2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап шетелдік банктер Қазақстанда өз филиалдарын аша алады, ал бұл несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге ықпал етпек. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
«2020 жылдың желтоқсанынан шетелдік банктерге тікелей филиалдарын ашуға рұқсат етіледі. Құнды қағаздар нарығы бойынша тікелей филиал ашуға тыйым салынған. Олар еншілес ұйым құру арқылы жұмыс істеуі тиіс. Нарыққа қатысушылар алаңының кеңеюі тариф пен комиссиялардың азаюын, шарттардың жақсаруын, болашақта пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін білдіреді», деді Е.Досаев.
ҰБ төрағасының айтуынша, қазақстандық банктер шетелдік қаржы ұйымдарымен бәсекеге дайын.
Досаев көрші Ресей мен Қытайдың, Пәкістанның ірі банктерінің филиалдары елімізде бұрыннан жұмыс істейтінін атап өтті. Мұндай шарттар еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі туралы келісім-шартында қарастырылған. Филиалдың еншілес банктен айырмашылығы, ол бас офистің барлық ресурстарына қолжетімділік береді, яғни шетелдік қарыз берушілер шығыны көп жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ете алады.
Өткен жылы реттеуші банк екінші деңгейдегі шетелдік банктерге барлығы бес талап қоятынын айтқан. Қазақстанда филиал ашуға ниет білдірген иегер банк өзінің қадағалаушы органының лицензиясына және $20 млрд-тан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті. Сонымен бірге шетелдік банктердің филиалдары өздері орналасқан елдердегі қаржы секторының тиімділігін арттырады, шетелдік тікелей инвестициялардың тартылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне септігін тигізеді.
Мамандар қаржы саласындағы шетелдік ірі ойыншылардың келуі екіталай екенін айтады. Банктердің стратегиясы жағрафиялық экспансияға емес, ауыспалы нарық жағдайындағы дамуға бағытталған. Қазіргі таңда олардың көпшілігінің негізгі мақсат – тұңғиыққа батып кетпей, тез өзгеріп жатқан ахуалдар жағдайында өміршеңдікті сақтап, технологиялар мен инновацияларды дамытуда қаржылай техникалық компаниялардан қалып қоймау. Мысалы, қаржыгер Бейсенбек Зиябеков шетелдік банктер басқа елге көптен бері жұмыс істеп келе жатқан корпоративтік клиенттің соңынан еріп келетінін айтады. Бұл банкке де, клиентке де ыңғайлы. Осының артынан банктер бөлшек бизнесті де дамыта бастайды.
«Қазіргі таңда нарықта жұмыс істеп жатқан шетелдік банктердің жеткілікті деңгейде табысты дамып жатқанын көріп отырмыз, десек те олар қазақстандық ұйымдарға қарағанда, неғұрлым жоғары нәтиже көрсетіп отырған жоқ. Шетелдік филиалдардың ашылуынан бәсекелестікке төніп тұрған қауіп-қатерді көріп отырған жоқпыз», дейді Бейсенбек Зиябеков.
Қаржыгер Ерлан Ибрагим шетелдік банктер Қазақстанға әлдеқашан кіріп алғанын және олар лицензияларына сәйкес жұмыс істей алатынын айтады. Олар 2019 жылдан бастап ДСҰ-мен арадағы келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен беретін мүмкіндікке ие болады.
«Әзірге тікелей қауіпті көріп отырған жоқпын. Біздің Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыздың өздері халықаралық нарыққа шығып жатыр. Шетелдік банктер әлдеқашан келген. Шынын айтсам, ДСҰ біз үшін үлкен сын емес. Банк қызметтерін өсіру мен оларды дәріптеуде елеулі әлеуеттің болуына байланысты Қазақстан нарығы шетелдік банктерге үлкен қызығушылық тудыруда. Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға интеграциялануының жалғасуы мұнда шетелдік банктерге өз филиалдарының желісі арқылы тікелей жұмыс істеуге мүмкіндіктер ашады, бұл олардың қызығушылығын тудырып отыр», дейді Ерлан Ибрагим.
Сарапшылар банк секторы алғашқы сәттен бастап өзгереді деп үміттенуге болмайтынын айтып отыр. Және шетелдік банктерге қандай да бір артықшылықтар берілмейді. Мұны Ұлттық банк анық айтып отыр. «Шетелдік банкке теңге түріндегі депозиттік база қажет болады. Ол үшін алдымен нарықтан теңге жинау қажет, тек содан кейін, несие беруге болады. Доллар займдарын беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселе Ұлттық банкті шындап ойландыру тиіс», дейді Ерлан Ибрагим.