• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қазан, 2019

Адалдық

2306 рет
көрсетілді

Кеше мен бір ерлік жасадым. Кешке қарай жарты сағат таза ауада жүретін әдетім бар еді. Көшені жағалап келе жатыр едім, бір әйел адам асыға адымдап, мені басып озды. Ол біраз ұзағаннан кейін сәл тоқтап, телефонымен жүре сөйлесіп кете барды.

Ойымда ештеңе жоқ, сәл жүргеннен кейін жаяу жүргіншілер жолына төселген брусчатканың үстінде қобырап жатқан әлденеге көзім түсті. Еңкейіп қарасам, он мың теңгелік бір бума ақша екен. Жан-жағыма қарасам, жақын маңда ешкім жоқ. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, ақшаны алып қалтама сала қойдым. Бірақ «біреудің ала жібін аттама» деген ұлттық ұлағат бұл райымнан тез қайтарды. Көше айналып, ұзап кеткен бейтаныс әйелді қуып жетіп, «Сіз ештеңе жоғалтқан жоқсыз ба?» дедім. Ол жалма-жан сөмкесін ақтарып, «ойбай, ақша» деп баж етті. Мен бума ақшаны қолына ұстаттым. Бейтаныс адам алғысын жаудырып жатты. Осы сәтте әр адамның бойы­нан табылатын адалдық атты қарапайым да табиғи қасиеттің құдіреті менің де жүрегіме жылылық ұялатып, көңіліме қанат бітіргендей жан дүниемді сергітіп сала берді...

Адалдық – асыл қасиет. Бірақ ол – жас шыбық сияқты өте нәзік. Егер бағбан жерге отырғызған жас шыбығын күнде баптап, қисық өскен бұтақтарын түзеп, күтім жасамаса, ол тереңге тамыр жайып жайқала өспеген болар еді. Адал­дық та сол сияқты. Ол барлық адамның бо­йын­­­да кездесетін табиғи қасиет бол­ғаны­­мен, тәлімді тәрбиені қажет етеді. Егер өскелең ұрпақты жастайынан шын­шылдыққа, әділдікке, біреудің еңбе­гін қанамауға, өзгенің несібесіне қол сұқ­пауға тәрбиелемесе, олардың бойындағы табиғи адалдықты кір шалады.

«Есіл өңірінің өрімдей қос өрені Ақан мен Әдемай астанада табысты. Бірін-бірі бірден ұнатып, үлкен өмір сапарын бірге бастауға сөз байласты. Шексіз сүйіс­пеншілік сезіміне берілген екі жасты ажыратар құдірет жоқ сияқты көрінді оларға. Бірақ тағдыр таразысы балауса жастарды күтпеген жерден қатал сынға тап қылды.

Құрылыста жұмыс істейтін Ақан кездейсоқ құлаған бетон плитаның астында қалып, екі аяғынан бірдей айы­рылды. Алып-ұшып ауруханаға жеткен Әдемайды Ақан суық қабылдады. Төсегіне төнген қыздың қолына бір жапырақ қағаз ұстатып, теріс қарап кетті. Қысқа хатта ол Әдемайға деген өзінің шынайы ризалығын білдіріп, енді өзіне қарайлап бақытын байламауды өтініпті.

Бұл тосын жай жас қызды сары уайым­ға салып, қатты толғандырды. Жақын достары мен ағайындары да он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткеннің мүгедек адаммен тұз-дәмі келіспейтінін айтып, Ақаннан күдер үзуге үгіттеді. Тіпті ата-анасы да мүгедек жанды күтіп, жас өмірін қор қылмауын үзілді-кесілді талап етті. Алайда, жас қыз шынайы махаббатына деген адалдығынан таймады. Ол жар алдында берген антын бұзбай, Ақанның үйіне келін болып түсті. Ауыр кезде сүйген жігітіне сүйеу болып, адал махаббаттарын асқақтатып өтті...».

Міне, бұл – адалдық құдіретінің нақты бір ғана көрінісі. Жар алдындағы антына беріктік, шынайы махаббатқа деген кіршіксіз тазалық – нағыз адалдық. Қатар жүрген досыңның әрбір табысына, қарапайым адами бақытына қуану – ол да адалдық. Ата-анаңның ақ сүтін ақтап, қартайғанда қамқор болу – перзенттік адалдық. Кісі ақысына көз алартпай, тіршіліктегі несібеңді шынайы еңбек, маңдай теріңмен табу – адамгершілік адалдығың. Егемен еліңнің ертеңіне енжар қарамай, ұлттық болмысыңды шыңдау – нағыз азаматтық адалдық.

Ардақты ағайын, адам бойындағы адалдық атты табиғи қасиеттің айшықты ажары осындай. Адам деген ардақты атымызға сай бойымызға біткен бұл табиғи қасиетті тазалық таразысына салып көрейікші. Осы бір пәк сезімнің мөлдір бұлағын лайлатпай, адалдық атты асқақ ұғымға кір шалдырмай келе жатырмыз ба? Балаларымызды байлықтан басы айналғандардың үлгісіне баулып, «адалдықтың ала жібін» аттатып алған жоқпыз ба? Күйбең тіршіліктің күнделікті ауыртпалығымен қанша алыссақ та, адами құндылықтарымызды табиғи таза қалпында ұрпақ санасына сіңіру азаматтық парыз екенін ұмытпайық. Ақша басты құндылыққа айналған мына бір аумалы заманда қазақи адалдықтың ақ туы жығылса, ұлттық болмысымыз былғанады.