Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Елімізде жылына шамамен 150 мыңдай жұп шаңырақ көтерсе, 20 мыңдайы бір сәбиге зар болатын көрінеді. Ал олардың 10 мыңға жуығы экстракорпоральді ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж.
Ұрық донорлығы текті бұзады
Қазақстанға ЭКҰ әдісі енген 24 жылда 15 мыңнан астам ерлі-зайыпты ата-ана атанған. Әлемде мұндай тәсілмен 8 миллионнан аса бала өмірге келді. Дегенмен, еліміздегі денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) тәсілі төңірегінде шешілмеген түйткілді мәселелер аз емес.
ЭКҰ әдісі өздігінен бала сүйе алмайтын әйел мен ердің ұрықтарын жасанды жолмен денеден тыс ұрықтандырып, пайда болған эмбрионды әйелдің жатырына орналастыру арқылы жүзеге асады. Алайда, аталық немесе аналық ұрығы жарамсыз жұптар донор қолдануға мәжбүр. Бейресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 500-дей жұп ұрық донорының көмегіне жүгінетін көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің №624 бұйрығы бойынша бір донордан 20 баланың тууына рұқсат. Яғни бір аталық немесе аналық ұрықты кез келген мұқтаж пациент пайдалана алады. Тек аман-есен өмірге келген баланың саны 20-ға жеткенде донорды пайдалану тоқтатылады. Бірақ біздің елде ұрық донорының ортақ «қоймасы» жоқ және бір донор екінші ЭКҰ орталыққа барып ұрық сата алмайды деген тыйым ешбір жерде жазылмаған. Қазақстанда 25 мамандандырылған ЭКҰ орталықтың жұмыс істейтінін ескерсек, бір биологиялық әкеден немесе шешеден тарап жатқан ұрпақ қаншама?!
«Қазақстанның территориясы үлкен болғанымен адамы аз. Бір донордан туған балалардың жиі кездесу ықтималдығы жоғары. Сондықтан бір еркектің ұрығын бес әйелден асырып пайдаланбау керек. Бұл мәселені әріптестеріміздің арасында талай рет көтердім. Алайда, заң жүзінде дұрыстайтын әлі ешкім болған жоқ», дейді «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры, белгілі эмбриолог-репродуктолог Салтанат Байқошқарова.
Мысалы, Италия 2004 жылы ұрық донорлығы мен суррогат ана болуға заңмен тыйым салған. Канадада бір ғана «ұрық қоймасы» болып, онда донор ұрығын ақылы тапсыруға жол берілмейді. Ұлыбританияда бір донор тек 10 баланың ғана биологиялық әкесі бола алады. Жаңа Зеландияда бұл шектеу 4-ке дейін қысқартылған. Аустралиядағы ереже әр өңірде әртүрлі болғанымен, бір донорды 5 отбасыдан артық қолданбауы нақты белгіленген. Алайда, олар бір донорлық ұрықты бір отбасының барлық балаларына пайдалана алады. Қытайда бір ер- азаматтың донорлық ұрығы бес әйелді ғана жүкті ете алса, Америкада 800 мың тұрғыны бар аймақта бір адамның ұрығы 25 баланың өмірге келуіне септігін тигізетін көрінеді. Бір әкеден тараған балалардың бір-біріне үйлену қаупі аталған елдерді алаңдатып отыр. Ал жеті атаға дейін жұптаспайтын қазақ үшін заңның дұрысталуы тіпті де керек емес пе?! Бұған дініміздің ұрық донорлығын құптамайтынын қосыңыз...
