Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының музейінде жазушы, журналист, Парламент Сенатының V-VI шақырылымдарының депутаты Жабал Ерғалиевпен кездесу өтті.
Кездесуге Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, SILKWAY халықаралық университетінің, сондай-ақ елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Сұлу сөзді кен қазғандай қазып, журналистиканың майын ішкен қаламгердің жас буынға айтар өнегесі мен өсиеті көп екені даусыз. Өмір жолында нені темірқазық етті, қандай соқпақтарды басып өтті, ұстанымы қандай, мақсат-мұратына жетті ме – жазушының жан сырынан осы сауалдардың жауабын таптық. Тағдырының нәзік те шетін тұстарына қанықтық. Өткен ғасырдағы жүрекке салмақ салатын ауыртпалықтар бұл отбасыны да жанай өтпепті. Қажы атасының қуғындалуы, әке жүрегіндегі үрей, алты жасында анадан айырылу – болашақ қаламгерді өмірдегі әділетсіздіктермен күресу үшін мықты адам боп қалыптасуға итермелеген сияқты. Мойымау, қажымау, талмай еңбек ету – жазушының ұстанымы осы.
«Сендер мүмкін адал еңбектің өтеуі болмайды деп ойлайтын шығарсыңдар. Бірақ әсте олай емес. Адалдықтың да, адал еңбектің де өтеуі болады. Өмірде таза жүруге тырысу керек. Таза ойлау керек. Маңдай терді төгіп еңбек ету қажет. Сонда жолдарың ашылады. Мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер», деген жазушы жас буынға өмірдегі басты құндылықтар ретінде тазалық пен адалдықты насихаттады. Жазушылық пен журналистиканың қыр-сырын әңгімеледі, шығармашылық зертханасының құпиясын ашты. «Жас буын журналистер көп оқып, оқығанын көңілге көп тоқуы қажет. Оқымай жаза беруге де болады. Бірақ тілдің жұтаңдығы, ойдың саяздығы көрінбей тұрмайды», – деді қаламгер.
Кездесу соңында студенттер қаламгердің «Бұлтты түнгі толған ай», «Жолсапар жалғаса береді», «Құлпытастың көз жасы», «Лето без дождя» сынды кітаптарынан құралған көрмені тамашалап, шығармашылығымен танысты.