Тарих қойнауына әлдеқашан еніп кеткен XX ғасырда жетпіс жылдан астам билік құрған коммунистік партияның саясаты ешкімді еркелетпегені, ешкімді маңдайынан сипамағаны және жалған дүниені ешкімге жалпағынан бастырмағаны белгілі. Дегенмен осындай орта мен күрделі қоғамдық құрылыста өз дәуіріне адал қызмет ете білген перзенттер мол болғаны да сол кезеңнің шындығы.
Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда мұндай биік баға К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясы түлегі, көзі тірісінде кісілік пен кішілік қағидаттарынан айнымай өткен асыл азамат Мақсот Исқақовқа әбден лайықты деген ойдамыз. Қарапайымдылық ол кісінің бойына о бастан қанмен сіңген қасиет десек қателесе қоймаспыз. Мақсот аға ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болған кезінде биік лауазымын алға тартып біреуге көкірек көрсетпегеніне, ұлы Абайдың сөзімен айтқанда «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам демегеніне» куә бола аламыз.
Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында қызы мен күйеу баласы Мәдина мен Болаттың үйінде сақталған Мақсот Исқақұлының өз қолымен жазылған өмірбаянымен танысқан едік. Содан көңілге түйгеніміз өз дәуірінің қатарынан оза шапқан дүлдүл 24 жасында МТС директоры, 29 жасында Жымпиты аупарткомының хатшысы, ал 1962 жылы 33 жасында Казталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаны. Тұтастай ширек ғасырға жуық уақыт бойы Казталов және Жыпмиты аудандарының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға басуына, аталған өңірлерде рентабельділігі жоғары шаруашылықтар қатарының өсуіне ықпалын тигізгені де М.Исқақовтың білікті басшы бола білгенінің бір дәлелі.
Сонау сексенінші жылдардың басы мен орта шенінде М.Исқақов басқарған аудандардың тыныс-тіршілігі сол кездегі Одақтың бас басылымы, КОКП Орталық комитетінің органы «Правда» газетінің бірінші бетінде жариялану мүмкіндігі де екінің бірінің еншісіне тие бермейтін. Осындай жағдайда Жымпиты ауданынан «Правдада» бірқатар материалдар жарияланып тұрды. Тіпті 1980 жылдың 30 тамызы күні «Правда» газетінің бірінші бетінде Жымпиты аупарткомының бірінші хатшысы М.Исқақовтың фотосуреті КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Леонид Брежневпен қатар жарқ ете қалған кезі де бар.
Қай дәуірде де, қандай қоғамда да мемлекеттік марапат тектен тек берілмейтіні белгілі. Бұл ел-жұрт үшін төгілген маңдайтер мен жұмсалған күш-қайраттың өтеуі екені де анық. Осы орайда Мақсот Исқақовтың Кеңес одағының жоғары наградасы Ленин, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталғаны да атап айтуға тұрарлық.
М.Исқақовтың өмірі мен партиялық басшылық қызметтегі жолдарына қатысты алғанда елеулі жайттар аз емес. Соның бірі 1966 жылы Лениндік және Нобель сыйлықтарының иегері, орыс жазушысы Михаил Шолоховқа ақ бота сыйлау рәсімін ұйымдастырғаны. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетсек, 1965 жылдың мамыр айында М.А.Шолоховтың алпыс жылдығы Мәскеуде КСРО жазушылар одағында салтанатты түрде аталып өтеді. Осы рәсім кезінде сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов қазақстандықтар атынан саңлақ суреткерге айрықша сый табыс етілетінін, әйтсе де оны дәл қазіргі жағдайда залға әкелу қиын екенін мәлімдейді. Мәжіліске қатысушылар бұған қапелімде аң-таң болып қалады. Сол кезде сұңғыла жазушы: «Бұл мөлдіреген қара көздері сұлулықтың символындай көрінетін, шынайы достық пен бауырмалдықтың белгісі бола алатын түйенің төлі – Ақ бота деп тіл қатады. Қазір бұл бота өзіңіз жиі баратын Ақжайықтағы Шалқар көлінің жағасында жүр. Оны алдағы жылы сол жаққа барған сапарыңызда табыс етеміз», дейді Ғ.Мүсірепов.
Алайда келесі жылы Шолохов Орал өңіріне келгенде Ғабеңнің бұл өңірге жете қоюының сәті түсе қоймайды да бұл жауапты тапсырма Қазақстан Жазушылар одағының атынан сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиевке жүктеледі. Өз кезегінде бұл жауапты істі атқаруды Бисақаң Казталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақсот Исқақовқа тапсырады. Кейіннен бұл жайттың ойдағыдай орындалып, аталған ауданға қарасты «Құрманғазы» совхозының еңбеккерлері атынан сыйланған ақ бота Шолоховтың өз қалауы бойынша сол шаруашылықта өсіруге қалдырылғаны Бисен Жұмағалиевтің «Шолоховтың Қазақстанмен қарым-қатынасы» деген кітабында көркем тілмен кестеленген.