• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2019

Азаматтардың талап-тілектері тыңдалды

345 рет
көрсетілді

Кеше Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, Nur Otan партия­сы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі азаматтарды қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар өздерін толғандырған мәселелерімен бөлісті.

Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген ардагер журналистер Ораз Жүніс пен Түгел Мәденов терминдер мен атау сөздерге қатысты мәселені көтерді. Олардың ай­туынша, қолданыстағы қап­тама, зерттеме, орама сынды кейбір атау сөздер мен терминдер қазақ тілінің заңдылығына қайшы. Ораз Жүніс бірнеше жыл ЖОО-да қазақ тілінен сабақ бергенін, тіл мәселесі өте нәзік мәселе екенін айтты. Ардагер журналистердің өз ұсы­ныстары да жоқ емес. Дархан Қыдырәлі азаматтардың ті­легі Республикалық терми­но­логиялық комиссияға тапсырылатынын, Nur Otan партиясы Сая­си кеңесі бюросы бақылауда ұстайтынын жет­кізді.

Одан кейін аудан әкім­ді­гінде хатшы, мектеп дирек­торы болып қызмет еткен Қа­дылбек Жағыпаров алпысқа тарта ән шығарғанын, өлең­дер жазғанын айта келе, ән­дерін нотаға түсі­ріп беру мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. «Алпысқа жуық ән жаздым. Оның әрқай­сы­сын нотаға түсіру үшін қомақ­ты қаржы керек. Осы орайда әндерімді нотаға түсіріп беруге мүмкіндік жасасаңыз деген тілегім бар. Оларды жақында жарық көретін кітабыма қоссам, балаларыма мұра болып қалса деген арманым бар», деді. Зейнеткердің тілегі Нұр-Сұлтан қалалық филармониясына жолданатын болды.

Қытайдан оралған қан­да­сымыз Қайрат Қасымбек бағ­дарламаларды қазақ тіліне аударумен айналысады екен. Ол бүгінгі қабылдауға IT технологиялары арқылы қазақ тілін түркітілдес халықтардың ортақ тіліне айналдыру ұсынысымен келген. Оның айтуынша, арнайы дыбыстық аудармашы-бағдарламалар арқылы қара­пайым қолданушыға ыңғай­лы әрі тіліміздің өрісін кеңей­тетін мүмкіндік бар. Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшы­сы­ның қазақ тілі тек мемлекеттік тіл емес, еліміздегі өзге ұлт­тар­дың да қолданатын тілі екенін айта келіп, азаматтың мәселесі тіл комитетіне жолданатынын мәлімдеді. 

Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі азаматтардың қазақ тілі, мәдениеті, руханиятына қатысты мәселелермен қабылдауға келуі халықтың Nur Otan партиясын арыз-тілек­теріне шешім табатын орын ретінде көретінін дәлелдейді дейді. Бүгін тыңдалған тілек-талаптар тиісті мекемелерге жолданатынын, жауапсыз қал­майтынын айтты.