Осы жылдың 10 айында барлығы 1878 есірткі қылмысы тіркеліп, оның ішінде 1118 есірткі өткізу дерегі және 323 аса ірі көлемде есірткі сақтау ісі анықталған. Жалпы 19,4 т есірткі заттары, оның ішінде 19 кг героин, 370 кг гашиш және 9 кг синтетикалық есірткі тәркіленіп алынған. Осыған орай Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте «Көкнәр-2019» алдын алу шаралары мен синтетикалық есірткімен күрес нәтижесі жария етілді.
Онда Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Тілеген Маткенов еліміздегі есірткі жағдайы туралы мәлім етті. Оның айтуынша, 31 қазанда жыл сайын маусымнан қазанға дейін елде қарасора пісетін кезеңде өткізілетін республикалық операциясы аяқталған.
«Көкнар-2019» өткізу кезеңінде 3000-ға жуық есірткі құқық бұзушылығы тіркелген. Соның ішінде 900-ге жуық есірткі қылмысы белгілі болса, оның ішінде 411 – өткізумен байланысты, аса ірі мөлшерде есірткі сақтау – 156, контрабанда – 84, ұйымдасқан қылмыстық топтар құру – 5 және 187 есірткі өсіру ісі анықталған. Заңсыз айналымнан 17,5 тоннадан астам түрлі есірткі, оның ішінде шамамен 8 кг героин, 220 килодан аса гашиш және 4,7 тонна марихуана тәркіленді.
Мәселен, Қостанай облысында осы аймақта есірткі сататын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Қылмыстық топ 10 адамнан тұрып, онда әркімнің өз атқаратын рөлдері болған. Оларды ұстау және іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде өткізуге дайындалған 400 грамм героин, 3,5 миллион теңге және 6,5 мың АҚШ доллары, алтын бұйымдар тәркіленіпті. Сол сияқты «Атамекен» шекара бекетінен Өзбекстан аумағынан Қазақстан Республикасына өтіп келе жатқанда Тәжікстан азаматының басқаруындағы «Нексия» маркалы автокөлік тоқтатылады. Көлік құралын тексеру кезінде салмағы 2 кг героин табылған. Ал Жамбыл облысында Шу ауданындағы Ақтөбе ауылынан 30 шақырым жерде ішінде салмағы 275 кг болатын 24 қап «кептірілген марихуана» тиелген көлік ұсталды.
Соңғы бірнеше жылда ұйымдасқан қылмыстық топтардың жоғары концентрацияланған «үнді қарасорасын» өсіру әрекеттері Қызылорда облысында және оған жақын аудандарда тұрақты түрде тіркеліп, жолы кесілуде. Қызылорда облысының Арал қаласынан 300 шақырым жерде ен далада қара сора егістік алқабы анықталып, жалпы салмағы 1,3 тонна болатын 2,5 мыңға жуық қарасора бұталары табылып, тәркіленді. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіргені үшін Қызылорда облысының тұрғындары ұсталып, олардан жалпы салмағы 1 тонна болатын 2 мыңнан астам қара сора бұтасы тәркіленген. Арал қаласынан 300 шақырым жерде Арал ауданы ПБ қызметкерлері 3000 бұта мөлшерінде қара сора алқабын тапты. Сол жерде қаруды пайдаланып оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан 6 адам ұсталды. Оқиға орнынан полицейлер 2 мылтық тәркіледі. Қазіргі уақытта осыған байланысты тергеу шаралары жүргізілуде. Барлығы, яғни Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарының аумағында 200 гектардан асатын 24 қара сора алқабы табылыпты. Онда салмағы 7 тоннадан асатын 30 мыңнан астам жабайы өсетін қара сора бұталары тәркіленіп, жойылған.
Алматы қаласында бір көлікті тексеру кезінде 502 грамм синтетикалық есірткі салынған екі полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Шығыс Қазақстан облысында жедел іздестіру шаралары барысында облыс орталығының бұрын сотталған тұрғыны ұсталып, оның пәтерін тінту кезінде салмағы 400 грамнан асатын «скорость» ретінде танылған 216 полимерлі есірткі бумасы шықты. Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткілерді әзірлеген жасырын зертхана анықталған. Осы есірткі әзірлеген күдіктінің үйін тінту барысында (концентрат болып табылатын) 20 пакет «жалбыз», 15 пакет «түймедақ», 17 бөтелке этил спирті («дәмдеуіштерді» өндіруге арналған компонент), ақ ұнтақты зат – концентрат, 5 литрлік 2 полимерлі бөтелке және синтетикалық каннабиноиды бар юника (соңғы синтетикалық «дәмдеуіш» препаратын дайындау үшін контейнер ретінде пайдаланылған), электронды таразылар және 19 грамм дәмдеуіш деп аталатын тұтынудың түпкілікті өнімін өндіруге арналған зат табылып, тәркіленді.
Петропавл қаласында жедел қызметкерлер мен ақпараттық коммуникациялық жүйелер саласындағы мамандардың жұмысының нәтижесінде электрондық коммуникациялар жүйесі – мессенджерлер мен электронды төлем жүйелері арқылы есірткі өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Осы топтағы есірткі бизнесіндегі «еңбек» жолын интернет-дүкендегі курьер-тығушы ретінде бастаған адамннан салмағы 6 грамм каннабистің синтетикалық тектес заты «спайс», салмағы 70 грамм (қара нарықтағы бағасы 1 400 000 теңге болатын, 700-ден астам бір реттік өлшемді құрайтын) «соль» деген атауы бар зат табылды. Есірткі қолдануға арналған металл және шыныдан жасалған түтікшелер, буып-түюге арналған материалдар шықты. Петропавлда 9 жасырын орын табылды. Ондағы тығылған есірткілер де тәркіленді.
Аталған фактіні ашу барысыныда синтетикалық есірткілерді іздестіру үшін қызметтік иттер пайдаланылған. Осындай иттер еліміздің барлық өңірлерінде үйретіледі. Осылайша, «Көкнәр-2019» барысында жаңа психоактивті заттардың заңсыз айналымымен байланысты 240 есірткі қылмысы тіркеліп, оның ішінде 70 есірткі қылмысы, 64 сату, 6 сақтау, 170 теріс қылық анықталды. Заңсыз айналымнан 2 кг 190 грамм әртүрлі жаңа психобелсенді заттар алынды.