• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қазан, 2019

Импортты шектеп, экспортқа беттеу керек пе?

385 рет
көрсетілді

Жақында қазақстандық автоөндірушілер экспортты күшейтуді мемлекеттік қолдау мәселесі төңірегінде қордаланып қалған түйткілдер туралы алматылық журналистерге айтып берді. Олардың сөзіне қарағанда, импортты шектеп, экспортқа беттесек қана автокөлік индустриясын дамыта аламыз. Мәселенің түйіні мемлекеттің қолдауымен ғана тарқатылады.

 

Өзбекстан әлдеқашан бастаған

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» стра­­-тегиялық жоспарлау депар­та-­ментінің директоры Артур Мис­карянның айтуынша, отан­­дық көлік индустриясы Үкі­­меттің қолдауынсыз ішкі на­рық­­тан алысқа ұзай алмайды. Тіпті дамыған елдердің өзінде ав­токөлік экспортына кеткен шы­ғынның 30 пайызын мемлекет өтеп береді. Оған қоса сырт­қы нарықты игеру отандық авто­на­рықтың валюталық құбы­луға деген тәуелсіздігін күшей­тіп қана қоймай, отандық эконо­миканың төлем балансын күшейтуге жақсы әсер етеді.

2018 жылы көлік өндірумен және сатумен айналысатын қазақ­­­стандық кәсіпорындар қазы­наға салық түрінде 54,9 млрд теңге төлеген. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда шамамен 24 пайызға артық. «Ав­то­өнер­кә­сіптің әлеуметтік қор­ғауға және экономикалық қауіп­сіздік­ке қосқан үлесін бағалау қиын. Бұл сала Қазақстандағы маши­на жасаудың локомотивіне айнал­ды. Мұндай динамиканы сақтайтын болсақ, алдағы уақыт­та да экономиканың ең жыл­дам өсіп келе жатқан секто­ры болып қала береді. Біз­дің елмен салыстырғанда Өзбек­стан автокөлік импортын шек­теп, экспортқа қолдау білдіріп жатыр» деп атап өтті А. Мискарян.

 2021 жылы «Азия Авто – БИПЭК Авто» құрылысының алғашқы кезеңі аяқталады. Жо­баның қуаты жылына 60 мың ав­токөлік шығаруға жетеді. Мұн­дай мөлшер тек ішкі нарықты қамтып, экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді. Үкімет биылдан бастап өндірістік базаны нығайтуға кірісіп кетті. 26 мау­сым күні Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанның машина жасау саласын дамыту жөніндегі бес жылдық Жол кар­тасын бекітіп, сектордың өркендеуіне септігін тигізетін құйма, ұсталық және басқа да базалық өндірістерді дамытуға тапсырма берді. «Қосымша кедергілер шығып қалмаса, біз 2022 жылға қарай жылына 150-160 мың автокөлікті саудаға шығара аламыз. Сол кезде тек көлікті құрастырумен шектелмей, қосымша бөлшектерін өзімізде шығаруды ойлануға болады» дейді Артур Мискарян.

А.Мискарян 2021 жылы «Азия Авто – БИПЭК Автода» шы­­ғатын автокөліктерді 100 пайыз болмаса да 30 пайыз өз өнімі­­міз деп атауға болатынын айт­ты. Бірақ автокөліктерді қосал­­қы бөлшектерімен қоса өзіміз­­де шығарсақ та оның баға­сы­на әсер ете алмайтынын біл­ген­де көңіліміз су сепкендей ба­сылды. Бағаға әсер ететін бас­ты фактор – нарықтың сыйымды­лығы мен сұранысы екен. Бұл жерде жалғыз автоқұрастыру зауыттарына кінә таға беруге болмайды. Олар шикізатқа да мұқтаж. Себебі 90-жылдардағы тоқырау және қайталап соққан дағдарыстар кесірінен құйма өндірісі, ыстық қалыптау, ұсталық өндірістен өзгесі дамудан шеттеп қалды.

 100 мың – жақсы нәтиже

Әлемдік деңгейдегі автокөлік экспортерлері Жапония немесе Қытайдағы автокөлік шығаратын концерндердің жылдық қуаты – 500 мың немесе 1 млн дана авто­көлік. Ал Қазақстан үшін жы­лына 160 мың автокөлік шы­ғару да жақсы нәтиже. Мұн­дай көрсеткішпен 100 пайыз өзі­мізде шығарсақ та бағаға әсері тым әлсіз болатын көрінеді. «Мүм­кін, Өзбекстан сияқты им­портты шектеп, экспортқа қол­дау көрсетсек, бағаға әсер ете ала­тын шығармыз. Бірақ оған жету үшін 10-15 жыл керек. Біз өзі­міздің автомобильді бастан-аяқ жасап шығаруымыз үшін 10-15 жыл қажет деп есептейміз. Тех­нологиялар трансфертін жүзе­ге асырып, оны сатып алу ар­қылы қалғанын өзімізде шығару табысқа жетудің ең қысқа жолы» дейді А. Мискарян.

Оның айтуынша, 100 пайыз отан­дық көлік шығаруға ұзақ уа­қыт жұмсаған елдер бар. Мәсе­лен, Оңтүстік Корея оған 60 жы­лын, Жапония 35 жылын жұм­сады. Біздің елде 2010 жылға дейін автомобиль, электровоз, тепловоз өндірісі болған емес.

