Алматыдағы Орталық музейде суретші-педагог Керімбек Жұмаділханның «Ауыл – ел бесігі» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Көрме Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 90 жылдық мерейтойына арналған болатын.
Белгілі суретші Жұмаділхан Керімбек Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Бірлік ауылында дүниеге келді. 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін бітірген. Түркияда биология саласы бойынша докторлық диссертация қорғады (1998). Ол қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады.
Қылқалам шебері, өзіндік бөлектеу мәнер иесі Жұмаділханның тылсымы бөлек айрықша шығармалары бұған дейін де бірнеше рет Орталық музей қабырғасында көрермендеріне көрсетілді. Ал бұл жолы алматылықтар назарына суретшінің туған ауылына арналған еңбектерінің жаңа топтамасы ұсынылды. Оның сырбаз қаламынан туған өлкесіне, еліне деген сүйіспеншілік сезіміне толы өнер туындылары қазақ халқының мәдениеті, салт- дәстүрі, әдет-ғұрпымен таныстырады. Суретшінің «Қара жорға», «Күннің батуы», «Алматы (Көктөбеден қарағандағы көрініс)», «Сәкіде», «Жазғы күн» сынды толымды еңбектерінде жерлестерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігі, ауыл табиғатының сұлулығы, сәйгүліктер шабысы, ұлттық мереке сәттері – бізге жақын да түсінікті, шынайы жағдаяттар бейнеленген. Оның «Таулар», «Машат 1 асуы», «Тау өзені», «Туған өлке», «Бұлақ басында» және т.б. шығармалары ен дала, тау қырқасы – туған өлкенің бай да әсем табиғатына деген сүйіспеншілігін аңғартады. «Күз», «Наурыздағы қар», «Жазғы кеш» сынды туындылары суретшінің жыл мезгілдері пейзажын бейнелеудегі шеберлігін көрсетеді.
Жұмаділханның кескіндеме жанрындағы «Вальс», «Жігіттер биі», «Немере», «Сәкіде», «Музыка», «Қойлар», «Аңшылыққа» сияқты табиғатына жақын жұмыстарында өзі өскен ортадағы күнделікті тіршілік желісі – қымыз құйып отырған немесе отбасы-ошақ қасындағы әйелдер, жұмыстан кейін сәкіге жайғасқан отбасы мүшелері, мереке сәтінде билеп жүрген жастар бейнеленген. Түрлі материалдармен тәжірибе жасауға құштар суретші акрилді бояу, гуаш, тушь, майлы бояуды пайдалана отырып қозғалысқа, жарыққа толы ұмтылыс, жарқындық, бірегейлікті танытатын күрделі жанрлық композицияларды ұсынады.
Ауылды аялаған талбесік болып жүрегінде жатталған суретшінің көрмеге 80-нен астам шығармалары қойылды. Келуші көрермен оның әрқайсысынан өздеріне таныс кейіпті көріп, ризашылық сезіммен туған ауылдарын танығандай қуанышта болды. Талбесік тербелген күйінде ауылды аялап жатқандай.
АЛМАТЫ