Алматы облысының оңтүстік-шығысында орналасқан қара дала аймағы әлімсақтан өзінің тарихи ерекшеліктерімен көз тартып келеді. Шарын шатқалы экологиялық, ғылыми маңыздылығымен айшықталса, жер асты ыстық су көздеріне шетелдік туристер жиі қызығушылық білдіруде.
Ал аудандағы сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қорғауға алынған, қойнауы қазынаға толы киелі өлкеге жылдың төрт мезгілінде де таңданыспен қарайтынымыз анық. Осынау ерекшеліктерімен айшықталған Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында жақында Қазанғап Маханбекұлы атындағы жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті.
Кетпен жотасының етегінде орналасқан аядай ғана ауылда өсіп өнген Нұрлан Қазанғапұлы әрдайым игі бастамаларды қолдап, ауылға қолдау көрсетуден еш аянбаған. Осы жолы да мешіттің ашылуына мұрындық болды. «Іргелі істерін елінің игілігіне жұмсап жүрген Нұрлан Қазанғапұлы 2007 жылы Еңбекші қазақ ауданы, Бәйтерек ауылында мешіт салып, 2019 жылда сол мешітті қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп Қосқұлақ бидің атымен ашылу рәсімін өткізді. болатын. Міне, сол игі бастама жалғасын тауып туған аулында жаңа мешіттің бой көтеруіне себепкер болды», дейді Таңжарық Нұрмұханұлы. Осындай абзал азамат ауыл халқының дінге бет бұрып, иман жүзді жастар қатарының артуына сүбелі үлес қоса отырып, ауылдың ортасынан жарқыратып мешіт салып берді.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына алыс-жақыннан арнайы қонақтар келіп, құттықтау лебіздерін арнады. Ақтам ауылының тұрғындары жомарттық танытып, еліне елеулі еңбек етіп жатқан Нұрлан ағамыздың иығына шапан жауып, астына ат мінгізсе, Бәйтерек ауылындағы Қосқұлақ ата атындағы мешіттің бас имамы Әбдіғани ақсақал «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық бірлестігі атынан «Ел ардақтысы» төсбелгісін Нұрлан Қазанғапұлына табыс етті.
Мешітте ас беріліп, құран оқылды. Ақтам ауылы тұрғындары түс ауа Аламан бәйгені тамашалап, атқа мінер азаматтары көкпар тартты.