• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қазан, 2019

Қоғам қалаған сақшылар қайтсе қалыптасады?

423 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары полиция жұмысы қоғам тарапынан түрлі сынға ұшырап, олардың халық күткен келелі істердің кетігін таппауы көпшілікті толғандыра түсуде. Мұны Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңесте айтып, полицияның жағдайы қоғам талабына толық жауап бере алмай отырғандығын сынаған еді. Елбасы «Адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Біз онсыз басты бағдарымыз саналатын қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет», деген болатын.

Расы керек, полицейлердің азаматтармен өзара қарым-қатынасының қазіргі стандарттары ескіріп, заман талабына сай келмейтіні жиі айтыла бастады. Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмағандығы ақиқатқа айналды. Оның белгісі, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесінің асқынуынан көрінді. Ал бұл реформа мәселесі өткен жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жолдауында жарияланған болатын. Онда қоғам құқық қорғау органдарын түбегейлі жақсартуды күтетіндігі, соған орай бірінші кезекте полиция қызметі сапалы болуы керектігі көзделді. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жылда 173 миллиард теңге бөлінеді», деді.

 

Реформа неге керек болды?

Уақыт өткен сайын полиция қызметінің халық талабынан шықпайтыны алаңдата түсті. По­ли­ция жұмысының ақсауының асқынғандығын көрсеткен түрлі келең­сіздіктер еліміздің түкпір түк­пі­рі­нен көріне бастады. Олардың бәрін теріп айтпағанның өзінде, ІІМ-нің Қарағанды қаласындағы академия­сы қызметкерінің өздерін бандаға теңеген атышулы бейне түсірілімі жаға ұстатты. Ал өрттен қаза тапқан бес бірдей балдырғанның ажалына ІІМ-ге қарасты ТЖК-ның кінәсі де бар деп табылды.

Жол-көлік полициясының жұмысы тіптен көңілден шықпауда. Сондықтан «суға кеткен тал қармайды» дегендей, оларды ала таяқтан біресе айырып, біресе қайтарып, көше тәртібі түзеледі деп автопатрулдік бақылауға көшірді. Қылмысты бақылауды жаппай цифрландыру жетістік әкеледі деп сендірді. Сөйтіп жүргенде қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің өлімі қоғамды тіптен толқытып жіберді. Осылайша ішкі істер органдарының құрылымы үлкен, құзыры зор, штаты кең болғанымен өзіне тән міндеттерді толық атқара алмай отырғаны алаңдатты.

Міне, осыдан кейін ІІМ жұмысын түбегейлі реформалау қажеттігі күн тәртібіне нақты қойылды. Ел­ба­сы, алдымен, ішкі істер орган­дарының құрылымы мен штатын оңтайландыруды, сондай-ақ өзіне тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды. Сөйтіп негізгі қызметті атқаруда аяққа оралғы болатын артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керектігіне тоқталды. Сонда, яғни осы шараларды жүзеге асырған кезде реформа нәтижесі бойынша «Құрылымдар оңтайландырылады. Штат саны 10 пайызға қысқарады. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келіп, 16 миллиард теңге үнемделеді», деді. Бұған қоса полицейлер жұмысты жақсы істеуі үшін олардың жалақысы да көбейе түспек. Сонымен бірге патрульдік полицияның саптық бөліністері қызметкерлеріне, учаскелік инспекторларға және жасөспірімдер инспекторларына тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы беру жайы қарастырылды.

 

Өзгерістер өзегі

Енді заман талабына сай жаңа сақшылар легін қалыптастыру үшін биыл қаңтар айынан ІІО-да кең көлемді реформа басталды. Ал осы реформаның сәтті жүргізілуі үшін бүгінгі таңда қоғамның өзі де ішкі істер саласының түбегейлі қайта оңалуына атсалысуға кірісті. Мұны министр Ерлан Тұрғымбаев та жасырмайды.

ІІО сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша азаматтық қоғаммен, басқа да ҮЕҰ-мен және мемлекеттік органдармен бірлесе алғаш рет акция өткізілуде. Соған орай мыңнан аса ұсыныстар келіп түскен. Ол ұсыныстардың көбін ІІМ басшылығы қаперге алып отыр. Өйткені ІІМ қазақстандық қоғам қалайтын сақшылар кейпін сомдағысы келеді. Әйтпесе ІІО үнемі жағымсыз күйде сынала береді. Ал шын мәнінде полиция уақыттың кез келген сәтінде күн, түн демей азаматтарға қол ұшын беріп, үнемі жоғары деңгейде көрінуі тиіс. Аталған тиімді ұсыныстарға байланысты бірқатар бағыттарды қайта қарап, жаңа міндеттерді жүзеге асыру өзгерістер өзегі болып табылады.

