Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Әкім өз кезегінде еліміздегі «Нұрлы жер», «7-20-25» тұрғын үй бағдарламалары туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Тұрғын үй мәселесі Кеңес дәуірі кезінен-ақ Тараз қаласындағы сұранысы мол сала болатын. Ел экономикасы өтпелі кезеңнен өтіп, дамудың даңғыл жолына түскен шақтан бастап, көне Тараз да қайта түлеп, гүлденіп, көркейе түсті. Халықтың саны өсіп, елдің қатары көбейді. Аз уақыт ішінде-ақ тұрғын үйге деген сұраныс еселеп артты. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектар жерде 10 300 отбасына арналған 280 көпқабатты үйлерді құрайтын 15-ші мөлтек ауданының құрылысы жүргізілуде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұдан басқа 80 және 60 пәтерлі 16 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 80 пәтерлі арендалық 11 тұрғын үйдің құрылысын бастауға қала бюджетінен 22,0 миллион теңге қаржы қарастырылды», деді Қайрат Досаев өз сөзінде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Автобекет» аумағындағы 100 гектар жерге болашақта 14-ші мөлтек ауданы салынады. Мұнда 5 460 отбасына арналған 9 және 12 көпқабатты 49 тұрғын үй жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары 2019 жылдың қараша айында аяқталатын болады. Жалпы инженерлік инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстарын 2021 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда екен. Тағы бір қуанышты жаңалық, мемлекеттік қордан тұрғын үй алу тізіміне тіркелген азаматтарға 2019 жылдың мамыр айында 140 пәтер берілді. Оның ішінде көпбалалы отбасылар 65 пәтермен қамтамасыз етілген. Жиын барысында қала әкімі ағымдағы жылы көпбалалы отбасыларға да жақсы жағдай жасалатынын айтты. Көлемі 60-90 шаршы метрден кем болмайтын, құны 8 миллион 400,0 мың теңгеден аспайтын 142 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1 миллиард 191,0 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде екенін де жеткізді.
Қазіргі таңда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 217,7 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 109,8 пайызды құраған. Есепті кезеңде қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 18 568 адам болып отыр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар 1784, 29 жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар 1953, әлеуметтік жағынан қорғалатын топтар 8955, мемлекеттік, бюджеттік және әскери қызметкерлер саны 5876 болған.
«Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта республикалық бюджет есебінен жартылай арендалық және жартылай аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі 4 тұрғын үйдің және облыстық бюджет есебінен 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 15-ші мөлтек ауданда 80-пәтерлі 10 несиелік тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ аталған алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60-пәтерлі 11 кредиттік үйлердің құрылыстары жүргізіліп жатса, оның 3-еуі ағымдағы жылы іске қосылатын болады. Ал қалған 8 үй келесі жылға өтпелі болып табылады», дейді қала әкімі. Кезекте тұрған көпбалалы аналарға арналған «Арай» тұрғын үй алқабы мен «Қарасу» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 8 шағын жатақханалардың құрылысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Ағымдағы жылы 6 жатақхананы пайдалануға беру көзделсе, қалған 2 жатақхана келесі жылға өтпелі болып отыр.
«Келесі кезеңге 80 пәтерлі 23 тұрғын үйлердің құрылыстарын 2020-2021 жылдары жүргізу жоспарлануда. Жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 555 жер телімінде жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін жер телімдері белгіленген. Оның 255-не 4 мердігер келісім шартқа тұрды. Қазіргі таңда 14 үйдің құрылысы аяқталып, 4 үйге әлеуетті сатып алушы анықталды. Бұдан бөлек, қосымша 26 үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы үйлерді сату мақсатында 2006 жылы жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтарға түсіндіру жұмыстары аяқталуда. Осы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табатын болады», деді Қайрат Досаев. Әкімнің айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алу үшін 71 493 азамат кезекте тұр екен. Жер кезегінде тұрған азаматтарға алдағы уақытта жер телімдерін беру үшін 4 алаң дайындалуда. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алқабының маңындағы 250 гектар алаңында бөлінген 1232 жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскілері мемлекет меншігіне қайтарылған. Енді осы жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады.