Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында оқу бағдарламасы түгелдей жасанды интеллекті үйретуге негізделген алғашқы университет ашылады. Әбу-Даби әмірлігінің ханзадасы, БАӘ қарулы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары Мохамед бен Заидтың атындағы жасанды интеллект университеті (Mohamed Bin Zayed University of Artificial Intelligence, MBZUAI) жұмысын 2020 жылы бастайды.
Білім ордасы жұмысын бастап үлгермесе де, бүгінге дейін 3 мыңнан астам талапкер өз өтініштерін беріп үлгерген. Interesting Engineering порталының хабарлауынша, ниеттілердің басым көпшілігі Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Үндістан, Қытай, Алжир азаматтары. Жоғары оқу орны 6 магистрлік, 3 докторлық бағдарлама ұсынады деп жоспарланған. 2020 жылдың қыркүйегінде есік ашатын білім ордасы үш негізгі бағыт бойынша білім бермек. Олар: бағдарламамен қамтамасыз ету, жасанды интеллектіге қажетті бағдарламалар жазу және өңдеу. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын студенттердің ай сайын шәкіртақы алуға да мүмкіндігі болады. Оған қоса заман талабына сай жабдықталған жатақхана, медициналық сақтандыру, ғылыми зерттеулермен айналысуға барлық жағдай жасалады.
Университет кеңесіне Оксфорд, Бейжіңдегі Цинхуа, Массачусетс, Мичиган университеттерінің алдыңғы қатарлы профессорлары шақыртылған. Сарапшылар бұл университеттің көп ұзамай үлкен сұранысқа ие боларын, сонымен қоса алдыңғы қатарлы оқу орындарының тізіміне енетінін болжап отыр. Бұл ой да негізсіз емес. Өйткені 2 жылда жасанды интеллектінің дүниежүзілік нарықтағы көлемі 4 трлн АҚШ долларына жетсе, 10 жылдан кейін әлем экономикасына 16 трлн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелері бұған дейін де айтылып келген. БАӘ мемлекеттік министрі әрі университет кеңесінің төрағасы Сұлтан Әл-Жабер жаңа университет жаңа дәуірге жол ашатынын айтады. «Оқу бағдарламасы толықтай жасанды интеллектке негізделген. Бұл саладағы алғашқы мамандарды дайындайтын болғандықтан үлкен жұмыстар жүргізілді, көп зерттеулер жасалды. Жаңа дәуірге бастайтын мамандарымызға үлкен міндет артылады, біз өз кезегімізде соған сай білім мен даңғыл жол салуға дайынбыз», деді кеңес төрағасы. Сонымен қатар Әл-Жабер жасанды интеллектінің бүгінгі әлемді өзгертіп жатқанын да тілге тиек етті. «Адамның шексіз ойын жасанды интеллектті үйренуге, түсінуге, тануға бағыттасақ, бұдан да үлкен нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бір кездері электр жарығы, темір жол мен смартфондар өмірімізді өзгерткендей, жасанды интеллект те әлеумет пен экономика саласына елеулі өзгерістер алып келері сөзсіз», деді.
Ал бірегей университеттің президенті лауазымы Оксфорд униерситетінің профессоры Майкл Брэдиге бұйырды. Оның айтуынша, жасанды интеллекті меңгеру келешекте қай салада болса да үлкен мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашады. Жалпы, Біріккен Араб Әмірліктері – жасанды интеллекттің экономикадағы мүмкіндіктерін байқап, оны іс жүзінде қолдана бастаған алғашқы мемлекеттердің бірі. 2017 жылы ел үкіметі «БАӘ 2021» деп аталатын жоспар бекітті. Жоспарда басқару мүмкіндіктерін жақсарту үшін жаңа технология қолданылатын сегіз сала көрсетілген. Олардың қатарында ғарыш, жаңғырмалы энергия, су ресурстары мен білім беру бар.
Университетпен қоса БАӘ-де әлемдегі алғашқы жасанды интеллект мәселелері бойынша министр тағайындалды. Бұл лауазымға Омар әл-Олама бекітілді. Oxford Insights ақпаратына сүйенсек, жасанды интеллекті мемлекеттік басқаруға қолдану мүмкіндігі бойынша БАЭ әлем елдері арасында 19-орынға ие. Бұл индекске 194 мемлекет кірген. Рейтинг көшін Сингапур бастап тұр. Жасанды интеллектінің отаны саналатын Силикон алқабы орналасқан АҚШ 4-орында болса, Қытай тізімде 20-орынды алып тұр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, университетке жасанды интеллект саласына қызыққан кез келген жас оқуға түсе алады. Елімізде жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке қызығушылығы бар жастардың саны күн санап артып келе жатқанын ескерсек, 2020 жылы бірегей университеттің алғашқы студенттерінің қатарында отандастарымызды да көруіміз ғажап емес.