Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінің туризм саласындағы жетістіктері жетерлік. Тарихи аймақты туризм орталығына айналдыру басты назарда. Әсіресе Әулиеата жеріне саяхаттап келген шетелдік туристердің өңір тарихына деген құрметі жоғары.
Алайда, заман талабына сай кез келген келушінің өз бетінше өңір туризмі туралы ақпарат алғаны дұрыс. Бұл ретте Жамбыл облыстық туризм басқармасының тапсырысымен елімізде тұңғыш рет Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында «Тараз – Алматы» және «Тараз – Шымкент» автожолдарының кіреберіс доғаларына 88,8 FM радиотолқыны орналастырылды.
Енді ежелгі Тараз шаһарының батыс және шығыс қақпаларына орнатылған радиотолқыннан көне қалаға келуші қонақтар да, туристер де көлікте келе жатып-ақ өңір туризмі туралы барлық ақпаратты тыңдай алады. «Аталған радиотолқында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде туристік ақпараттық аудиороликтер трансляциясы іске қосылған. Сонымен қатар мұнда өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыратын «Taraz Tour» мобильдік қосымшасы туралы ақпарат та тұрақты түрде беріліп тұрады», дейді басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Аталған қосымшада өңірге келуші туристер мен қонақтарға облыстағы негізгі 33 тарихи-мәдени орын мен қонақүйлер, тамақтану кешендері мен шипажайлар туралы қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде ақпарат беріледі. Өңірге келуші барлық турист бұл ретте өз таңдауын жасайды. Ал шетелдік туристер сол қосымшадағы сөйлеу сөздігімен және экскурсиялық маршруттарды құрып беретін интерактивті картаны қолданып, әр нысанда орнатылған арнайы QR-кодтарды да өздерінің ұялы телефондарына сканерлей алады. Сол арқылы кез келген турист арнайы орнатылған аудиогидтен толыққанды ақпарат алуына болады. Бір сөзбен айтқанда, тілі де, тұрмысы да бөлек шетелдік туристер үшін Тараздағы бұл бастама барлық қажеттілік үшін қолжетімді болып тұр.
Жамбыл облысы