Ол ол ма?! Бүгінде қазақ қыздарының аналық ұрығына шетелдіктердің араны ашылып тұрған сыңайлы. Жақында танысыма Қытайдан бір азамат хабарласып, қазақ қызының аналық ұрығы керек екенін, мүмкіндік болса құрсақ (суррогат) ана жалдағысы келетінін айтады. Мәселе осы жерден басталды. Интернетті аштық тура осындай қажеттіліктегі іздеулерден көз сүрінді. Бірде кейіпкеріңнің ныспысын жасырсаң, кейде журналист екеніңді айтпай ақпарат жинауға тура келеді. Сонымен донорға сұранысы артып тұрған жақын маңдағы «Геном-Астана» ЭКҰ орталығына бас сұқтық. Ұрық донорлығы және құрсақ ана бойынша жауапты маманмен жолығып, сөйлескеннен кейін бұл «сауданың» қызып тұрғанына көзімізді жеткізе бастадық. Әңгімеміз орталықтың заңгерімен жалғасты. «Біз шетелдіктерге жасырын (анонимді) донорларды ұсынамыз. Оларға донордың бала кезіндегі суреттері ғана көрсетіледі. Білімі, бойы, түрі туралы ақпарат беріледі. Орталығымызға келетін шетелдіктер көп. Италиядан, Мексикадан, Қытайдан бар. Аталық ұрық доноры да беріледі. Қытайда арнайы өкіліміз жұмыс істейді. Құжаттар заң жүзінде сол арқылы жасалады», деген заңгер дайын эмбрионның да сатылып жатқанын жеткізген еді, екінші бір қызметкер оны жоққа шығарып, эмбрион әзірге тек Қазақстан азаматтарына ғана сатылатынын айтты. Қысқасы, заң түзелмейінше қазақтың биологиялық баласы қай елге, қандай ұлттың құрсағында кетіп жатқанын болжаудың өзі де қорқынышты көрінді...
Көбінесе донордың көмегіне отасқандарына ұзақ жыл бойы шыр еткен шақалаққа зар болған отбасылар шарасыздан жүгінеді екен. Сондықтан да мамандар ерлі-зайыптыларға уақыт жоғалтпай, бірден репродуктологқа баруға кеңес береді.
Бедеулік диагнозы бір жылдан соң қойылады
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-ананың ендігі жердегі арманы немере, жиен сүйіп, ұрпақтарының қызығын көру екені анық. Алайда болашаққа үлкен үміт артып бас құраған жас жұбайлардың барлығы бірден бұл қызыққа жете бермейтіні тағы бар. Осындайда ең алдымен келінді кінәлайтын біздің қазақ тәуіп іздеп тентіреп, емші іздеп есі шығып кетеді. Ал медицинада оның жауабы дайын. Егер үйленген жұп бір жылдың ішінде балалы болмаса, оларға ресми түрде бедеулік диагнозы қойылады. Демек ерлі-зайыптылар бір жылдан соң өздері тіркелген емханаға барып қаралып, Отбасын жоспарлау орталығына жолдама алуы тиіс. Онда бір уақытта ер мен әйелдің денсаулығы тексеріліп, қажетті ем-домдар жасалады. Бұл басқышта да өздігінен бала көтере алмағандар квота кезегіне қойылып, ЭКҰ жасатуға кеңестер беріледі.
«Қазіргі кезде балалы болмауға ер мен әйелдің үлесі тең. Біздің менталитет бойынша ер-азаматтар жыныстық қарым-қатынасқа түсе алса, дені сау деп ойлайды. Бұл – өте қате ұғым. Ерлердің ұрық әлсіздігі өте көп кездеседі. Бұған көзді жұмып қарауға болмайды. Қазір тек еркектің белсіздігінен бала сүйе алмау 40 пайызға жетті. Сондықтан біз бірінші кезекте ерлердің ұрығын тексереміз», дейді «Экомед Астана» клиникасының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов. Оның айтуынша, бұған көп жағдайда өмір салтының өзгеруі, дұрыс тамақтанбау, экологияның бұзылуы сияқты көптеген фактор себеп болатын көрінеді.
«Мен 23 жасымда тұрмысқа шықтым. 2-3 айдан соң толық тексеруден өтіп, сау балалы болуды жоспарлай бастадық. Бір жылға жетпейтін уақыт өткенде тағы да гинекологтарды іздей бастадым. Маған бастапқы бедеулік, күйеуіме қуықасты безінің қабынуы, ұрық әлсіз деген диагноз қойылып, Нұр-Сұлтандағы жеке клиникада жарты жылдай ақылы кешенді ем қабылдадық. Одан көтермеген соң диагностикалық лапароскопия да жасаттым. Нәтижесінде жатыр түтікшелері ашық болып шықты. Емхана мені 3 жылдан соң ғана Отбасын жоспарлау орталығына жіберді. Ондай орталықтың барын білмедім, гинекологтар да айтпаған. Өкінішке қарай, ондағы ем-домдар да бізге көмектеспеді. Текке уақытымызды жоғалтып жатқанымды білдім. Сөйтіп 6 жыл өткеннен кейін ғана ЭКҰ жасату ойына келіп, «Экомед» орталығындағы репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимовке бардық. Аллаға шүкір, ЭКҰ бірден сәтті болып, шаңырақ көтергенімізге 7 жыл толғанда ата-ана атандық», дейді елордалық Шолпан (өзгертілді) есімді 31 жастағы келіншек.
