Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру, жергілікті жердегі тыныс-тіршілікпен етене жақын танысу мақсатында Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы өңірді аралады.
Үкімет мүшелері жұмыс сапарын Зеренді ауданына қарасты Викторовка ауылындағы орта мектептен бастады. Мектеп директоры Жәмила Қасенованың айтуынша, бүгінде білім ошағында 204 оқушы тәлім-тәрбие алуда. Бөгенбай би ауылынан 13 оқушы автобуспен тасымалданады. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың 59 оқушысы тегін тамақпен қамтылған. Ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен жүздескен Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарын түсіндірді. Вице-премьер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін көп балалы және мұқтаж отбасыларға арналған көмектің жаңа әдісі туралы жан-жақты айтып берді.
Етек-жеңі кең пішілген Викторовка ауылында 1247 адам тұрады. Негізінен осындағы серіктестікте жұмыс істейтін және мал сүмесімен күн көріп отырған жергілікті жұрттың төрт түліктің басын көбейтуге мүмкіндігі мол. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қомақты көмекті пайдаланған ләзім. Әсіресе, «Алтын асық», «Сыбаға» тәрізді бағдарламалардың шарапатын көруге әбден болар еді. Атаулы әлеуметтік көмекке қол созудың түбі кей ретте масылдыққа ұрындыруы мүмкін. Сондықтан бойында күш-қуаты бар адамдардың жұмыс істеп, өздерінің отбасыларын қамтамасыз еткені дұрыс. Кездесу барысында осындай келелі ойлар айтылды. Ауыл тұрғындары үшін көптен бері шешілмей келе жатқан ең өткір мәселе де көтерілді. Бұл орталықтандырылған су жүйесінің әбден тозығының жетуі. Қазір серіктестік ауылға ауыз суды арнайы көлікпен тасымалдауда. Бірақ соның өзінде үлгере алмайды. Көпшілік өтінішіне Бердібек Сапарбаев алдағы уақытта бұл мәселені қарастырып, көмек көрсетілетінін айтты.
Жұмыс тобы бұдан әрі Зеренді ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте болды. Ел еңсесін көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылып жатыр деген сауалға әлеуметтік қызметкер Виктория Кох жауап берді
– Біз жалғызілікті адамдарға көмек көрсетеміз. Тобымызда сегіз адам бар, – деді ол, – әр адамға екі сағатқа жуық уақытымыз кетеді. Тұрмыстық-медициналық көмек көрсетеміз. Қарттардың тыныс-тіршілігі әр уақытта назарымызда.
Ауыл тұрғыны Райхан Сәрсенбаева шарапаты тиіп жатқан бағдарламалар туралы айта келіп, тиімділігінің аз еместігіне тоқталды. Мәселен, өзі биыл 250 мың теңге грант алып, құс өсірумен айналысуда екен. Табысының толымды боларына сенімді.
Вице-премьер бастаған жұмыс тобы облыс орталығындағы көпсалалы облыстық ауруханада болып, жаңадан салынып жатқан онкологиялық емхананың құрылысымен танысты. Бұл емхана бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдайтын болады. Жаңа емхана осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Онда 70 медицина қызметкері жұмыс істейтін болса, оның 23-і жоғары білімді дәрігерлер болады. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа нысан 2020 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Премьер-Министрдің орынбасары құрылыс жұмыстарын ширата түсуді тапсырды. Оның үстіне мамандарды осы бастан тауып, жұмысқа тартқан ләзім. Облыстық ауруханада аймақтағы медицина саласының қызметкерлерімен кездесу өткізілді. Вице-премьер жүздесу барысында еліміздің әр адамы өзінің басты байлығы – денсаулығын сақтауы керектігін, өзін-өзі қамтамасыз еткендер мен жұмыссыздардың да жайына көңіл аударылуы қажеттігін айтты. Жүйеден ешкім де сырт қалмауға тиісті. Сөз соңында алдағы үш жылда денсаулық сақтау саласының бюджеті екі есе артатынын, медициналық құрал-жабдықтардың мүмкіндігінше жаңартылатынын, медицина кадрларымен толықтыру «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жүзеге асатынын айтып өтті. Сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Сәбилердің шетінеуі 18 пайызға көбейген. Міндетті медициналық сақтандыруға жарна төлеу мардымсыз.
Облыс орталығындағы ІТ-мектепте болған сәтінде жұмыс тобы Ақмола облысының мұғалімдер қауымымен кездесті.
– Білім берумен қатар мектептердегі тәрбие мәселесіне де айрықша назар аударған жөн, – деді Бердібек Сапарбаев, – әр аймақта демалыс күндері және кешкілік уақытта бос тұратын спорт залдары мен шеберханаларды пайдалану керек. Кәсіби-техникалық білім беру мәселелеріне де назар аударылды.
Көкшетау қаласында балаларды оңалту орталығы салынбақ. Жағымды жаңалық Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Ақмола облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде жария етілді. Жүздесу барысында ел Президентінің Жолдауынан туындайтын міндеттер және сол міндеттерді жүзеге асыру барысындағы Үкіметтің жұмысы туралы кеңінен баяндалды.
– Балаларды оңалту мәселесі өте маңызды, – деді ол, – қазір көп жұмыс істеліп жатыр. Бірақ сонда да жеткіліксіз. Бізге оңалту орталықтарының жұмысын кеңейте түсу қажет. Осындай орталықтар бар жерде нәтижелі жұмыс та болады. Тұңғыш Президент бастамасы аясында келесі жылдан бастап республикамыздың үш қаласында Нұр-Сұлтан, Шымкент және Көкшетауда балаларды оңалту орталықтарының құрылысын бастаймыз.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев бұл орталықтың жаңа заманның талабына толық жауап беретін нысан болатынын айтып өтті. Жобаның құны 4 миллиард теңге көлемінде. Бердібек Сапарбаев тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджеттің 45 пайызы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларына бөлініп отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жеке қаражат жүйесі қарастырылған.
– Атаулы әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан төленетін жалақы емес, бұл көп балалы отбасыларға өз кәсіптерін бастап, жағдайларын түзету үшін беріледі. Сондықтан, мемлекет қазір бұл мәселені қарастыруда, – деді вице-премьер.
Кездесудің екінші бөлігінде вице-премьер ақмолалықтардың алуан сұрақтарына жауап берді. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына, мүгедектерді, жетім балаларды қолдау мәселесіне байланысты өрбіді. Мүгедек балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсету жайы да айтылды.
Ақмола облысы