Сонымен қатар реформаның маңызды бір бөлігі – ведомстволық білім беру саласын жаңғырту жүзеге аса бастады. Ішкі істер министрлігінің 6 оқу орталығы өз жұмысын тоқтатты. Бұл орайда Премьер-Министр Асқар Мамин Ішкі істер министрлігі қарамағындағы республикалық алты мемлекеттік мекеменің қысқартылу тізіміне қол қойды. Бұл білім жүйесін оңтайландырудың алғашқы сатысы болды. Енді қазіргі уақытта полицейлерді даярлау Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты мен Шымкент оқу орталығында жүргізіледі. Министрлік жаппай бакалавриат бағдарламасы бойынша даярлаудан бас тартып отыр. Бірақ бұл бағдарлама бойынша оқыту Қарағанды академиясында ғана сақталады. Мұның сырын түсіндірген министр Е.Тұрғымбаев: «Елімізде заңгерлік білім беретін жоғары оқу орындары жеткілікті. Біз жастарды осы оқу орындарынан алып, әрі қарай мамандандырылған курстарда даяр­лай­­мыз», дейді. Бұдан былай оқу процестерінде практикалық сабақтарға басымдық берілмек. Криминалистер, тергеушілер және жедел қызметкерлер үшін 6 айлық, қалғандары үшін 3 айлық оқу курстары қарастырылған. Ал бұрын офицерлік құрам үшін 3 айлық, сержанттық құрам үшін 2 айлық оқыту жүйесі қолданылған еді. Енді осы жылғы 20 мамыр айынан бастап, оқу жаңа форматта жүргізіле бастады. Заманауи интерактивтік әдістер мен оқыту нысандары кеңінен қамтылуда. Бұл тыңдаушыларға қысқа мерзімде көлемді әрі мазмұнды ақпараттарды игеруіне мүмкіндік береді. Осыған сәйкес әр оқу орнының өзіндік тұжырымдамасы дайындалған.

 

Жұмыстың тиімділігі – полиция қызметінің беделі

Үкімет Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып, «Ішкі істер орган­да­ры­ның жұмысын жаңғырту жөніндегі Жол картасын» реформаға байланыс­ты дайындаған болатын. Осы «Жол картасы» арқылы полиция қызметін реформалаудың нақты шаралары айқындалып, олар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастады. Ал жалпы аталған «Жол картасы» 2021 жылға дейінгі мерзімге негізделген. Демек, осы үш жылдың ішінде ішкі істер органдарын үлкен реформа күтіп тұр деген сөз.

«Жол картасы» әлі де нақтылана түспек. Онда полиция қызметін реформалау бағытында көптеген мәселелер: штат саны, қызметтерді оңтайландыру, қызметкерлерді қайта аттестаттау және т.б. шаралар белгіленді. Соның ішінде полиция қызметінің жаңа стандарттары қарастырылды. Бұл ретте полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлері қабылданбақ. Себебі бұрын полицияның жұмысы тек қылмыстың ашылу процентіне және қылмыстың төмендеу деңгейіне байланысты бағаланатын. Соның салдарынан көптеген қылмыстар жасырылды, полиция азаматтардың құқығын қорғауға емес, тек «статистика» үшін жұмыс істеді. Енді ондай жалған көрсеткіштерге жол берілмейтін болады. Ең бастысы министрлік жүйесінің штаттық саны және құрылымы реттеліп, кейбір басшылық лауазымдар мүлде қысқартылуда. Басшы азайған соң жұмыс та тең бөлініп, жауапкершілік артады. Артық қызметтен арылу ісінде де сең жүре бастады. Қазірдің өзінде Күзет қызметі саласында полицияға тек аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілер күзеті қалдырылды. Қалғандары бәсекелестік ортаға берілмек. 

Полиция жұмысы сервистік модельге көшірілмек. Полицияның жұмысын сервистік үлгіге көшіру дегеніміз – халыққа қалтқысыз қызмет көрсету. Қазірдің өзінде фронт-кеңселер жұмысын бастады. Фронт-кеңселер азаматтарды қабылдауға арналған.

Осылайша көптен бері айтылып та, жазылып та келе жатқан ішкі істер органдарының жұмысына жаңғырту жүргізіліп, құрылымдар түгел ойтайландырылғанда, жалақы артып, баспанамен толық қамтамасыз етілгенде қоғам күткен талапқа сай жұмыс істейтін жаңа полицейлер пайда болмақ. Өйткені «адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді». Сондықтан олар түпкілікті реформа барысында орнығатын жаңа формацияның құлқы түзеліп, құлпы өзгерген құқық қорғаушылары болмақ. Осыған орай ішкі істер органдарына жұмысқа қабылданатын жастардың жан-жақты деңгейі мен сапасына айрықша мән беру қолға алынуда. Жолдағы тәртіпті нығайту үшін әрі жүргізушілердің жол жүрісі мәдениетін арттыру бағытында барлық жол-патрульдік полицияның сержант лауазымдары офицерлік лауазымға көтеріледі. Сержанттық құрамды оңтайландыру 2021 жылға дейін жүргізіле бермек. Бұл осы қызметтің кәсіби сапасын да арттыратын болады. Өйткені енді бұдан былай, қызметке тек жоғары білімі бар жастар алынбақ. Сонда ғана полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін лайықты органға айналады.