Бірнеше жылдан бері Қазақстанның халық жиі орналасқан аудан, қалаларында тегін қабылдау өткізіп жүрген Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожина ондағы жағдайлардың демографияға кері ықпал етіп отырғанын айтады. «Аймақтарды аралап кеңес берген кезде, ең алдымен ерлі-зайыптылардың сауатсыздығына куә болдым. 10 жыл баласы болмаса да үйінің жанындағы гинекологқа барып жүре беретін әйелдер бар. Екінші мәселе – қаржының жоқтығы. Олардың үлкен қалаларға келіп тексерілуге материалдық мүмкіндіктері мүлде жоқ», дейді ол.
Әйелдің аналық ұрығы шектеулі. Сондықтан 35 жастан кейін ЭКҰ да нәтижелі бола бермейтінін айтқан репродуктологтар уақыт жоғалтпай себептерін анықтауды ескертеді. «Отбасын құрғанымызға 8 жыл болды. Бір жыл өтер-өтпесте өзім тіркелген емханадан жолдама алып, Отбасын жоспарлау орталығына бардым. Онда күйеуім екеуімізді де тексерді. Жолдасыма қуық- асты безінің қабынуы және инфекция бар деп жарты жыл емдеді. Маған жатыр түтікшесі жартылай бітелген деп диагноз қойып, лапароскопия жасады. Көп ойланбай екі жылдан соң Қытайға ЭКҰ жасатуға бардық. Қыруар қаражат жұмсадық. Сәтсіз болды. Қазір есептеп қарасам, бұл елімізде 5 рет ЭКҰ жасатуға болатын ақша екен. Осыдан кейін дәрігерлер екі жатыр түтікшесін де кесіп тастауға мәжбүр болды. Содан кейін ғана мемлекеттен квота алып, өзіміздегі ЭКҰ орталықтардың біріне бардық. Ол да сәтсіз аяқталды. Үшінші рет өткен жылы қайта ақылы ЭКҰ-ға бардық. Барлық көрсеткіштер жақсы болса да бала сүю бақыты бұйырмады. Кейде қанша уақыт пен қаражатты, күш-жігеріңді жұмсасаң да Алла бұйыртпаса ешкім көмектесе алмайды екен. Бірақ күдер үзгеніміз жоқ. Алда тағы да бағдарламадан қайта өтуді жоспарлап отырмыз», дейді астаналық 33 жастағы Жұлдыз (өзгертілді) есімді келіншек.
МӘМС квота мәселесін шеше ме?
2010 жылдан бастап ДТҰ технологиясына республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберіне енгізілді. Сөйтіп 2010 жылы – 100, 2011 жылы – 350 квота, 2012-2014 жылдарға жеке-жеке 600 квота бөлінді. 2015 жылға – 820, 2016 жылға 813 квота қарастырылса, 2017 жылдан биылға дейін жыл сайын 900 квотадан берілді. Бірақ бұл біз сөз басында айтқан бала сүйе алмаған жұптардың санына тіптен маңайламайтыны анық. Квотаның мардымсыздығы бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет көтерілсе де көбейетін түрі жоқ.
Репродуктолог мамандардың кейбірі бізде де Израильдегі сияқты алғашқы ЭКҰ мемлекеттің қаржысымен жасалса дегенді айтса, кейбірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан үлкен үміт күтеді. «Квотамен көп мәселе шешілмеуі мүмкін, өйткені бұл қымбат технология. Мысалы, Ресейде медициналық сақтандыру арқылы бір әйел екі рет тегін ЭКҰ жасатып жатыр. Біз де сондайға жетеміз деп ойлаймын», дейді С.Байқошқарова.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Талдау және болжау департаментінің директоры Марина Фалееваның сөзіне сүйенсек, бұл әлі болашақтың еншісіндегі шаруа. «ЭКҰ МӘМС жүйесінде жүргізіледі. Квоталарды көбейту жоспарланып отыр. Бірақ нақты санын айта алмаймыз», дейді ол.
