Азуын айға білеген ағайынды Арлан мен Шамай батырлардың айбыны асып тұрған кез еді деседі. Атбасар төңірегін жайлаған қос батырдың ет жақын туысы Байқадам дейтін азамат қоғадай қалың қозған руының бұлықси бой жетіп отырған бір қызын алып қашады. Арада құдалық туралы әңгіме болмаса керек. Тіпті бойжеткенмен уәде де байласпаған. Бұл әрекетті қыз жағы басыну, тізе батыру деп ұқса керек.
Байқадамның ойы қалай болғанын кім білсін, әйтеуір, түксиген қабақтан, түнерген қайын жұрттан айылын жинай қоймайды. Бір жағы ақырып сөйлейтін Арлан мен Шамайға арқа сүйесе керек қой. Намыс қысқан қыз жағы күйеу балаға қап бәлем деп есе қайырар сәтті сабырсыздана күтіп жүрсе керек.
Қыз алып қашу оқиғасынан кейін жарты жыл өтеді. Өкпе тарап, ел сабасына түсті-ау деген кезде Байқадам келіншегін төркіндетіп қайтпақшы болады. Төркін жұртының қаһарға мініп отырғанын іші сезген Асылтас күйеуіне:
– Осы жолы сапарға шықпай-ақ қояйықшы. Бірдеңеге ұрынып қалып жүрерміз, – деп сақтық ойлайды.
Байқадамның арқа сүйегені ағайынды батырлар болғанымен, қыз жағы да оңай-оспақ адамдар емес. Олар да өркөкірек, намысын ешкімге жібермейтін азаматтар болса керек. Бірақ ол заманда әйелдің тілін кім алған. Өзі Байқадам болса, өзі батыр шора жан болса, тірегі мықты, тілегі де мол уақытта әдейі қамданып, ел-жұртты құлақтандырып қойған сапарынан іркілейін деп тұр ма?!
Ат шапан айыбын алып, жолға түседі. Бұл сапар Байқадамның соңғы сапары екен. Әуел баста құшақ жайып қарсы алған сыңайлы. Іштегі ойды аңғартпаған. Қуанған кейіпте. Жарқыратып ту бие сояды. Әне-міне дегенше табақ-табақ ет келеді. Бой-бой мүшелер, жеңді білектей қос қазы. Әңгіме жарасқандай. Аузы асқа тиіп, бойдағы күдігі тарап, қамсыз отырған Байқадамның ту сыртынан қыз ағасы қабырғаны бойлата сапы салады.
Сөйтіп жаңа ғана төрт құбыласы тең болып отырған Байқадам қаны сорғалап киіз үйден әрең шықса керек. Қайыра жабылуға қанша қаһарлы болса да қайын жұрты батпаған. Белдеуде тұрған ақбоздың жалына қолы жетті дейді. Жылқы жарықтық жершіл емес пе, иесінің күйін сезді ме, сезбеді ме, ол жағын кім білсін, әйтеуір, табан жолынан ауытқымай ел шетіне іліктірген. Ақбоз аттың сауырын қанға бояп жалғыз келген Байқадамды тәмам ел қоршап алған. Жағдайын айтуға қуат жоқ. Өкініш өзегін өртеп барады. Әйелінің айтқанын бекер тыңдамаған екен. Тыңдаса мұндай көлденең кеселге ұрынбас еді ғой. Еңсесін сәл-пәл көтеріп таралғыны үзіп жіберердей шіреніп тұрып әуелі оң бармағын қыршып алған. Буынынан үзіліп түскен бармақты іліп алып лақтырды дейді. Онда да өкініш бойдан тарамаған. Соңғы жан-дәрменмен сол қолдың бас бармағын шайнап үзген.
Міне, Байқадамның осы опық жеп, опат болған оқиғасынан кейін бұл жер Қосбармақ деп аталады. Шоқ жұлдыздай шағын ғана ауыл да осы тарихи оқиғаға байланысты Қосбармақ атауын иеленген.
Атбасардан оңтүстікке қарай жүрсеңіз, шамамен 110 шақырым жерде Сочинский елді мекені кездеседі. Бұл жерде оймақтай көлдер көп. Шұңқыркөл, Шортанбай, Жіңішке ат, атақтысы – Әупілдек. Ел аузында Алаштың ақиық ақыны – Сәкен Сейфуллин зәуі бір себеппен Тоқтауыл еліне жолы түсіпті деседі. Халық қол қусырып қарсы алған. Ат тұяғы жететін жердің әнші-жыршысы тегіс жиналған.
– Сол әдемі отырыста Дәмеш есімді әнші қыз «Әупілдекті» әлденеше рет шырқайды. Ән Сәкенге ұнап қалады. Дәмешті жанына шақырып алып, тағы да көп ән айтқызады. Кейін халық әніне айналып кеткен «Әупілдек» әуел баста Дәмештің әні деген дерек бар. Алтай руының Дайрабай деген байының әлпештеп бағып отырған қызы, осы Дәмеш Тоқтауыл жұртына ұзатылған екен. Көңілі қаламаса да. Қыз лебізі зар болып төгіледі.
Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,
Мінекей он алтыға жаңа жеттім.
Айырған қос ғашықты еңіретіп,
Ісіне шара бар ма құдіреттің, – демей ме. Ән мәтінінен қайран да қайран көңілдің қайғысы мен мұңы, айықпас зары сезіледі. Мұндай сөзді шын сүйгендер ғана айта алса керек, – дейді Атбасар тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Темірбек Қасымжанов.
Кейін махаббат мұңы меңдеген келіншек құсадан қайтыпты. Артында қалған белгісі осы ән.
Атбасардан Қимаға көктей өтетін күре жолдың бойында қозыкөш жерден көзіңе шалынатын жолбарыс жонды Киікбай адыры бар. Есте жоқ ескі кезеңнен жоғалмай жеткен әр қилы аңызда Киікбай батыр шамамен 1693 жылы туып, 1741 жылы өмірден өткен делінеді. Құба қалмақпен қидаласқан заманда ел қорғаны болған жан екен. Бір жойқын соғыста он сан ойрат басым түседі. Қазақтар жағы батысқа ығысады. Міне, осы кезде жолбарыс жүректі Киікбай батыр тарыдай шашылған ағайынның басын қосып, қарақұрым қол жасақтап, ойратқа оңдырмай соққы берсе керек. Соңғы соғысы да сол екен. Қапыда мерт болыпты. Батырдың сүйегі Атбасар қаласынан он бес шақырымдай жерде адыр үстінде жатыр. Тіршілігінде ел мен жер үшін жан алып, жан беріскен қияпат шайқастарда қол бастап, әрдайым биіктен табылған батыр бұл күнде де өзінің биігінде.
Жалпақ даладағы адыр жел мен бораннан қорған. Төбе үстінде тәмам елге көз салған батыр бейнесі әлі де табиғаттың тосын мінезінен қорғап жатқандай.
– Бір қызығы бұл жерде екі Киікбай жатыр, – дейді Темірбек Қасымжанов, – бір кезде атбасарлық жанашыр ағайын дерегін дәл баспай, басқа біреудің қабіріне бейіт тұрғызыпты.
Айтса айтқандай екен, ниет оң болғанымен, қолдағы дерек қасаң. Ел тарихын жадына жаттаған жанның үзілген шағы. Дәл қазір өлке тарихын білетін адам жоқтың қасы. Қалай болғанда да Атбасар төңірегіндегі ағайын батырдың бейітін іздеген. Өздерінше құрмет көрсетпекші болған. Иманды, оң шаруа. Ол үшін ешкімді кінәлай алмасақ керек. Бар істен халықтың батырлықты, ерлікті бағалайтындығы көрініп-ақ тұр. Ал қателесу қиын емес. Адырлы, биік жердің көбінде белгісіз мола көп. Бір кезде болған-ақ шығар. Бірақ уақыт өшірген. Ендігісі көңілдің нобайы, соқыр сенімнің сілтеуі. Алғашқы белгі таста былай деп жазылған: «Бұл жерде XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығынан елі мен жерін қорғаған Киікбай батырдың мүрдесі жерленген. Белгі қоюшы атбасарлық азаматтар. 1995 ж». Алғашқы ауытқу аз болғандай атажұртқа қоныс аударған ағайындар да «Байқараұлы Киікбай. Руы Керей. 1690-1741жж. Асаубай немерелері» деп тастан белгі қойыпты. Ал келесі қыраттың басында тағы бір көне моланың қалдығы көзге шалынады. Бұл жерде де ескерткіш бар. Онда «Киікбай батыр Байдәулет баласы. Руы Жырық. Белгі қоюшы Мұхамбед баласы, Әбдіхалық балалары. 2009 ж.» деп жазылған. Соңғысының нобайы дұрыс тәрізді. 1978 жылы В.Иванов дейтін фотосуретші осы кесенені суретке түсірген екен. Жергілікті өлкетанушы Клара Әмірқызы «Қиылған ғұмыр» жинағында адыр үстіндегі жалғыз зираттың жайын сипаттай келе, оның қалай салынғандығына, құрылысқа қандай заттар пайдаланғанына назар аударады. Кесененің Қазақстанның басқа жерлерінде жиі кездесетін күмбезді тамдарға ұқсамайтындығын айтады.
Қалай болған күнде де ел қамын жеген көзсіз ер, басқыншы жауға қарсы елді біріктіріп қол бастаған Киікбай батырдың ғұмыр сүргені анық. Жай ғана ғұмыр емес, ерлікке толы, өнегелі ғұмыр. Осы адырдың үстінде жер бесіктің құндағына бөленген. Топырақ өзі қорғаған өлкеден бұйырған. Тағдырдың маңдайына жазуы да.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы