• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 01 Қараша, 2019

Түркия жандармериясымен тәжірибе алмасты

167 рет
көрсетілді

Таяуда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бастаған делегация қызметтік сапармен Түркияның Жандармериясында болып қайтты.

Қазақстандық делегацияның бағдар­ламасы аясында кешенді шаралар өтті. Кез­десуде қозғалған маңызды мәселенің бірі құрылғалы жатқан әскери статусқа ие ор­гандардың және құқық қорғау органдары әскери ведомстволарының «Еуразия құқық қорғау органдарының қауымдастығы» ұйымы жөнінде болды. Бұл ұйымға кіру Қазақстан үшін жалпыға бірдей қызығушылық тудыратын қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат және тәжіри­бе алмасуға мүмкіндік бермек. Түркия тарапы аталған Қауымдастықтың құрылуына Қазақстанмен бірге Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұландары да атсалысуға ниетті екенін мәлімдеді.

Түркиядағы сапары барысында қа­зақ­стандық делегация Түркия Жандар­ме­риясының Бас қолбасшылығында Жандармерия Бас қолбасшысы, армия генералы Ариф Четин мырзамен кездесті.

Кездесу аясында Қазақстан құқықтық тәртіп әскерінің басшылығы Түркия Жандар­мериясының байланыс, автоматтандыру, авиация және тыл бағыттары бойынша жа­уынгерлік қызметімен жіті танысты. Деле­гация мүшелері, сондай-ақ Жандармерияның Логистика және Авиация қолбасшылықтары штабтарында болып, мүмкіндіктері мен материалдық базасын зерделеп қайтты.

Делегация басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Жандармерия және жағалау күзеті академиясында әскери білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен жо­лығып, бағыт-бағдар беріп, оларға оқуда табыс тіледі. Сонымен қатар білім ордасы­ның басшы­лығымен Ұлттық ұлан әске­ри қыз­метшілерін әрі қарай оқыту мәселелерін талқылады.

Жандармерияның қоғамдық қауіпсіздік арнайы басшылығының құрамасында (арнайы мақсаттағы бөлімше) қазақстандық қонақтарға бөлімшенің жаппай бассыздықтар мен заңсыз шерулерге тосқауыл қою және терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезіндегі іс-қимылдары көрсетілді.

Қос тарап бұдан бөлек «Миналар мен қолдан жасалған жарылғыш заттарды табу және жою» тақырыбындағы дайындық курстарына бөлінетін квоталар санын көбейту туралы ортақ шешімге келді. Арыс қаласындағы соңғы жағдайларды ескеретін болсақ, аталған тақырыптың Қазақстан үшін өзекті екені түсінікті.