Болашақта бедеулік болмауы мүмкін
Репродуктологтар «XIX ғасырда ғылымға жасалған төңкеріс» деп санайтын ДТҰ әдісін алғаш рет 1976 жылы Кембридж университетінің физиологы Роберт Эдвардс енгізгені баршаға мәлім. Екі жыл өткен соң тұңғыш рет осы тәсілмен Лондонда Луиза Браун есімді қыз туған-ды. 9 жыл бойы бала сүйе алмаған Лесли мен Джон Браундар шаңырағын шаттыққа бөлеген «құтыдағы қыз» 28 жасында өзі табиғи жолмен ана атанды. Осылайша ЭКҰ арқылы өмірге келген балалардың денсаулығы табиғи жолмен туғандардан айырмашылығы болмайтыны дәлелденгеннен кейін 32 жылдан соң ғана Роберт Эдвардске Нобел сыйлығы беріледі. Ал елімізде 22 жыл бұрын ЭКҰ арқылы дүниеге келген алматылық Алеся Шин табиғи жолмен бала көтеріп, 15 қазанда ұл баланың анасы атанды. Мамандардың айтуынша, денеден тыс ұрықтандыру әдісі, аты айтып тұрғандай, табиғи жолмен бір-біріне кездесе алмайтын аталық және аналық ұрықты дене сыртында арнайы түтікшелер арқылы қосады. Бұл әдістің ананың бойына табиғи біткен баладан айырмашылығы да осында.
Бедеулік пен белсіздікке бетпе-бет келетін отбасы санының жылдан жылға артқанына қарамастан репродуктивті медицинаның мүмкіндігі де жоғарылап келеді. Бүгінде елімізде генетикалық талдау жасау арқылы эмбриондарды жатырға орналастырудан бұрын баланың денсаулығын толық тексеруге болады. Бұл технология хромосомалық ауытқуларды да анықтайды. Ал әлемдегі соңғы жаңалықтар тіптен қызықты. Бұл туралы бізге репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимов айтып берді.
«Америка, Украина сияқты бірнеше елдерде қолданысқа енгізілген «ядроны тасымалдау» деген жаңа технология бар. Көп жағдайда жасы ұлғайған әйелдердің аналық ұрығы әлсіз немесе жарамсыз болып шығады. Осындайда осы сапасы төмен аналық ұрықтың ядросы жас донор әйелдің аналық ұрығына көшіріледі де, болашақ ананың аналық ұрығын жандандырады. Бұл жерде жасушадан донордың генетикалық материалы алынып тасталатындықтан туатын баланың геніне донордың ешқандай қатысы болмайды. Тағы бір озық технология – онкологияға шалдыққан адамның ұрығын химиялық емнен бұрын қатырып, сақтап алып, науқас сауыққан соң ЭКҰ бағдарламасынан өтуге мүмкіндік жасау және әйелдің аналық безін алып, емделген соң қайта орнату. Негізінде онкология анықталған кезде осы ақпарат міндетті түрде пациентке айтылуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде онколог мамандардың көпшілігі бұған көңіл бөліп жүрген жоқ. Репродуктивті медицинаның соңғы бір жаңалығы – ұрығы мүлде жоқ кісілердің бағаналық жасушасын пайдаланып зертханада ұрық өсіріп шығару. Бұл әлі сынақ деңгейінде. Қолданысқа енетін болса болашақта ешбір адам бедеулік, белсіздік мәселесіне тап болмайды деп айтуға әбден болады», дейді Алмаз Ибрагимов.
Бала – отбасының шаттығы, махаббаттың дәнекері. Ал денсаулық – Алладан берілген аманат. Өмір салтының дұрыс болмауы, экологияның бұзылуы және табиғи таза тамақ өнімдерінің азаюы сияқты көптеген факторлардан дүниені дендеген дерттің түрі де көбейгені рас. Дей тұрғанмен ойнап жүріп от басып, байқамай орға құлап жататын жастар да кездеседі. Біреулер бала тілеп күні-түні Құдайға жалбарынса, жолдан тапқан баланы жолға тастап кетіп жатқан көкек аналар қаншама?! Баланың жоқтығынан шайқалған шаңырақ та аз емес. Жаратушының сынағы әртүрлі. Ешкімді кінәлауға келмес. Технология қаншалықты қарыштап дамыды дегенмен өз денсаулығымызға жауапты болу тек өз қолымызда сияқты...
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»