«Көлікке қажетті бөлшек­тердің 50 пайызын шығаратын өнді­ріс ошақтары ел ішінде болғанда Қазақстанның автомо­бильдері сыртқы нарықта өтімді болады. Бұл бағытта да нақты атқарылып жатқан жұмыстар бар» дейді А.Мискарян.

Соңғы жылдары АҚШ долларының қымбаттап кетуіне байланысты халықтың сұранысы төмендеп кеткені туралы жиі айтылып жүр. Артур Мискарян осы тұста жыл соңына дейін 70-75 мың автокөлік сатылады деп жоспарланып отырғанын айтып өтті. Салыстыра кету үшін айтсақ, бұл 2014-2015 жыл­дар­дағы деңгейдің жартысы ғана екен. Бұл көрсеткіштің өзі авто­көлік нарығының сауығып келе жатқанын білдіреді.

Сарапшылардың айтуынша, көлеңкелі автокөлік импорты жылына 130 млн долларды немесе 50 млрд теңгені құрайды. Соңғы 4 жылда оның көлемі 5 есе қысқарған. А.Мискарянның түсіндіруінше, ресми импортты саны жағынан да, сапа тұр­ғы­сынан да бағалай алсақ, бұл жылына – 242 млрд теңге, ал «көлеңкелі» импорт көлемін дөп басып айту қиын. 2015 жылдары жаңа көліктердің 24 пайызы заңсыз кіргізілетін. Бұл санатқа нарықтың басым бөлігін алып тұрған (44 пайыз) ескі көліктерді қосыңыз.

Қазіргі кезде кедендік салық­тың нәтижесінде жаңа көлік­тер­дің көлеңкелі импорты 8 па­йызға дейін азайыпты.

 «Біздің болжамымыз бойынша, Қазақстанға жылына жалпы құны 130 млн долларды құрайтын көліктер заңсыз кіргізіледі. Бірақ соған қарамастан 2019 жылдың 9 айында 29 мың адам Қазақстанда құрастырылған көліктерді таң­да­ған, бұл – жалпы нарықтың 56 пайызы. 21 мыңнан аса отан­да­­сы­мыз шетелдік көлікке басым­­дық берген. Соның ішінде, Ре­сей­­ден келетін көліктердің үлесі 15-17 пайызды құрайды», деді Ар­тур Мискарян.

Биыл мемлекеттік сатып алу бойынша 2824 бірлік жеңіл кө­лікке тапсырыс түскен, бұл 18 млрд теңгенің өнімі екен. Осы тұста, А.Мискарян көліктерді жеткі­зушілер тарапынан заңбұзу­шылықтар болғанын айтып өтті. Қазақстандағы ведомстволық мекемелердің бірі биыл Ресейде жасалған УАЗ көліктеріне тапсырыс берген. Тура сондай көліктер өзіміздің Өскемен қаласында да құрастырылады. «Тендер жариялаған комиссия оны қалай мақұлдағанын білмеймін. Бірақ кейін біздің араласуымызбен мұндай олқылықтар түзетілді», дейді Артур Мискарян.

 Отандық автоның шетелдікінен айырмасы жоқ

...Бағасы да бір деңгейде. Ар­тықшылығы, өзімізде өн­дірілген көлікті халық жеңіл­де­тілген несиемен ала алады. Ал им­порт­тық көлікке мұндай же­ңілдіктер жоқ. Өткен аптадан бері Ұлттық банк автокөлікті же­ңіл­дікпен несиелеу бағдарламасына қосылды.

«Бұған дейін екінші деңгейлі банктер арасында 14,5 млрд теңгенің траншы бөлінген болатын, жыл соңына дейін тағы 5,5 млрд теңге бағытталмақ. Бұл нарықта отандық көліктердің сатылымын тұрақтандырып, оның сатылымын бұрынғы қалпына келтіруге әсер етіп отыр» дейді А.Мискарян.

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» өкілдері болса, жергілікті құрастыру дең­гейін арттыру мен компоненттер базасын кеңейту отандық авто­зауыттардың валюталық құбыл­малыққа тәуелді болуын тө­мендетуге мүмкіндік береді деп отыр. Осыған дейін «автодил­лерлердің саудасы биыл жыл соңына қарай 20-25 пайызға дейін өседі» деген болжамдар баты­лырақ айтылып келген болатын. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағы­ның директорлар кеңесінің төра­ғасы Олег Алфёров бағамның қазіргі құбылмалығы тек шикізат бағасына тәуелді емес екенін айтады.

Автокөлік нарығы – қазақ­стан­дық ритейлдің ең бір тұ­рақ­­сыз сег­менттерінің бірі. Сол себепті ал­дағы уақыт­та им­­­­порт­тық кө­лік­тер баға­сы қай­­та қа­ралуы мүм­кіндігін са­ла өкіл­дері жоққа шығар­майды. Жо­ға­рыда айтып өткендей, авто­кө­­лік нарығы макроэконо­ми­ка­лық және геосаяси фактор­лар­дың әсеріне тәуелді. Шетел валю­тасының тұрақсыздығынан диллер­лер шетелдік брендтердің баға­сын қайта қарауы мүмкін. Сон­дай-ақ автокөлік нарығының сарап­шылары бағаның бұрынғы дең­­гейде сақталып қалуына қой­ма­лар­дағы автокөліктердің 80 па­йы­зы ескі бағамен сатып алын­ға­ны себеп болып отырғанын ай­тады.

 Алматы