Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ақтөбе облысына ат басын тіреді.
Құрамында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақсылықова, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин енген жұмыс тобы өңір тұрғындарымен кездесуде білім саласына ерекше тоқталып, «Ел үміті» жобасы туралы түсіндірді.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала мен ауыл мектептерінің білім сапасын теңестіру мақсатында алда ауқымды жұмыс атқарылмақ. Бұл үшін ауылдағы мектептердің материалдық базасын нығайту қажет. Жалпы, қазір ел аумағында 32 апаттық жағдайдағы, 111 үш ауысымды мектеп бар. Алдағы үш жылда бұл білім ошақтары толығымен жойылуы тиіс. Сонымен қатар ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің де сапасын арттырған жөн. Ұстаздардың жауапкершілігін арттыру қажет. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев директорларға мектеп мұғалімдеріне осы талапты жеткізуді тапсырды.
«Мемлекеттің жасап жатқан көмегіне, қолдауына қайтарым болуы тиіс. Білім сапасын арттырамыз. Балалардың білімі заман талабына сай болуы керек. Халықаралық деңгейге жетіп, мектеп бітірген оқушы әлемнің мықты университеттерінде білім алуы тиіс. «Болашақ» бағдарламасымен де білім алып жатыр. Ұстаз оқу бағдарламасымен ғана шектелсе, одан тәрбие алған бала алысқа бармайды. Қазіргі балалардың деңгейі, өрісі басқа. Кешірім сұраймын, кейбір балалар мұғалімнен артық біледі. Бала телефоннан, үйіндегі интернеттен мол мәлімет алады», деді Үкімет басшысының орынбасары Ақтөбедегі педагогикалық қауыммен кездесуінде.
Облыс, қала мен аудандағы білім басқармасы мен бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары білім саласындағы өзгерістерді дұрыс түсіндірмеген соң елімізде петиция да жазылып жатыр деген Үкімет басшысының орынбасары осы мәселеге ерекше тоқталды. «Кейінгі кезде жаман әдет шықты. Бірден Президентке хат жазады, көшеге шығады. Бұл болмайды. Мемлекетіміздің ең сауатты азаматы – сіздер. Сіздерге бәрі байланысты. Жалпы, қоғам алдында жауапкершілік, жанашырлық болуы тиіс», деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ «Ел үміті» жобасына тоқталған вице-премьер: «Дарынды балаларды қолдау мектептері бар. Тұңғыш Президент қорымен бірге «Ел үміті» жобасы дайындалып жатыр. Кем дегенде 1 мың дарынды баланы таңдап алып, жағдай жасаймыз. Яғни, мемлекеттік грантпен оқып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады. Бұл жоба республика бойынша бірінші Ақтөбеде бастау алады», деді.
Расында, дарынды жастарды ұлықтайтын Ақтөбедегі марафонға бес облыстың үздіктері жиналған екен. Марафонға қатысушылар ретінде бизнес, мәдениет, спорт немесе медицина саласында белгілі бір жетістіктерге жеткен жас буын өкілдері тартылады. Олар өздерінің мамандық таңдауы, өмір жолы, қалыптасуы мен дамуы туралы әңгімеледі.
«Әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы оның білімді, ойшыл жастарына байланысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Біз дамыған 50 елдің қатарына кірдік, мақсатымыз 30 елдің қатарына кіру» деп айтқан болатын. Ол үшін жасампаз, ойшыл жастар болуы керек. Өйткені осы заманда бәсекелестік тек экономикада емес, адамдар арасында да болуы тиіс. Қай мемлекетте алғыр жастар болса сол ел бәсекелестікке төтеп береді. Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Әр өңірде Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Назарбаев университеті де дарынды балаларға арналған. Қазіргі таңда Қазақстанда 30 мыңға жуық дарынды бала бар, 100-ге жуық дарынды балаларға арналған мектептер жұмыс істейді. Биыл Қазақстанның мыңға жуық жасы көптеген халықаралық олимпиадада, конкурстарда жеңімпаз атанды. Оның ішінде 300-ге жуығы алтын медаль алды. Математика, химия, биология, физика саласы басым», деді аталған шараға арнайы қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Елімізде алғаш рет Өңірлік дарын орталығын Ақтөбе қаласында ашу жоспарланып отыр. Орталық келер жылы іске қосылады.
«Бүгінгі марафон жас инноваторларды, математик, физик, химик және бизнес, спорт, мәдениет саласындағы жас мамандарды қолдауға бағытталған. Алдағы уақытта елімізде жаңа жобалар қолға алынады. Ауыл балаларына, дарынды оқушыларға, студенттерге жағдай жасалады. Мәселен, ауыл оқушылары үшін жыл сайын арнайы интеллектуалдық конкурс өткізіп, 1 мың бала іріктеледі. Бүгін бірінші қадам. Негізгі жұмыс әлі алда», деді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» қорының атқарушы директоры Әсет Исекешов.
Айта кетелік, «Eл үміті» – дарынды жастар мен жас көшбасшыларды қолдауға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған республикалық марафон. Жобаның мақсаты – жас таланттарды, новаторларды, білікті мамандар мен кәсіпкерлерді насихаттау.
Марафонға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының музыкалық-шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ «КТА» және «Назар Аудар» әзіл-сықақ командалар қатысуда.
Ақтөбе облысы