Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстандағы әзербайжан этносының мәдениеті және салт-дәстүріне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Достық үйі шаңырағында өткен Әзербайжан этномәдени бірлестігінің мәдениеті мен дәстүрлері күнімен құттықтаған ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев:
«Қазақстанда 110 мыңнан астам әзербайжандар тұрады. Олардың басым көпшілігі еліміздің оңтүстігінде – Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларын мекен етеді» дей келе, әзербайжандардың Қазақстанға қоныс аудару тарихы жайлы да айтып өтті.
Әзербайжан этносы Қазақстанда тұратын халықтардың саны бойынша 10-орында. Алматының өзінде 10 мыңға жуық әзербайжан тұрады.
«1992 жылы Қазақстанда «Тұран» тұңғыш әзербайжан мәдениет орталығы құрылған болатын. 2007 жылы «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Жалпы бүгінгі күні елімізде 32 әзербайжан этномәдени бірлестігі жұмыс атқаруда. Әзербайжан тілінде «Ватан» газеті жарық көрді. Мемлекеттік тіл мен әзербайжан тілін үйрететін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, музыка және би үйрену курстары жұмыс істейді. «Бахар» бишілер тобы, ұлттық-аспап және фольклорлық ұжымдар құрылған», деген Жансейіт Түймебаев, қызықты мәліметтерге толы баяндамасы барысында Қазақстандағы мақтан тұтар, өткен жүзжылдық пен қазіргі кезеңде танымал болған әзербайжандар жайлы айтып өтті.
«Абилфас Хамедовтың жетекшілігімен Әзербайжандар қауымдастығының мүшелері этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етіп, еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне үлес қосып отыр» деген Жансейіт Түймебаев, аталған шараның өтуіне ұйытқы болып, өз үлесін қосқан «Әзербайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовке және барлық ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Фестиваль аясында «Халықтың бірлігі – елдің күші» тақырыбында дөңгелек үстел, қолданбалы өнер көрмесі, «Кітап – халықтың жан дүниесін білудің кілті» атты кітап көрмесі, шығармашылық ұжымдардың концерті, сондай-ақ «Достық дастарқаны» атты әзербайжандардың ұлттық асханасы тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру; қазақстандық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру.