Алматыда Халықаралық валюта қорының Аймақтық техникалық көмек орталығы (RTAK) ашылады. Бұл туралы ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Карла Грассо айтты.
Орталық жұмысы шамамен бір жылдан кейін басталуға тиіс. Бұл Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия аймағында тоғыз мүше мемлекетке әлеуетті дамыту бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ фискалдық саясат, орталық банк операциялары, қаржы секторын қадағалау және макроэкономикалық статистика қамтылады деп күтілуде.
«Орналасатын жерді таңдау барысында көптеген салаларды, соның ішінде қаржылық қолдауды, рейстердің тоғысу мүмкіндігі мен кең әкімшілік және логистикалық бағыттарды қамтитын мәселелер мен ұсыныстарды назарға алдық. Біз Грузия, Қазақстан және Өзбекстан биліктеріне орталық ашуға ұсыныс жасағаны үшін алғыс айтамыз», деді К.Грассо.
RTAK Халықаралық валюта қорының қызметін аймақта жоспарлау, үйлестіру және іске асырумен айналысады. Ол ХВҚ-ның басқа да орталықтарының тәжірибесіне сүйенеді.
Жуырда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жұмыс сапарымен Вашингтонға барып, ХВҚ-ның жаңа басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездескен болатын. Кездесуде Алматыда жаңа аймақтық техникалық көмек орталығын ашу туралы келісімдерді іске асырудың тетіктері және мамандармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Алдын ала қол жеткен келісімдер бойынша Алматыдағы орталықта қазақстандық мамандар да штаттық жүйеде жұмыс істейді.
Экономист Олжас Төлеуов RTAK-тың ашылуы Ұлттық банк үшін ғана емес, мемлекеттің экономикалық және қаржылық саясаты үшін де жағымды жаңалық екенін айтады. Себебі Ұлттық банк пен Үкіметтің экономикалық блогы монетарлы және фискальды саясат бойынша халықаралық сараптаманың көмегіне жүгінуге мүмкіндік алады.
«Бұл елімізде инвестициялық ахуалды жақсартатын қосымша фактор болады. Сондай-ақ Алматының бизнес орталық ретіндегі аймақтағы рөлін күшейтеді» деді О.Төлеуов.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің жүргізген реформалары мен барынша ашық болуға ұмтылуына қарап бірқатар сарапшылар жаңадан ашылатын немесе бұрыннан бар халықаралық қауымдастықтардың өкілдіктері, халықаралық институттар мен компаниялар көш басын Өзбекстанға қарап түзейді деген пікір білдірген еді. Алайда ХВҚ таңдауы сарапшылардың болжамына тәуелді емес екені байқалды. Енді сарапшылар ХВҚ-ға мүше мемлекеттер мен агенттіктер Алматыда жаңадан ашылған орталыққа қолдау көрсетеді деп үміттеніп отыр.
АЛМАТЫ