Ақтөбе аймағында қазан айының соңына дейін бір қалыпта тұрған ауа райы қарашаның басында нілдей бұзылды. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Ырғыз ауданы аумағын, Самара – Шымкент халықаралық жол дәлізінің тұсында қоныс тепкен Қалыбай ауылының маңын ұзақ уақыт жапалақтап жауған қалың қар басып қалды.
Соның салдарынан бұл кезде ауа райының күрт өзгеруі жол үстіндегі 200 автомобильдің қозғалысын тежеді. Қар тұтқынына 125 жүк машинасы мен 70 жеңіл көлік және салонында 15 жолаушысы бар «Ташкент – Түмен» рейстік автобусы тап болды.
Адамдарды құтқаруға 15 автопатруль құрамы жұмылдырылды. Соның ішінде Ырғыз бен Әйтеке би аудандарының полицейлері мен ТЖД қызметкерлері және «Қазавтожол» ЖШС өкілдері дер уақытында қимылдай білді. Қосымша көмекке мұқтаж болған 30 адамға шұғыл көмек берілді. Өзге жолаушылар жол бойындағы сервистік орындар мен тамақтандыру қосындарына орналастырылды. Мұндай күрделі жағдайдың қалыптасуы көптеген көлік иелерінің қысқы кезеңге әзірленбеуі, соған сәйкес автомобильдерінің дөңгелектерін ауыстырмағаны себеп болыпты.
Сөйтіп құтқарушылар қар кептелісінен 190 автомобильді сүйреп алып шықты. Кемпингтерде барлық жолаушылар мен жүргізушілерге тегін тамақ ұйымдастырылды. Сонымен бірге оқиға орнында қалған кейбір адамдарға тамақ тасылып берілді. Өкінішке қарай, рейстік автобустағы жолаушылардың бірі, Тәжікстан азаматы Түменде атқарып жүрген жұмысынан еліне қайтып келе жатқан сапарында қайтыс болды. Марқұмның өлімі жол үстіндегі оқиғадан емес, ағзасында бұрыннан бар дерттен, яғни жүрек ишемиясы талмасынан болған екен. Дәрігерлік сараптама қорытындысы осындай. Оның мәйітін патрульдік қызметкерлер «Қарабұтақ трассалық медициналық құтқару бекетіне» жеткізді. Әрі қарай оның денесін Тәжікстанға жеткізу жолдары ұйымдастырылады.
Дүйсенбі күні Қалыбай ауылы маңайында қар тұтқынында қалған автомобильдер толық шығарылды. Мұндай жағдай Шалқар мен Ырғыздың ортасында да орын алған. Мұнда бес автокөлік табиғаттың күрт құбылысынан көздеген жеріне жете алмай бөгелген. Құтқарушылардың көмегімен аталған көліктер Ырғызға жеткізілді. Сондай-ақ Шалқар мен Талдықұм арасында жеті жолаушысы бар «УАЗ» автокөлігі де тұрып қалған. Бұл жөніндегі хабар құтқарушыларға кешірек тисе де оқиғаның соңы нәтижелі аяқталды. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
Ақтөбе облысы