• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2019

Халық сенімін нығайтқан құжат

165 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдауының өзіндік ерек­ше­лік­тері бар. Менің ойымша, Жолдауда Мемле­кет басшысының қоғамға мұқтаж нәрселерді түсіне білуі айқын байқалады. 

Қ.Тоқаев қоғамды алаңдатып отырған бірқатар проблема­лар­ғ­а өз ұстанымын білдірді. Бұл орайда, Президент Елбасы ұстанған бағыттан таймайтынын айта отырып, осы бағытты жалғастыру үшін жүйелі түрде реформалар жасау ниетін көрсетті. Бұл орайда, ол Жолдауда «Негізсіз, жүйесіз саяси ырық­тан­дыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мем­­лекеттіліктен айырылуға әкеліп соғады. Сондықтан біз сая­си рефор­маларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, ке­зең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жү­зеге асыратын боламыз», деп атап көрсетеді. Президент Қ.Тоқаев­тың бұл ниеті іс жүзіне асырыла бастады, мәселен, көп балалы аналарға жәрдем көрсету, шағын бизнеске жол ашу т.б. бойынша қабылданып жатқан шаралар осыны дәлелдеп отыр.

Оған қоса, ол мемлекеттік органдардың халықпен тығыз жұмыс істеуін тапсырып, «еститін үкімет» жасақтауға шақырды. Осының арқасында қатардағы азаматтар әкімнен бастап тікелей Президентке шағымдану мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда, Президент елде болып жатқан және алаңдаушылық туғызған оқиғаларға араласып, әділдік орнатуға әрекет жасай бастады. Бұл ретте, Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңес те елдегі демократия институттарын дамытуға үлес қосуда. Кеңестегі адамдар ротациялық негізде жұмыс істеуі оның құрамының үнемі жаңартылып отыратынын және азаматтық қоғамның осы маңызды органының жұмысына белсенді лидерлер көптеп қатысатынын білдіреді.

Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес толассыз жүргізілетіні және бюджет қаражатын дұрыс пайдаланбау фактілері одан әрі әшкерелене беретіні ашық айтылды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан жеңіл рельсті көлік төңірегіндегі даудың халық алдына шығарылуы осының айғағы деп айтуға болады.

Муса САПАЕВ,

Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері