Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұрған осы жәдігер келушілердің назарын өзіне тартады. Теріден жасалған «шәйнектің» сырын бізге музей меңгерушісі, өлкетанушы Тілеген Қалиев айтып берді.
– Бие саууға арналып шикі теріден жасалған бұл ыдыстың атауы – көнек. Бие сауғанда бауын білекке іліп, түбін тіземен тіреп тұрады. Көнек өте жеңіл, әрі металл ыдыс сияқты даңғырлап дыбыс шығармайды. Бие шошымай, тітіркенбей, еркін иіп, сүтті мол береді, – дейді Тілеген Кенжетайұлы.
Көн теріден жасалған ыдыстың көне қазақ тұрмысында кең қолданылғанын «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген мақал, «көнектей болып ісіп кетті» деген анықтауыш сөздер де дәлелдеп тұр.
Бір қызығы, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Көнеккеткен деген үлкен ауыл бар. Ол – «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тарихында ізі қалған, 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетін басқарған қоғам қайраткері Ораз Исаевтың туған жері. Жайық өзенінің жағасында орналасқан елдімекеннің атауы да дәл осы көнекке байланысты шыққан екен.
Рас, қазір бұл көнек Шыңғырлауда музей жәдігері ғана болып тұр. Дегенмен, Ақ Жайық өңірінде ұлттық дәстүрді, көне тұрмыс куәгерлерін тірілтуді ойлап жүрген замандастар да аз емес екен. Мысалы, Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі Айдана Қадырғалиева «Тері өңдеу және одан бұйым жасау» атты сабақ өткізіп, оқушыларға тері өңдеп, одан торсық, көнек, т.б. бұйым жасау туралы түсінік берген. Ал Орал қаласының іргесінде соңғы жылдары бие байлап, шаһар тұрғындарын саумал мен қымызға қарық қылған Ақылбек пен Ақмоншақ Ишановтар шаруашылығы жанынан шағын этноауыл жасауды жоспарлап отыр. Тері өңдеп, ат әбзелдерін өзі жасай беретін Ақылбек болашақта көнек секілді көне ыдысты да қолға алуды ойлайды. Мүмкін ол этноауылдың атауы «Көнеккелген» болып қалуы да мүмкін.
Батыс Қазақстан облысы