• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Қараша, 2019

Таланттар тәлімгері

496 рет
көрсетілді

Семейдегі 60 жылдан астам тарихы бар М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің тұңғыш директоры, қобызшы Пернебек Момынов салған сара жолды композитор Теміржан Базарбаев, дирижер Мырзағали Айдаболов, күйші Қадыр Досымжанов, күміс көмей әншілер Дауыл Хайруллин, Роза Рымбаева, қобызшылар Еділман Жәбелов, Күлзия Әлмейінова, Оразғали Сейітқазы, скрипкашы Рахымғали Мыржықбаев сияқты т.б. сандаған саңлақтар жалғастырып, есімдері училище тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Алматы консерваториясының алғашқы түлегі, Халық әртісі, күйші Қали Жантілеуовтің шәкірті Құрманғали Рахимов ағамыз да училище ашылған сәттен бастап өмірінің соңына дейін (1980 ж.) шәкірт тәрбиелеумен айналысты.

Бүгінгі әңгімеміз жастарды күй өне­ріне баулып жүрген ұлағатты ұстаз, күйші-композитор Қадыр Досымжанов туралы болмақ. Алғашқы шәкірттерінің бірі – күйші Рақымғали Нұрғалиев Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде музыка мектебінің директоры болып көп жыл қызмет атқарды. Ризабек Құсманов есім­ді шәкірті Зайсан қаласындағы қазақ ха­лық аспаптар оркестрін республикалық дең­гейге дейін көтерді. Әміржан Мәкенов есім­ді шәкірті Көкшетау қаласында Бір­жан сал атындағы музыка колледжінде абыройлы еңбек етуде. Консерватория түлегі Асқар Данабаев алғашында Семей қаласы Абай атындағы мәдени-ағарту училищесінде еңбек жолын бастаса, «мәдениет саласының үздігі» Сайлауғазы Ахметов – М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің басшысы. «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлерінің авторы, белгілі күйші Секен Тұрысбеков те осы кісіден тәлім алған.

Қадыр ағаның домбырашылық-күйші­лік мектебінің ерекшелігіне тоқтал­сақ, жазған ноталары – маржандай әсем тізіл­ген бір көркем өрнек дерсіз. Өзі де шә­кірт­­терінен ең әуелі айқындық пен дәл­дікті талап етеді. «Күй нотасы – сурет өнерімен тең, оған өте мұқият әрі жауап­­кершілікпен қараған абзал», – дейді күй­шінің өзі.

Қадыр ағаның сабақ өтудегі әдіс-тәсілі өте әсерлі. Оқушысынан бірінші, «Неге осы мамандықты таңдадың?» екінші, «Келешекте кім боласың?» деп сұрайды. Музыка маманы күні-түні еңбектенуді қажет ететін қиын да күрделі, құрметті мамандық екенін түсіндіреді. Музыка мамандығы дегеніміз – адамның жан-дүниесін қозғайтын, ерекше сезімге құрылған кәсіп деп жігерлендіреді.

Ұстаздың сабақ беру ерекшелігі: шы­ғар­маны орындағанда шарықтау шегіне дейін жеткізудің бірден-бір әдіс-тәсілі – ди­намикалық белгілерді сақ­тай білуге назар аудартады, іс-әрекет үс­тінде пайдаланылатын тиісті амалдарды дер ке­зін­де меңгеруді, туындыны ег­жей-тег­жейлі түсіндіре білуді талап етеді. Аға­ның тағы бір ерекше қасиеті: оқу­шысына домбыра аспабын үйретумен шек­­­телмейді, адамның өмірде әуелі адам болып қалуына, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп өсуіне мән береді. Өнерге, кәсіп­­ке адал болуды алдыңғы орынға қояды. 

Ұстаз домбырашылардың репертуа­рын ұдайы байытып отыру қажет деп есептейді. «Социалистік Қазақстан» газе­тінде 1978 жылы 21 наурызда жа­рық көр­ген «Күмбір күйдің құдіреті» ат­ты ма­қаласында қазақтың ұлттық аспа­бы –домбыраға айрықша көңіл бө­ліп, репертуар мәселесі туралы сы­ни көзқарасын көп­шілікпен бөлісті. Бұл мақалаға орай мамандардың ой-пікірлері жарияланып, нәтижесінде Қазақстанда нота оқулығын басып шығаратын тұңғыш кәсіби «Өнер» баспасы ашылды. Еселі еңбегінің арқа­сында республикалық «Өнер» баспасынан «Домбыраға арналған хрестоматия» ат­ты екі жинағы жарық көріп, студенттер үшін өте құнды оқу құралына айналды. Бір сөзбен айтқанда, күйші қазақ халық аспаптарында ойнауға келе бермейтін күрделі туындыларды домбыраға лайықтап, қайта өңдеп, болашақ педагогтар мен жас орындаушылардың репер­туарын байытуға өлшеусіз үлес қосты. Мысалы, кәсіби композитор Мәу­літ Рахымбаевтың фортепиано аспабына арналған «Скерцо» шығармасын Қадыр аға домбыраға лайықтап қайта өңдеп, нотаға түсірді. Бұл туынды бүгінде көп­шіліктің таңдаулы шығармаларының бірі саналады. Асқар Данабаев екеуміз музы­калық училищені бітіргеннен кейін Құр­манғазы атындағы консерваторияға оқуға бардық. Сонда Қадыр ағамыз дом­­быраға лайықтап өңдеген, формасы қызық, жанры ойнақы «скерцо»-ны орын­­дадық. Емтихан қабылдап отырған ұстаз­дар таңданып, домбыраға жаңаша стиль­мен жазылған, бұрын-соңды естіл­меген әуенге қызыға елітті.

