Қазақтың көрнекті жазушысы, ақын Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 125 жыл. Алматы төрінде Алаш ардақтысының мерейтойына орайластырылған шара өтті. Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры «Қаламгер» спектаклінің премьерасын ұсынды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қойылымда көрнекті жазушының тартысқа толы тағдыры суреттеледі. Жазықсыз жала жабылып, тұтқынға ілінгені көрсетіледі. Қамауда қорлық көріп, озбыр билікпен арпалысқан Би-ағаның бұлқынысы – «Қаламгер» спектаклінің негізгі өзегіне айналыпты. Бір-ақ сәтте «халық жауына» айналған Алаш ардақтысы туралы спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты.
Алып тұлғаның мерейтойына арналған шараға оның ұрпақтары жиналды. Бейімбет Майлиннің тікелей ұрпағы, немересі Дәметер Сейітжанова болды. Ол шараға қатысу үшін арнайы Петропавл қаласынан келген.
«Қойылым өте жақсы. Жазушының отбасын көрсетті. Сол уақыттағы тарих жалғыз Бейімбет атамыз емес, «Бес арыс», «Үш бәйтеректің» тарихын білдік. Театр ұжымына зор алғысымызды білдіреміз. Жаңа жылап та алдық. Өмірдің азаптарын көрді ғой. Балалар да көрді»,- деді Б. Майлиннің немересі Дәметер Сейітжанова.
«Би ағаңның өмір жолынан көп деректер, мағлұматтар берді. Ол кісінің 37 жылы репрессияға ұшырап, сол кезде түрмедегі қиналған сұрақ-жауап алған кездердегі дүниелері архивте қалай көрсетілсе, тура сондай айна қатесіз көрсетілді. Сенімді, нанымды шыққан деп ойлаймын. Ал ол кісі 44-ақ жасында қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде 69 кітап қалдырған екен»,- деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
Бейімбет Майлин «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің бас редакторы болды. Роман, повесть, бірнеше либретто мен пьеса, киносценарийлердің авторы.
АЛМАТЫ