• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қазан, 2019

Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

622 рет
көрсетілді

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Монғолия Премьер-Министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лувсангийн Баттулга, Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, белгілі ғалым Смағұл Оразақ, Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Батмөнхийн Батцэцэг, бірқатар ғылыми мекемелердің басшылары, БАҚ жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды ашып сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда сөз сөйлеп, қазақ даласында хандық құрған көшпелі империя Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы бастама көтергенін білесіздер, нәтижесінде дәл қазір Үкімет тарапынан көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясы да осындай үлкен іске ұйтқы болу мақсатында бірқатар келелі істер атқарды. Атап айтқанда, «Бұрхан Халдуннан - Ұлытауға» атты ғылыми экспедициясынан бастап, жуықта өткен халықаралық форумдар соның дәлелі екенін жеткізе отырып, маңызды шараға арнайы ат басын бұрған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мырзаға сөз кезегін ұсынды.

«Тарихты жақсы білесіздер, біздің бабаларымыз осы Ұлы далада туын тігіп, ордалардың алтын қазығын қаққан. Биылғы және алдағы жыл біздің қазақ елі үшін үлкен тарихи маңызды кезең болмақшы. Мемлекет басшысы тисті шешім қабылдап, Үкіметке тапсырмалар жүктеді. Осы орайда Алтын Орданың 750 жылдығына ерекше екпін қойылған. Атап айтқанда, бұл бағытта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсатымыз – өзіміздің ғалымдарды, мамандарды, сондай-ақ көршілес елдердің ғалымдарын біраз ауқымды зерттеулерге тарту, қазба жұмыстарын жүргізу, өзге мемлекеттерде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу. Бұл тұрғыда Алтын Орда мемлекетінің тарихын барша дүниежүзіне кеңінен таныту міндеті қойылып отыр»,деді Сапарбаев.

Келесі кезекте сөз тізгіні бұйырған Монғолия Үкіметінің орынбасар министрі Өлзийсайханы Энхтүвшин мырза, ең әуелгі пікірін осы жиынға қатысып отырған тұлғаларға  рахмет айтудан бастап: «Моңғол мен қазақ қадым заманнан бері, іргесі бөлінбеген, еншісі ажырамаған, әлемде өшпештей ізі қалған көшпенділер мәдениетінің керемет болмысын бойына сіңірген, түрі де бір, тірлігі де ұқсас халық. Ал қазіргі жаһандану заманында Қазақ елі мен біздің қарым-қатынасымыз жаңа деңгейде дамиды деген сенімдеміз. Әсіресе, ұлы қаған Шыңғыстың үлкен баласы атақты Жошы ұлысының іргесін қалап, кейінгі Алтын Орданың шаңырақ тіктеуіне себепкер болған Жошы атамыздың кесенесін ғасырлар бойы сақтап, бүгінгі таңда әлемдік тарихи-туризмнің өзегіне айналдыруға ниет етіп отырғандарыңызға бек ризашылық білдіремін. Одан кейін Моңғол даласында өмір сүрген түркілердің төр абызы Тоныкөктің 1300 жылдығын келер жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлауға бастама көтеріп отырған Халықаралық Түркі академиясының шешімі құптауға тұратын іс. Аталмыш академия дәл қазір Моңғолия Ғылым академиясы,  Археология және тарих институты, Ұлттық музей, Мемлекеттік архив т.б. ірі-ірі мекемелермен бірлесіп, 2014 жылдан бері тұрақты атқарып келе жатқан жұмысы өз нәтижесін береді деген ойдамын» деді.

Сол сияқты, келер жылы Моңғол үкіметі де өздерінің ежелгі астанасы Қарақорым қаласының 800 жылдығын тойлау қамында екен. Осы шараға қазақстандық ғалымдардың да ат салысу мүмкіндігі бар екенін жеткізіп: «Ал Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы болу мәселесін екіжақты жұмыс топтарын қатыстыру арқылы, Моңғолия елінің ішкі заң актілері шеңберінде шешеміз» деді құрметті мейман Өлзийсайханы Энхтүвшин мырза.

Бас қосу барысында атқарылған тағы бір маңызды оқиға мәртебелі меймандардың қатысуымен екі жұрттың ортақ тарихы Алтын Орда тақырыбын қамтыған бірнеше туындының тұсауы кесілді. Соның бірі – «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) Шағатай, Моғолстан мемлекеттері» атты туынды. Бұл жинақта Шыңғысхан құрған империяның кіші ұлыстарының тарихына қатысты жарлықтар, хаттар, елшілік нысандар, нумизматикалық кешендер, артефактілер және жазба деректердің таңдаулы нұсқалары қамтылса, «Золотая орда. История, государственнность, культурное наследие» кітабы қазіргі ұлыстану мәселесін жан-жақты түсіндіруге негізделген туынды екен.

Шара соңында Халықаралық Түркі академиясы өткізіп отырған жиын жайлы өз пайымдарын білдірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Түркі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, антрополог-академик Оразақ Смағұлов ұйымдастырушы тарапқа алғыс білдіре отырып, алыстан келген моңғолиялық меймандарға да ризашылықтарын жеткізді.