Өңірімізде «Хұсни-Қорлан» деп әлеуметке «әлемде жоқ ән салдырған» Естай Беркімбаевтың құрметіне арналған рухани-мәдени шаралар жалғасуда. Жерлестерінің осы бір дара тұлғаға құрмет, ілтипат пейілдері ерекше. Ескерткіш мүсінтас орнату «Ақтоғай» қоғамдық қоры бастамасымен қолға алынған.
Қолында домбырасы бар әншінің тас бейнесі аудан орталығы – Ақтоғай ауылындағы Балалар өнер мектебінің алдынан орын алды. Бұл сәулет туындысы марқұм, жергілікті суретші Бота Машраповтың үлгі-жобасы негізінде жасалған.
– Балалар өнер мектебінінің ауласынан орын алған мүсінтас-бүгінгі ұрпақтың өткенін біліп, ұлы аталарына тағзым етуі мақсатында дүниеге келді. Екіншіден, қазақ әніне, өнерге арналған ескерткіш, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.
Айтуынша, өнер мектебіне Естай Беркімбайұлының есімін беру туралы ұсыныс Мәдениет министрлігіне жіберілген.
Естайдың туған немересі Зекен Жанәбілқызы да салтанатты рәсімге қатысып, Алашқа аты белгілі атасы жайлы естелік айтты.
– Сіңлім Зейнеш екеуіміз атам мен әжеміздің тәрбиесінде болдық. Өте сабырлы, кербез, салмақты,парасатты жан еді. Өлең жазатын жеке үстелі болатын. Жанында домбырасы сүйеулі тұратын. Өлең жазып болған соң қолына бірден домбырасын алып, әуенін келтіретін, – деп еске алады әжей.
Рухани-мәдени шара барысында Естай әндері шырқалды. Ақтоғайлық айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажанұлы Естайдың «Назқоңыр» әнін айтып, тілегін арнады. Әншінің «Жайқоңыр, «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Дүние-ай», «Қоштасу», әндері қазақ музыкасының алтын қорында сақталғанын айтып өтті.
Мүсінтастың ашылуына аудан әкімі Қаршыға Арынов бастаған шығармашыл зиялы қауым өкілдері, Естайдың ұрпақтары, туысқандары қатысты.
Шара барысында Естай ауылындағы ақынның қабірі басына барып құран бағышталып, ас берілді.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы