• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2019

Сәйгүліктің сынын білген ел едік...

1661 рет
көрсетілді

Бүгінгі жас ұрпақ аттың сынын, он екі мүшесінің ерекшеліктерін түгел сипаттап бере ала ма? Әй, қайдам. Мұндайға жастар түгілі, ересектердің өзі түгел жетік деп ай­­та алмаймыз. Жылқы түлігінің басынан бастап құйрық-күлтесіне дейін түген­­деп, түс­теп берер адамды табу да қиын. Осы тұрғыда Елбасының «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған жайлар көп ойларға жетелейді.

Біздің Ұлы Даламыз бағзы кездері әлем­дік ауқымдағы технологиялық жаңа­лық­тардың киелі бесігі, ту ұстар тұғыры да болған екен! Аталған еңбекте ата-баба­лары­мыздың атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны жөнінде айтылып, бұған бірқатар дәйекті дәлел де келтіріледі. Рас, жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке де ие болды. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенетіні – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құр­ған ұлы дәуірге деген құрметтің бел­гісі екені анық. Осыған байланысты дала дана­гөй­лерінің аттың сырын біліп, сынын түйген дегдарлығы, айрықша қабілеттілігі тұрғысында әңгіме қаузап көрелікші.

Қыпшақтан шығып, Мысыр мен Сирия­ны билеген (1250-1382 жылдар ара­лы­ғында) мәмлүк сұлтандары мен бек­тері жылқының қадірін білген билеу­ші­лер болғаны тарихтан белгілі. Мәм­лүк заманы тарихшыларының айтуын­ша, шабандоздық – тек қана атқа міну мен атқа шаба білу емес, ат үстінде садақ атып, найзамен түйреп, қылыш сіл­теу, балтамен шабу, шоқпармен соғу, қал­қанды шебер қолдана алу. Айта кетейік, мәмлүк шабандоздары тарих сах­на­сына шебер шабандоз ретінде шы­ғып, танылған-ды. Сол тұстағы Рим папа­лары­ның өзі мәмлүк күшінің адамнан кейінгі негізгі құрамының бірі – жылқы еке­нін мо­йындаған еді. Ал Бабыр баба­мыз өз ең­бе­гінде аттың 3100 қадамы адам­ның 46000 қадамына тең екенін жазып қалдырған екен.

«Жүйрікте сын жоқ» демекші, нағыз тұлпар қандай болатынын сырттай кесіп-пішіп айту қиын екендігіне қарамастан, мәмлүк атбегілері сырт түсіне қарап шын жүйрікті тап басып тануға тырысқан. Қып­шақ сұлтандарының хатшысы әрі атбегі қызметін қоса атқарған тарихшы әл-Умари «Жүйрік аттың дене біті­мі берік, шалт бұрыла алатын, қатты шапқанда ұшатындай, жақ еті жұқа, азуы кең, жанары отты, бауыры жазық, тік құлақ, қабырғалы (кең сауырлы), төсі шығыңқы (омыраулы), жіліншігі қысқа, адымы кең, арты үлкен, күлте құйрықты, қыл түбі сүйегі қысқа, жұмыр тұяқты, терісі жұқа, май жаққандай жылтыр келуі керек» деп жазса, әл-Байтар (1340 қ. б.) «Танауы кең, жазық маңдайлы, ұзын құлақ, құйрығы, мойны ұзын, белі қысқа, тұяғы шағын – шын тұлпардың сипаты» дегенді айтады. Ал тарихшы әл-Нуайри (1333 қ. б.) «Үш қысқа, үш ұзын, үш кең, үш таза болуы керек. Құлағы, мойны, шынтақ сүйегі ұзын, арқа, жіліншігі, қыл түбі сүйегі қысқа, шықшыты, танауы, іші кең, көзі, терісі, тұяғы таза болсын» деп түйін жасайды.

Әл-Қалқанжанди «Жүйріктің белгісі – жүрісіне адам қызығады, шапқанда тұяғын кең сілтейді» депті.

Мәмлүк атбегілері жылқы түсіне қатыс­ты «Әдемісі – ақ бозы, шыдамдысы – қара­көк, жүйрігі – жирен, басы қаттысы – сүлік қара, осы аталғандардың ала жыл­қыдан басқасы күшті» деп байлам жасай­ды. Олар жылқы түсін қара, боз, қызыл (жирен), сұр, сары, жасыл (көк), ала және шұбар деп белгілеген. Қара – 5, боз – 7, қызыл – 10, сұр – 7, сары – 7, жасыл көк – 5, ала – 10, шұбар – 3 реңге бөлінеді. Қазақ тұлпарларының шаңқан боз, теңбіл көк, торы (құрма түс), жирен алтындай жарқырағаны да, басқасы да бар.

Қазақ атбегілері де нағыз сәйгүліктің белгілері жөнінде айтудай-ақ айтып өтті. Олар бағзы кездерде-ақ аттың сырын біліп, сынын түйіп қойғанына көз жет­кізу аса қиындыққа түсе қоймайды. XIX ғасырдағы аттың сынына қатысты тұжырымдардан да ғажап суреттеулерге кез боларыңыз анық. Мысалы, Күреңбай сыншы «Тәует бас, құлағы тік, қамысқұлақ, жұтқыншағы қойдың жұтқыншағына ұқсайды. Сағағы кең, үңірейіп тұрады, салпы ерін. Бас кезжарым болса да, кесім ет шықпайды. Танауы талыстай, кеңірдегі кең. Қаз мойын шабуға жаралған жүйрік үшін жайсыз, тез талады» деп сипаттайды. Киікбай шешенде «Ұтқыр үйректің басындай ұзын, сүйрік, етсіз, мойны жолбарыстың мойнындай жұмыр (қоймойын) ұзақ шабыстан талмайды» , «Ер Тарғын» жырында «Томаға көз, етектей ерін, қас албасты қабақты, шықшыты түбектей, бауыздауы піскен алма сабақты, құлжа мойын» деген сипаттаулар кездеседі.

Қазақ атбегілерінің айтқандары негі­зінде жүйрік аттың сипатын мына төмен­дегідей белгілеріне қарап та аңдауға болар. Задында тұлпар шағын, етсіз, тәует басты, маңдайлы (аздап дөңес), тік, қамысқұлақты келеді. Жұтқыншағы мойын желке мен алқымдығына қарай жұмырлана бітеді. Осы тұрқына қарай қой мойын, құлжа мойын, бұлан мо­йын, жолбарыс мойын деп те бейнелеп айтады. Ал көзі – үлкен, ағы мен қарасы ашық, қарасы шымқай қара, кірпігі – қара, танауы – талыстай, кеңірдегі – кең, суағарлығы – екі-үш арна, бөкен танау, қуысы кең әрі биік, тісі – аппақ, ұзын, біркелкі, жұқалтаң, мығым, жалы – майда, сағағы – түбектей үңгірлі, кең, ауызомыртқасы – шығыңқы, желкесі – ой, жақ сүйегінің төменгі қырлары – тік, түзу, түйіскен жеріне бармақ сыйып кетерліктей кең келеді, қабағының асты, үсті – бірдей, жалының қыры – өткір, қайратты, шақпақ етті келеді, өңеші етке, не теріге қосылмай кең де еркін жатады. Кебеже қарын, қысқа жон, қақпан бел, бауыры – жазық, тұяғы – қара, қалың, қобылы (құйматұяқ), бақайы – тықыр, жуан, қысқа, тік, ұзын сирақты, ақсүйегі қысқа, тік, сіңірлі бота тірсекті, тазы тізелі, төсі салыңқы, құс төс, омырауы ашық, аяқтарының арасы алшақ, алдыңғы екі аяғы, омырауы тазының алдындай, жоғары және төменгі сүйектері (сирағы) ұзын, қолтығы кең, шынтағы шығыңқы, салпы ерін, кең кеуделі болмақ-дүр.

