Қасындағы серігін жәбірленуші әйелдің қасына қалдырған сержант оқиға орнынан біршама ұзап үлгерген қылмыскерді қуа жөнелді. Екі арадағы қашықтықты қысқарта түскенімен, қашқын қараңғы көшелердің біріне жалт бұрылып көзден таса болар түрі бар. Оның ойын болжап үлгерген милиция сержанты «Тоқта, атамын!» деп айқайлап, аспанға ескерту ретінде оқ атты. Оқыстан атылған оқ дауысы түнгі он шамасында мүлгіген тыныштықты бұзды...
Түнгі жортуылға шығып, кісі тонаумен айналысып жүрген қылмыскерді құрықтаған милиция сержанты Нұрғали Базарқұлов басшыларынан марапат алған-ды. Иә, бүгінде зейнеткер Нұрғали Сапақұлы сол 1986 жылғы оқиғадан кейін қару қолданатындай жағдайдың болмағанына қуанады. Ішкі істер саласында 27 жыл қызмет етіп, аудандық полиция бөлімі бастығының кадр және тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, зейнеткерлікке майор шенінде шыққан Н.Базарқұлов аттан түскен жоқ. Яғни, Келес аудандық ішкі істер органы ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандағы қоғамдық кеңестің мүшесі. Ел тыныштығын қорғауда жауапкершілікті сезініп, қиындыққа мойымау, анттан таймау әкеден дарыған қасиет Базарқұловтар әулетінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Сарығаш ауданының Құрметті азаматы, «Қызыл Жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері Сапақ Базарқұлов салған сара жол үзілген жоқ. Бүгінде зейнетке шыққаны, қызмет етіп жүргені бар Базарқұлов әулетінен 17 адам өз өмірін ішкі істер саласымен байланыстырыпты. Ішкі істер органдарында екі-үш және одан да көп ұрпақ буыны қызмет еткен отбасыларда патриотизм, абырой және қызмет борышы қарапайым сөз болып қалмайтынын айтушылар көп. Яғни, дәл сондай әулеттерде қызметке құрмет, борышқа сенімділік, мамандыққа деген адалдық балалық шақтан беріледі. Осындай жоғары адамгершілік құндылықтар, басқалар үшін өзін құрбан ете алу атадан әкеге, әкеден балаға берілсе, келесі ұрпақ та осы мамандықты таңдары анық. Сапақ Базарқұловтың үлкен ұлы мен кенжесі де бала кезінен алда қиыншылықтар мен сынақтардан өту керектігін біле отыра, әке жолын жалғастырыпты. «Милиция отбасында дүниеге келдік. Әкеміз 1941 жылы соғысқа дейін әскер қатарына алынған. Украинада алғашқы әскери даярлықтан өтіп жүргенде соғыс басталыпты. Майданға алғашқылардың қатарында аттанған. 1944 жылы Карпат тауында жарақаттанып, мамыр айында елге оралған. Аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болды, Сайрамдағы зооветтехникумды бітірді. Сөйтіп 1948 жылы партияның нұсқауымен ішкі істер саласында қызмет ете бастаған. Ал 1973 жылы милиция майоры шенінде зейнеткерлікке шықты. «Участковый» болған әкеміз үнемі ат үстінде жүретін, үйде сирек көретінбіз. Кейінірек қызметтік «Урал» мотоциклін мінді. Қиын кезеңдерде қызмет етті. Милиция мамандығының қиындығын ұлдарым көрмесін деді ме, әйтеуір бізді үгіттеген жоқ. Басқа мамандықты меңгергенімізді қалады. Өмірден 95 жасында өткен әкемізді мақтан етеміз, оның елге мінсіз қызметін ұрпағына үлгі етіп, насихаттап жүрміз. Үлкен ұлы Мырзағали да осы мамандықты таңдап, тергеуші болды, аудандарда түрлі қызметтерді атқарды қазір отставкіде, ішкі істер органдарының құрметті ардагері. Ол ағамның екі ұлы полицияда еңбек етуде. Әпкемнің 4 ұлы осы салада. Тағы бір ағамның 3 ұлы да осы саланы таңдап, мінсіз қызмет атқаруда. Жалпы, әкемізден бастап, немерелері мен жиендерді қосқанда 17-міз осы ішкі істер саласын таңдаппыз. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етіп жүргендер де бар», – дейді Нұрғали Сапақұлы.
Қызметтік жолын Шымкенттегі Абай ауданында қатардағы милиционерден бастаған Н.Базарқұлов Алматыдағы арнайы милиция мектебін, кейінірек жоғары милиция мектебін тергеуші мамандығы бойынша бітірген. Ұзақ жылдар Келес ауданында жауапты қызметтерді атқарып, 2013 жылы зейнетке шыққан. Министрліктің Алғыс хаттарының, «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалінің, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері, үш ұл, үш қыз тәрбиелеген өнегелі әке бүгінде ұрпағын мақтан тұтады. Тұңғышы Сержан әке жолын қуып, Семейде одан кейін Алматыдағы жоғары милиция мектебін бітірген. Одан кейінгі қызы Аякөз де жоғары милиция мектебін бітіріп, бүгінде полиция капитаны, Көліктегі полиция департаментінің ӘПБ инспекторы болып елордада еңбек етуде. Тағы бір ұлы Бөгенбай полиция капитаны, Келес аудандық полиция бөлімінде анықтама бөлімінің басшысы. Ал кенже ұлы Алматыда әскери-десанттық бригадада келісімшарт бойынша қызмет етуде.
«Ұлдарым, қызым бұл мамандықты өздері таңдады. Ішкі істер саласында жұмыстың қиын екенін білгендіктен де, оларды үгіттеген емеспін, өз еріктеріне салдым. Біздің қызметте уақытпен санасу деген ұғым жоқ. Тіпті мереке күндері де халықтың отбасымен алаңсыз демалуы үшін жағдай жасауымызға тура келеді. Бұл – біз таңдаған мамандық, полицияға бекер келіппін, сержант кезде шығып кету керек еді деген пенделік ойлардың болғаны да жасырын емес. Қиындығына шыдадық, намысқа тырыстық, адал да мінсіз қызмет етуді қаладық. «Ең қиын мамандық – адам болып қалу», деген бір ойшылдың сөзі бар ғой, сол айтқандай адами қасиеттен ауытқымауды мақсат тұттық. Қызметтік тәжірибемізді, өмірден алған сабақтарымызды жастармен бөлісудеміз. Бүгінде Келес АІІБ-нің басшысы полиция полковнигі Ш.Оңғаров басқарып отырған ұжымда өз қызметін мінсіз атқарып жүрген полицейлер көп. Көп нәрсе басшыға да байланысты ғой, бұл орайда Шырынбек Сусынұлы аға буын ардагерлермен тығыз байланыс орнатып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытында өнегелі бастамаларды жүзеге асыруда», – дейді Нұрғали Базарқұлов.
Елдегі тұрақтылық пен қоғам тыныштығын күзеткен Базарқұловтар әулетінде полицейлер қатары арта түсеріне сенім мол. Өйткені ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті күзете жүріп, ізін жалғар, ісін жалғастырар кадр даярлап жатыр деуге болады. Полиция қызметкерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, Базарқұловтар сол қоғам тыныштығын сақтауды полициялық парызымыз деп есептейді.
Түркістан облысы