• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2019

Ынтымақтастықтың жаңа құрылымы

801 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметінде «Астана клубының» келесі аптаға жоспарланған отырысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Халықаралық қатынастар саласындағы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, сарапшылар мен дипломаттардың басын қосатын аталған халықаралық пікірталас осымен бесінші мәрте өткізілмек. 

Брифингке Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қайрат Әбусейітов, сондай-ақ ӘЭСИ сарапшысы Ерлан Мәдиев қатысты.

Брифингте алдағы шараның бағдар­ламасы таныстырылып, талқыланатын тақырыптар туралы сөз етілді. Биылғы отырыстың басты тақырыбы – «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында».

Халықаралық деңгейдегі шараға әлемнің 30 елінен сарапшылар қатысады. Олар әлемдік тәртіптің қазіргі келбетін сөз етіп, дүниежүзілік экономиканың ахуалы мен күн санап қарқын алған технологиялық жарыс мәселелерін назарға алады. Мемлекеттер және үкіметтердің бұрынғы басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың бас хатшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары мен геосаясат тақырыбындағы беделді мамандар ядролық қарусыздану мәселесі мен Еуразия елдері үшін серіктестіктің жаңа форматын құру болашағын да талқылайтын болады. 

Жиында Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Е.Салтыбаев: «Еуразияда геосаяси қарама-қайшылықтың күшеюі байқалғандықтан, ынтымақтастық пен келісімді реттейтін жаңа идеяларға сұраныс туындайды. Осы ретте «Астана клубы» Үлкен Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін шешудегі қазақстандық көзқарасты алға тартуда маңызды рөл атқарады. «Ас­тана клубы» аясында өткізілетін не­гізгі шаралардың бірі – «Үлкен Еу­ра­зияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» пленарлық отырысына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысады. АҚШ-тың Ұлттық мүдделер орталығының  пре­зи­денті, «The National Interest» журна­лының баспагері Дмитрий Саймс атал­ған жиынның модераторы болады деп күтілуде», деді.

Брифингте Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты (2005 ж.), МАГАТЭ-нің Бас директоры Мұхаммед Әл-Барадей, Goldman Sachs International төрағасы, Еуропалық комиссия төрағасы (2004-2014 ж.ж.) Жозе Мануэль Баррозу және JP Morgan Chase International басқарма төрағасы, Халықаралық отыздық тобының төрағасы (G30) Джейкоб Френкель, Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк, Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай «Астана клубы» отырысына келетіні мәлім болды.