Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Қоғамның басты талабы – сапалы және қолжетімді медициналық қызмет, білім мен қоғамдық қауіпсіздік. Біз осыларды қамтамасыз етуге тиіспіз. Адам өмірін ақшамен өлшеуге болмайды. Қаланың көлік инфрақұрылымы қозғалыстың барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайларды жасауы қажет», деді кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев.
Басқосуда қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне басымдық бере отырып, Алматы полициясының жұмысын қайта құру мәселесі кеңінен сөз болды. Учаскелік инспекторлар, патрульдер қала тұрғындары мен қонақтарына кез келген жағдайда көмек көрсетуге тиіс. Ішкі істер министрі полицияның жедел басқару орталығын модернизациялау және ЖБО-да видеобақылау жүйесін интеграциялау жоспарлары туралы айтып, алып мегаполистегі жол оқиғалары ерекше назар аударуды қажет ететіндігін алға тартты. Соңғы мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Алматыда 4 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Біз қазіргі кезде халық саны мен автомобиль трафигінің көп болуына қарамастан пәрменді шараларды қолдана отырып, жолдардағы апаттар мен өлім-жітімді күрт азайтқан шетелдің тәжірибесін белсенді түрде үйренудеміз», деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Қала әкімдігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, оның ішінде заманауи мегаполистердің озық тәжірибесін пайдалана отырып, жол инфрақұрылымын қайта құру жөнінде полицияның бастамаларын қолдайтын болады. Бұлар – «вафельді» белгілер, жолақтар бойынша бұрылыстардағы қозғалыстардың нүктелері, қосымша бағдаршамдар және магистральды көшелердегі бөлгіш қоршаулар. Шаһар басшысы қалалық мобильділік басқармасына бұл мәселені полиция департаментімен бірлесе шешуді тапсырды.
Таңның атысынан күннің батысына дейін көлік нөпірі толастамайтын алып мегаполис көшелеріне қойылған «Сергек» бейнебақылау құрылғыларын қолдану өз тиімділігін көрсеткен. Полиция департаменті өкілдерінің пікірінше, мұндай бекеттердің көп болуы көлік жүргізушілерін тәртіпке шақырады. Айыппұл төлеу кезіндегі адами факторлар жойылып, тәртіп бұзушылық автоматты түрде бірден мәліметтер базасына түседі және көлік иесіне жіберіледі. Бұл камералар жол-көлік оқиғаларын азайтуға да септігін тигізген.