С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ақын, ардагер ұстаз Зекебай Солтанбайұлының шығармашылық кеші өтті. Рухани шара барысында Зекебай атамыздың Мәшһүр Жүсіп туралы жазған 5 томдық кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Кездесуде оқырман назарына ұсынылған Мәшһүр Жүсіп туралы 5 кітап – «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Адам» деп аталады. Зекебай Солтанбайұлының бұған дейін «Жыр жиһазы», Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы «Жалынды демократ» атты кітаптары жарық көрген-ді.
–Мен əркімге əрқилы көрінетін Мəшһүр бейнесін жасауда өмір шындығына сүйендім, – дейді автор.
–Осыдан бірнеше жыл бұрын Жұмабай Шаштайұлымен бірге Баянауылға жол түсті. Сол сапарда Зекебай Солтанбайұлымен таныстым. Мәшһүр Жүсіп туралы еңбектері ерекше назарымды аударды. Әулие туралы кітап жазбақ түгілі, әулиенің жазғандарын түсініп оқу үшін де дайындық керек. Ал Зекебай ағамыздың ғұламаға арналған 5 томдық шығармасы – қазақ әдебиетінің олжасы, – деді кешке арнайы келіп қатысқан ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай.
Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен кешке З.Солтанбайұлының шәкірттері, зиялы қауым өкілдері, журналистер қатысты.
Жиында облыс әкімі Болат Бақауовтың құттықтау хаты оқылып, ақсақалдың иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Иә, «Баянауылдың абызы» атанған ақсақал ауыл-ел арасында ерекше сый-құрметке, беделге ие. Өткеннің қазынасын ұрпағына жеткізу аманат. Мұны терең сезінетін Зекебай атамыздың қалам қуатына туған Баянауылының сұлу табиғаты еселей шабыт қосқандай.
Бүкіл туындылары – өмір бойғы ішкі рухани жан толғанысынан, ізденуден, күні-түні оқып, жазудан өмірге келді. Ғалым Жайлыбай айтқандай, туындылары қаламгер ретінде қазақ əдебиетіне қосылған ұлттық құндылық деуге әбден болады.
Зекебай атамызбен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет!
Селт еткізер түйдек-түйдек ойларына, қоғамдық өмірге үн қосуына, ешнәрседен қалыс қалмайтынына таңғаласың. Осы күні ол 90 жасты маңайлап қалса да, қашанда сергек, белсенді.
Зекебай Солтанбайұлы Баянауылдағы Егіндібұлақ орта мектебін ұзақ жылдар бойы басқарды. Көптеген білімді, өнерлі шәкірттер тәрбиеледі.
Ақсақал ұстаздық жолын өнерін де ілестіре, әдебиетпен де сырласа жалғастырды. Сонау 70-ші жылдары Зекебай ата бастаған аудандық «Баян сұлу» ансамблі Алматыға концерттік сапармен барып қайтады. Ауыл клубы сахнасында «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесаларын сахналады.
Осы шығармашылық кеш барысында жергілікті әншілер баянауылдықтар әуеніне айналған Зекебай атаның «Егіндібұлақ вальсі», «Баян гүлдері», «Әкеме», «Бауырыма», «Баян деген…» әндерін шырқаған-ды.
Павлодар облысы