескере отырып, 2008 жылы бұрынғы император Акихито Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Жапонияның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Ұлы таспадағы Хризантема орденін» тапсырған еді.
Қазақстан мен Жапонияның антиядролық ұстанымы – екі елдің халықаралық аренада тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз ететін маңызды идеологиялық элемент.
2015-2017 жылдары Қазақстан мен Жапония ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне ықпал ету үшін 9-шы конференцияның тең төрағасы болды.
Екі елді жақындастыратын тағы бір маңызды сала – Корея түбегіндегі денкулизация мәселесі. Қазақстанның мұндағы ядролық дағдарысты шешудегі бастамалары Токиода толық қолдау мен түсіністікке ие.
Ерлан МӘДИЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы