Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография басқармасының қолдауымен 18-25 қараша аралығында елордада түрік фильмдерінің апталығын өткізеді. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс-шараның мақсаты - түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу. Екі бауырлас елді бір-біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне зор ықылас танытып жүр.
Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтардың назарына сегіз түрік кинотуындысы тегін көрсетіледі. Олардың арасында «Ұзын хикая», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам, сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдер бар.