Шаховское ауылында тұратын аз қамтылған бірқатар отбасылар қажетті құжаттарды рәсімдегеніне қарамастан әлі күнге дейін атаулы әлеуметтік көмекті алмаған.
«6 бала тәрбиелеп отырмын Олардың 5-еуі кішкентай болғандықтан, жұмыс істеуге мүмкіндігім жоқ. Күйеуімнің жалақысы мардымсыз. Шілде айында өтішіміз мақұлданған. Алайда, мемлекеттен берілетін жәрдемақы қолымызға толық тиген жоқ.Тек тамыз айында 20 мың теңге ғана берілді. АӘК-тің кешіктірілу себебебін сұрағанымызда бюджетте қаржы тапшы деген жауап алдық», дейді Гүлнар Жансейітова. Осы елді мекеннің өзге де тұрғындары осындай тығырыққа кезіккен.
Қызылжар аудандық әкімдігі мамандарының түсіндіруінше жылдың басында әлеуметтік көмекке 128 отбасы жүгінген. Ал бірінші сәуірден бастап мемлекеттік қолдауға үміт артқандардың саны үш есеге дейін артқан. Яғни, жәрдемақыға мұқтаж отбасылардың қатары 379-ға жеткен. Осы себепті жергілікті қазынада қаражат жетіспеушілігі пайда болған.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ләззат Қасенованың айтуына қарағанда қосымша 60 млн. теңге бөлуге өтініш берілген. Сөйтіп Ұлттық қордан 11 млн. бағытталып, тамыз айының берешек өтелген. Республикалық бюджеттен қалған тиісті қаржы аударылса, мәселе шешіледі.
Ауданда бастапқыда атаулы әлеуметтік көмекті 400 отбасы алған. Алайда, тексерістің нәтижесінде 263 отбасы ғана жәрдемақыға мұқтаж екендігі анықталған.
Солтүстік Қазақстан облысы