«Ат – ер қанаты» деп білген, кешегі «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер күнді» аңсайтын қазекеңнің бүгінгі ұрпағы аттың, ат әбзелдерінің түрін танып, түсін түстеп беруге келгенде, кү­міл­жіңкіреп қалатыны, ат мінуді ұмы­тып, тақымы суыңқырап бара жатқаны ел­ді­гімізге – сіз бен бізге сын емес пе?! Елбасы еңбегінде айтылғандай, әлем­нің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған, адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келген ұлы технологиялық революцияның жемісі ұлықталуға, ұмытылмауға тиіс қой! Ата-бабаларымыздың үлгісі, үрдісі, салт-дәстүрі – біздің мәңгілік мұрамыз.

Өңірімізде барлық заманауи талап­тарға жауап берерліктей шағын ипподромдар салудың, сөйтіп көпшілік қауымның салт атпен серуендеуді «сәнге» айналдыруына септесудің мезгілі әбден пісіп-жетілген сыңайлы. Мұның өңірімізге туристер тарту ісінде де маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Мысалы, мына көршілес облыстағы «Ақсу-Жабағылы» қорығының «Қойлыбай жазығы» аталатын дегересінде салт атпен серуендеу шетелдік саяхатшылар үшін айрықша ұнам­ды іске айналып келеді. Тараз қа­ла­сындағы «Зербұлақ» демалыс айма­ғынан ашылған мүгедек жастарға арналған «Асар» оңалту орталығы «Иппотерапия» жобасын – салт атпен серуендеу арқылы емделу ісін жүзеге асырып жатқанынан хабардармыз. Өңіріміздегі бірқатар жүйрік баптап, жарысқа қосушы кәсіпкерлік нысандары басшыларының да өзіндік үлестерін қосуға ынталылық танытқанмен, бұл істің соңы сиырқұйымшақтанып кеткен сыңайлы. Жамбыл жерінде еліміз аумағына танымал бірегей нысан – Б.Момышұлы атындағы атшабарымыз (ипподром) барын да мақтаныш етіп айтуымызға болады. Тек осы нысанның арнайы кесте жасалынып, ат спорты ойындары, басқа да шаралар тұрақты өткізілуі арқылы жыл он екі ай бойы үзіліссіз жұмыс істеп, кәдеге асырылуы мәселесі естен шықпаса екен дейміз. Ол әркезде де қаңырап, бос тұрмауға тиіс. Осы нысанда да жастарды ат міну­ге баулуға, салт атпен серуендеуге арнал­ған ат спорты кешенін ашуға да болады емес пе? Бұл жас өркендеріміздің, ере­сек­тердің де ұлттық спортымызды ұмыт­пай, ұлықтауы үшін өте-мөте қажет. Аталмыш ат­шабарды туристік бағыттың бірі ретінде белгілеп, арнайы маршрутпен автобус қатынауын жолға қойса да еш артықтығы жоқ.

Айтпақшы, былтыр «Жас прожект» жобасына өзінің «Тақымды тұлға» атты кіші жобасымен қатысып, 1 миллион теңге грант ұтып алған «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Исатай белгіленген мерзім ішінде – 6 айда 200-дей жастар мен жасөспірімдерді атқа мінуге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу секілді ат спорты ойындарына тегін үйретуді жүзеге асырған екен. Бастамашыл жас биыл да «3 миллионнан – 100 жобаға» байқауына осы ат спорты өнерін дамыту бағыты бойынша қатысуда. Оның мініс аттары да, түрлі қажетті құрал-жабдықтары да дайын. Тек жаттығу өткізетін орны жоқ екен. Жоғарыда біз айтқан орталық атшабар бұл іске сұранып-ақ тұр емес пе?! Тек ипподромға баратын автобус бағыты ашылса жетіп жатыр.

Бүгінде көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағымыз ұлттық тарихы­мыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын, кезінде еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас деректерді танып-білуге мүмкіндік бермегенін білсе дегендік қой, біздікі.

Басы ашық бір мәселе, ол – өзіміз жайлы білгеніміз – тоғыз, білмегеніміз – тоқсан тоғыз екендігі. Бұл ұлтымыздың ұлылығын күллі әлем тани қалса деген мақтангершілік те емес. Қалай болғанда да біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, «уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталатын ұлттық тарихымызды», жаһандық ауқымдағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдап алуға тиіспіз. Ең басты ұстаным да осы. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туатын болады.

 

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

 

Тараз