Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандарымен кездесті.
Тыныштықбек ақынның сонау Семей шаһарында жатып-ақ өлеңсүйер қауымды елеңдететін қасиеті бар. Оның себебі, көп жазып, көп ізденетін ақынның ойлау жүйесінің өзгешелігінде болса керек. Екінші мыңжылдықтың бастала қалған шағында тұңғыш шыққан «Ақшам хаттары» кітабының қолдан-қолға тимей оқылғанына куәгерміз. Қазіргі интернет жүйесі дамыған шақта ақынның шығармашылығы да, өзі де көз алдымызда деуге болады. Ақынның ара-тұра оқырмандарымен сырласып, хат жазатыны да бар. «Интернқазаққа хат» жазбасы соның дәлелі. «Қас сақ аңқымасы» кітабының мазмұны негізінде жазылған хатта ақын «аңқыма», «мүңкіме» ұғымдары арқылы көшпелілік пен отырықшылықтың айырмашылығын көрсетіп, қазақ дүниетанымының артықшылығын әңгіме өзегіне айналдырған. Кешегі академиялық кітапханада өткен кездесу кешінде де Тыныштықбек Әбдікәкімұлы оқырмандарымен өзі ширек ғасырдан бері ізденген ежелгі ұғымдарымыз төңірегінде пікір бөлісті. Оқырмандарының сұрақтарына барынша нақты жауап берді. Ширек ғасырға жуық ізденіп, жазған дүниесінің он том кітап болатынын, әзірге қолжазба күйінде тұрғанын, сәтін салса алдағы жылы үш томы жарыққа шығатынын мәлімдеді.
Кеш барысында елордалық студент жастар ақынның өлеңдерін оқыды. Белгілі дәстүрлі әнші Клара Төленбаева, күйші Қайрат Айтбаев сынды өнерлі жастар ақын ағаларына құрмет көрсетіп, кештің қонағы болды, ән-күймен кештің әрін кіргізді. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.