• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қазан, 2019

Масылдыққа жол бермеу керек

178 рет
көрсетілді

Ел Президентінің халыққа Жолдауы аясында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Үкімет мүшелері шаһардағы білім беру саласымен танысып, №65 мектеп-гимназияда ұстаздармен кездесті. Жиында оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясаты орта білім беру стандартының негізі болуы тиіс екені айтылды.

«Мемлекет басшысы білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерді белгілеп берді. Қазір білім саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалуда. Одан бөлек, педагогтар мәртебесі туралы заң жобасы Мәжілісте қара­луда. Артық жүктемелерді азайту, ұс­таздардың жауапкершілігін артты­ру бағыттары бар. Жалпы, мәселе көп. Ашып айтыңыздар. Біз осы мақ­сатта өңірлерді аралап жүрміз. Пікір­леріңізді ескереміз», деді Бердібек Са­парбаев.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтар мәртебесі туралы заң жобасын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамытуда Шымкент көш бастап келеді. Биыл бұл мақсатта 10 жекеменшік мектеп ашылған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ жиында ұстаздар тарапынан ұлттық тәрбиені күшейту, әлеуметтік жағдайды кө­теру, мектептердегі орынсыз тексе­ру­лерді азайту мәселелері көтерілді.

Мемлекет басшысының «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдауының өңірлерде орындалуы жөніндегі есепті кездесуде Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Бердібек Са­пар­баев қаладағы әлеуметтік мәселелер бойынша тұрғындардың пікірін тыңдады.

Ашық диалог форматында өткен жиында атаулы әлеуметтік көмек төңірегіндегі кейбір келеңсіздіктер сөз болды. Сондай-ақ Жолдаудағы көз­делген негізгі тапсырмалардың орын­далуы бойынша халықпен пікір­лесті.

«Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықты әлеуметтік қолдау мақсатында бюджеттен 250 млрд теңге қаржы бөлінді. Соны­мен қатар халық арасында несие төлеуден кешігіп, айыппұлы өсіп кеткен шығындарды өтеу үшін 142 млрд теңге жұмсалды. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру үшін қоғам мен билік ортасындағы кері байланысты оңтайландыратын тиісті құжаттар әзірленуде. Халықтан келген бірде-бір сұрақтар жауапсыз қалмауы керек. Әр өңірде құрылған қоғамдық кеңестің жұмысында да кемшіліктер жетерлік, ашықтық жоқ. Сондықтан халық арасында жиі сауалдама өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік сауалдама бойынша көрсеткіші 30 пайыздан төмен болса, жедел түрде мәселесі қаралатын болады», деді Бердібек Мәшбекұлы.

Естеріңізге салар болсақ, Шым­кент қаласында биылғы тоғыз айда атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) бөлінген 22,3 млрд теңгенің 14,6 млрд теңгесі, яғни 65,5 пайызы игерілген. Ал АӘК алуға өтініш бергендердің саны биыл 6,9 есеге артқан. Бұл көрсеткіш атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа моделін жасауға түрткі болып отыр.

Осы орайда мемлекет тарапынан шын мұқтаж жандарға көрсетілген көмекті орта жолдан қағып кеткісі келетіндер аз болмапты. Жергілікті әкімдік мүшелерінің айтуынша, атау­лы әлеуметтік көмекке құжат тап­сыр­ған мұқтаждар қатарында 7 596 от­басының табысын жасырғаны анық­талды. Қазіргі уақытта 2 529 отба­сына тағайындалған 1 530 млн теңге көлеміндегі төлемдер толық тоқ­татылды.

Ел қазынасынан бөлінген қаржы­ның жұмсалуын қадағалау мақ­сатында қала әкімдігі тарапынан жүр­гізілген зерттеулер мен тексерулер нәтижесінде 271 отбасына хабар­ландыру таратылып, оның 3-уі ғана өз еркімен 828,4 мың теңге қаржы­сын бюджетке қайтарған. Қазіргі таңда 5 116 отбасының әлеумет­тік төлемдеріне қайта есептеу жұмыс­тары жүргізілуде. Бүгінге дейін 4 255 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған қаржы 1 037,4 млн теңгеге кемітілді.

Бұл жөнінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы билік бір­лесіп жұмыс істеуде. «Ең басты­сы атаулы әлеуметтік көмекті тағай­ын­дауда масылдыққа жол бермеуіміз қажет», дейді сала басшылары.

Тұрғындар мен сала маман­да­рының пікірін тыңдаған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отба­сы­ларға көмектесетінін жеткізді. Әрі ең­бекке қабілетті азаматтар жұ­мыс істеуге ниетті болса, мемлекет жұмыс­қа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға көмектесетінін атап өтті.

 

ШЫМКЕНТ