Сақтансақ – сақтайды
Сәрсенбіде Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бастаған жедел топ Кенді Алтайға келіп Тарбағатай, Зайсан аудандарының су басып қалған ауылдарында болды.
Шығыстың сәні мен мәні биыл кетіп-ақ тұр. Тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде алғаш рет облыс орталығында Наурыз мерекесі аталып өтілген жоқ. Өскеменнің қас-қабағына қараған қалалар мен аудандарда да Наурыз тойланбады. Оның өзіндік себебі бар. Соңғы үш ай бойы Кенді Алтай қатты аяз бен боран-шашыннан көз жазбады. Қыс бойы аудандар мен қалаларды жалғастыратын күре жолдар апталап жабылып қалды. Міне, соңғы бір апта бойы жолдар тағы да тығындалды.
Күннің күрт жылынуынан, екі тәулік бойы жауған жаңбырдан соң облыстың Тарбағатай, Абай, Зайсан, Ұлан, Күршім аудандарында таудай болып үйілген қалың қар күрт еріп, халықтың мазасын ала бастады. Жағдай әсіресе, Тарбағатай ауданында күрделі. Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы ауданда болған кезде тасқын су басқан бірқатар ауылдарда болып, апат зардаптарын өз көзімен көрді. Су тасқынының алдын алу жөнінде құрылған аудандық штабтың мәжілісінде өңір басшысы апаттың орын алуына жергілікті басшылардың тапсырмаларға салғырт қарағаны, бейқамдығы себеп болғанын ашық айтты. Ол үшін кінәлілерді жазаға тартатынын да жеткізді.
Ауданда бес елді мекенді су алып кеткен. Дүлей тасқын 650 тұрғын үй, сегіз жүзге тарта қора-қопсыны бүлдірген. Жеке меншіктің екі мыңға тарта ірі қарасы, оң мыңнан астам қой-ешкісі, жеті жүздей жылқысы арам өлді. Көкжыра, Жентікей, Қызыл жұлдыз, Қызылкесік, Көктүбек ауылдарының тұрғындары су тасқынынан көп зардап шекті.
– Тарбағатай ауданының әкімі М.Сапарғалиев бастаған топ қазір су басып қалған ауылдарда жүр, – деп хабарласты бізден аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы А.Тайшөгелов. – Олар тұрғындармен кездесіп, сын сәтте сабырлылық сақтауға шақырды. Бес елді мекеннің 3927 тұрғыны аудан орталығы Ақсуаттағы, Сәтбаев, Тана мырза, Қарғыба, Қарасу ауылдарындағы мектептер мен балабақшаларға, Ақсуаттағы интернатқа орналастырылды. Оларға ыстық тамақ жеткізілді, басқа да жағдай жасаудамыз.
Табиғат апаты әкелген шығын өте зор. Мал-жан, қора-қопсы, дүние мүлікті былай қойғанда, аса қажетті көпірлерді де су шайып, істен шықты. Қызылкесік ауылындағы, Құмкөл ауылдық округінің Қарғыба өзені үстіндегі көпірлер істен шығып, автокөлік қатынасы тоқтап қалды. Бүгінге дейін құтқару жұмыстарына бір жарым мыңдай адам тартылып, үш жүзден астам техника қосылған. Қостанай, Көкшетау, Екібастұз, Қарағанды қалаларынан келген 155 құтқарушы мен 37 техника аудан тұрғындарына көмектесуде. Сын сәтте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тікұшақтары жүздеген адамды қауіпсіз жерге жеткізіпті.
Салғырттық сан соқтырады деген. Осымен апаттың алдын алдық десек қателесеміз. Егер ауа райы суытып кетпегенде не болары белгісіз еді. Күн суыған соң тасыған топан су бір мезет тыныш тапқандай болды. Бұл адамдардың ес жиып алуына жағдай жасады.
Осыдан бірер апта бұрын Зайсан ауданында да күннің күрт жылуынан қалың қар еріп, қауіпті жағдай туған. Шілікті ауылы мен 90 отбасы тұратын Тасбастау ауылын су ала бастады. “Алтай адам” мекені Шілікті қорғанына да қауіп төнді. Аудан әкімі Ә.Мұқтарханов бастаған топ бірден көмекке жетіп, су астында қалған 34 үйдің жандарын қауіпсіз аймаққа көшірді. Тоғыз үй жарамсыз деп танылды.
Облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков бір аптадан бері осы өңірде жүр. Ол департамент, басқарма басшыларының қатысуымен бірнеше рет мәжіліс өткізді. Ондағы мақсат – апаттың алдын алу шараларын белгілеу, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созу. Ал көмек еліміздің біраз облыстарынан келіп жатыр. Бірнеше қар тазалайтын техника, ТЖМ-нің жауапты қызметкерлері осы аймаққа дер кезінде келіп жетті. Облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Нұрбатшанов, облыстық автокөлік жолдары департаментінің бастығы Сайранбек Бармақов қолдан келген көмегін жасауда. Ал аудандағы іскер азаматтар Болат Нұрасыл, Қуат Әбжанов, А.Дудник өз техникаларымен қалың қарды тазалап, жерлестеріне көмек көрсетуде. Ауданға 114 миллион теңге көмек беріліпті. Осы өңірдің тумасы, іскер қыз Аэлита Әбішева 178 мың теңгенің азық-түлігін жіберсе, А.Дудник 20 тонна көмір, қожалық иесі Дәулетбек Мықянов та қаржы бөлген. Майқапшағай кеденінің бастығы Мұхаметжан Әбдіразақов 40 жұп су өткізбейтін етік, күріш, кеспе, басқа да тағамдарды жерлестеріне беріпті.
– Үйдене су қоймасынан қауіп жоқ. Ол күндіз-түні бақылауда. Кендірлік су қоймасы берік, су мөлшері қалыпты жағдайда. Қаратал, Сарытерек, Кеңсай ауылдарын су баспауы үшін қауіпсіздік шараларын атқарып жатырмыз. Әр ауылда күндіз-түні кезекшілік жасалады, телефон орнатылған. Бөлім, сала басшылары әр ауылдық округте қырағы күзетте тұр, дейді аудан әкімінің орынбасары Қазбек Биқадамов.
Облыстың Үржар, Аягөз, Абай, Күршім, Катонқарағай, Ұлан және басқа да аудандарында су тасқынының алдын алу үшін тынбай жұмыс жүргізілуде. Біз жақында Ұлан ауданының Герасимов ауылында болып қайттық. Мұнда оншақты күн бұрын ауылдың оңтүстігінде орналасқан су бөгені бұзылып, біраз үйлерді су басып қалған. Қазір бөгенді тығындау жұмыстары аяқталып қалыпты.
Облыста 83 су қоймасы бар. Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі, Кіші Үлбі гидростансалары қатаң күзетте. Бұқтырма мен Өскемен ГЭС-інің су мөлшері тұрақты азайтылып тұрады. Өскеменнің жоғары жағындағы Кіші Үлбі жасанды су қоймасының қаупі сейілер емес. Мұнда 60-80 миллион текше метр су жиналып қалған. Су қоймасын осыдан 75 жыл бұрын жер аударылғандар кәдімгі тас, қиыршақтас, құммен бекітіп салған. 75 жылда күрделі жөндеу жүргізілмеген су қоймасы апатқа ұшыраса, Өскеменнің өзегі тарыла түседі. Ендеше, су қоймасына назар аударатын кез келді. 38 орта, шағын су бөгендерін, 36 көлшік және оннан астам каналдарды да қамқорлыққа алсақ, ұтылмаймыз. Ертіс, Бұқтырма, Ұба өзендері және 600-ден астам кіші өзендер 7109 нысанға және 100 мыңнан астам адамға қауіп төндіріп тұр.
Сәрсенбі күні Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бастаған жедел топ Өскеменге ұшып келді. Облыс әкімі Б.Сапарбаевпен бірге олар тікұшақпен Тарбағатай ауданының Жөнтікей, Көкжыра ауылдарына барды.
Аталған екі ауыл апаттан қатты зардап шеккен. Жөнтікейден бір жарым мың адам, ал Көкжыра ауылы толығымен қауіпсіз аймаққа көшіріліпті. Қазір бұл жерде Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, және Павлодардан келген құтқарушы топ қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Ауыл тұрғындарымен жүздесуде облыс әкімі тұрғындарды салмақты әрі шыдамды болуға шақырды. “Біз сіздермен біргеміз. Елбасының өзі Шығыс өңіріндегі апатты біліп отыр, көмегін жасауда. Жедел топ осымен екінші рет біздің облысқа келіп отыр” десе, министр В.Божко “Қазір облысқа 1,2 миллиард теңге бөлінді. Оның әзірше 19 миллион теңгесі Тарбағатай ауданына келіп түсті. Бұны алғашқы көмек деп түсінген орынды. Мал-жан, қора-қопсыға өтемақы төленеді. Оның анық-қанығын комиссия анықтайды”, деді. Ең бастысы, адамдар дін аман.
Сол күні түстен кейін жедел топ Зайсан қаласына ұшып келіп, қауіпті жерлермен танысты. Мұның алдында Шілікті қорғанының жанындағы Тасбастау ауылында болып, тұрғындармен кездесу өткізді, оларға көмектің болатынын айтты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев аудан әкімі Ө.Мұқтарханов пен штаб мүшелеріне аса сақ болуды тапсырып, министрліктің жауапты адамдарының әр ауылда болып, жағдаймен таныстырып тұратынын хабардар етті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.