• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қараша, 2019

Цифрлық комиссарлардың ұсыныстары ведомствоаралық комиссияға шығарылады

109 рет
көрсетілді

Цифрлық комиссарлар Министрліккке мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, ХҚКО және министрліктер мен ведомстволардың цифрлық жобаларына қатысты 50-ге жуық ескерту мен ұсыныс жолдады. Ұсынылған бастамалардың жартысы өз шешімін тапты. Мысалы, электрондық құжат айналымы жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты мемлекеттік қызметшілер ендігі уақытта электрондық өтініштерді жауып тастай алмайды. Азаматтардың өтінішіне қайтарылатын электрондық жауапқа шығыс нөмірі беріледі, сондай-ақ заңды тұлға басшысының ауысуы туралы мәліметтерді енгізу 3 күн ішінде жүргізілетін болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Цифрлық даму министрі кездесуде атап өткендей, цифрлық комиссарлардың басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтеріне қатысты берген ұсыныстарын ведомствоаралық комиссияларда қарау жоспарланған.

«Кейбір мәселелерді ведомствоаралық комиссияның қарауына енгіземіз, өйткені олар басқа мемлекеттік органдардың құзырына жатады. Мысалы, кейбір ата-аналар шет елде туған және туу туралы куәлікті шет елде алған  балалары үшін мемлекеттік қызметтерді ала алмайды. Бұл мәселені ВАК шеңберінде шешу қажет»,  деп атап өтті Жұмағалиев.

Министрмен кезекті кездесуге цифрлық комиссарлар проблемалық мәселелер мен ұсыныстарын әзірлеп келген екен. Негізінен, олар автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін онлайн алу, емханаларға тіркелу, кейбір е-қызметтер мен интерфейстегі кемшіліктерге қатысты болды. Министр бұлардың әрқайсысы бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуде Жұмағалиев сондай-ақ Азаматтарға арналған үкіметпен, Ішкі істер министрлігімен, «Қазпошта» АҚ және «ҰАТ» АҚ бірлесіп, автокөлікті тіркеу қызметін онлайн алуда техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді мамандандырылған ХҚКО-ға бармай, үйге жеткізіп беру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.

Келесі кездесулерде нақты салалар бойынша шешімін күткен мәселелерді тиісті министрліктер мен өкілдерді шақыра отырып, талқылау туралы шешім қабылданды.

2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қоғамның белсенді азаматтары, журналистер мен блогерлер қатарынан «Цифрлық комиссарлар» деп аталатын арнайы топ  құрылғанын естеріңізге салып өткіміз келеді. Цифрлық комиссарлар тәуелсіз бақылаушы ретінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан мемлекеттік органдардың жобалары мен бастамаларына қоғамдық негізде  мониторинг жүргізеді.