Он жылдан аса кәсіпкерлікпен ай­на­­лысып, қаламыздағы мәдени іс-шара­ларға қаржылай демеушілік жасағаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Бү­гінде қалалық Тілдерді дамыту және мә­дениет басқармасы жанынан құрылған Ар­дагерлер кеңесінің төрағасы қызметін ат­қарып жүр. Мұндай ұйым әзірге Қа­зақстанның ешбір өңірінде жоқ. Бұл құрмет кез келген адамға бұйыра бер­мейтіні мәлім. Өйткені Қадыр аға бір бас­таған ісін аяғына дейін жеткізгенше тыным таппайтын еңбекқор әрі принципшіл адам. Бірде ұстазға: «Аға, өмірде біреуден қорық­қан, бұққан кезіңіз болды ма?» деп сұрақ қойғанымызда: «Мен ешкімнен қо­рық­паймын. Тек талантсыздардың та­ланттыға ақыл айтқанынан қорқамын», дегені. Айта берсек, ол кісінің бұл секілді ел аузында жүрген қанатты қағидалары өте көп. Сондай-ақ Ардагерлер кеңесінің мүше­лері де тегін жандар емес, кіл сен тұр, мен атайындар. Кезінде қалалық мәде­ниет басқармасында жұмыс істеген ком­­по­зиторлар, жазушылар, ақындар – бәрі осында.

Ұстазымыздың шығармашылығына келсек, ән-күйлеріне қоса қазақ халық ас­паптары оркестріне арнап жазған ірі көлемдегі поэмалары бар. «Отан та­ңы», «Жанпида», «Қанатты Қазақстан», «Ме­ре­­келік кіріспе», Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойы құрметіне жазған «Поэмасы», 20 шақты күйлері, екі дом­быраға арналған (республикамызда дом­быраға арнайы жазылған тұңғыш «жанр» дуэт) «Сайран» атты пьесасы, 50-ге тарта әндері мен сол сияқты флейта, го­бой, кларнет, труба, фагот, ксилафон, скрип­ка аспаптарына арналған шығар­малары баршылық. Бүгінде Қадыр аға­мыз­дың 18 шығармасы жазылған үнтаспа Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы, эфирден жиі беріліп тұрады. Сонымен қоса қазақ халық аспаптарына арналған бір томдық жинағы 2013 жылы «Атамұра», «Сарыарқа» баспасынан, ал екінші жинағы 2017 жылы «Қазақстан Республикасы Президенті іс Басқармасының» РМК Баспа-поли­графиялық орталығынан жарық көрді. Қажырлы да жемісті еңбектері мемлекет тарапынан ескеріліп, Қазақстанның «Мә­дениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын иеленді.

«Адам өмірге қызығушылығы мен шат­тығын жоғалтқанда ғана қартаяды» деген сөз бар екен. Бір ғажабы, Қадыр аға­ны ешкім сексенге таяп қалған кісі деп айтпайды. Баяғы біз оқып жүрген кез­дегідей, сол қалпы. Тың. Ширақ. Ша­шы­на дейін қап-қара. Соған байланысты бір­­де ағадан: «Жасыңыз нешеде?» – деп сұрадым.

– Марқұм анам: «1941 жылы қар еріп жат­қанда туғансың. Соған қарағанда нау­­рыз айы болуы керек», – деп отыратын», – деді.

– Шашыңызды ақ шалмауының сыры неде? – деген сұрағыма:

– Атам қазақ: «Жігіттің жақсы болма­ғы – нағашыдан...» деген жоқ па? Мен де на­ғашы жұртыма тартқан болуым керек. Шешем өте өңді кісі еді, өзі әнші, өзі ақын болатын әрі емшілік, көріпкелдік қа­­сие­ті бар еді. Анам 80-ге тақап өмірден озды. Дүниеде көрмеген қиындығы жоқ, небір азапты ауыр жылдардың күй­зелісін бастан кешкен тағдырдың бірі. Соған қарамастан шашына ақ кірмеген. Неткен сұлу болмыс! Асыл анамның ру­хына арнап «Сағынышым сарқылмас сен ғанасың» деген ән (сөзі жергілікті ақын Қайрат Сабырбайдікі) жаздым. Пер­зенттік парызымды осымен өтей алар ма екем! Шешемнің әкесі Мұқағазы ме­нің көз алдымда 75 жасында өмірден оз­ған. Ол кезде мен баламын. Шәкі-би – нағашы шешемнің арғы аталары. Шә­кі-би нағашым Құнанбай қажымен қа­тар өмір сүрген. Нағыз көріпкелдің өзі бол­ған екен. Құнанбай қажы Шәкі-бидің көріп­келдігін, сөзге шешендігін бағалап, алдын кесіп өтпеген көрінеді. Ол туралы Қазақстанға белгілі тарихшы, ұстаз Қар­пық Егізбаев (Қарпықтың баласы, Мұхтарбек Кәрімов бүгінде Семейдегі Шәкә­рім атындағы университеттің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты) жазып кеткен, – деді.

 

Серік МАЛАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Семей